Вакцина салу шариғат заңына сәйкес – алматылық дінтанушы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Дінтанушы, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Алмасбек Шағырбай діндарларға вакциналану туралы қауесеттер мен болжамдардың әсер ететінін айтты. 

Оның айтуынша, вакцинаға қарсылар адам ағзасына кез келген екпе салуды төзгісіз санайды. Бұл, әрине теріс пікір. Ол діндарларды вакциналануға қатысты жалған ақпараттан сақ болса дейді.

Исламда адам өмірі мен денсаулығынан жоғары құндылық жоқ деген пәтуа бар. Сондықтан әркім өз денсаулығына ерекше назар аударуы керек. Алла Тағала адамның өзіне сақтануды бұйырады. «Сақтансаң – сақтаймын» деген нақыл осыны білдіреді, - дейді дінтанушы.

Алмасбек Шағырбай мұсылман ғалымдардың, егер адам өлім мен өмір арасында тұрса, оны ажалдан құтқару үшін кейде тыйым салынған әрекеттерге де баруға болады деген қағидаларын еске салды. Өйткені, мұндағы басты мақсат – адам өмірін сақтап қалу.

Вакцинада діни тұрғыдан тыйым салынған ештеңе жоқ. Оны халал немесе харам деп бөлу дұрыс емес, - деді Шағырбай.
Алматылық сарапшы діндарларды теріс қауесетке сенбеуге, тек медициналық мамандар берген әрі расталған ақпаратты зерделеуге шақырды.

Алмасбек Шағырбайдың айтуынша, коронавирустық инфекциядан қорғану үшін денсаулықты сақтау, витаминдерді қабылдау және екпе алу қажет.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы