Вакцина салдырғысы келетіндер көбейді – дәрігер
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Вакцинация алғаннан кейінгі жағдайы жайлы Қарағанды қаласындағы КММ №4 емханасының атқарушы директоры Татьяна Мұстафина айтып берді.
Қазіргі уақытта вакцинацияның әлемді сарсаңға салған пандемияны тоқтатудың жалғыз жолы екендігі даусыз. Ол бізге карантинге дейінгі өмірімізге қайта оралуымызға көмектеседі. Басқа елдерде вакцинация өте жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Аурудың таралуы бәсеңдеп, өлім-жітім деңгейі төмендеген, - деді ол.
Дәрігердің айтуынша, елімізде қолданылып жатқан ресейлік «Sputnik V» вакцинасы аденовирустар негізінде тікенді қабық ақуызын адам жасушаларына жеткізу арқылы коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастырады.
Бірақ вакцина салғаннан кейін дене қызуы көтеріліп, қалтырау, әлсіздік сияқты белгілер пайда болуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. 3 ақпан күні мен де өзіме вакцина салғыздым. Ешқандай кері әсерлер болған жоқ. Екпе егу барысында ауыртпалық сезінбедім. 24 ақпан күні екінші вакцина салдыру жайлы SMS хабарлама алдым. Емхана қызметкерлерінің көбі ерікті түрде екпе салдырды. Оларда да кері әсерлер байқалмады, - дейді ол.
Татьяна Бегімбайқызы Қарағанды облысы бойынша жүздеген қызметкер вакцина салдырып үлгергенін айтты.
Ешкім ауруханаға жатқызылмаған, барлығының жағдайы жақсы. Айта кететіні, қазір вакцина салдырғысы келетін жандардың саны өсуде. Бірақ вакцинация кезең-кезеңмен жүргізіледі. Мысалы, сәуір-мамыр айларында созылмалы аурулары бар жандарға екпе егу басталады, - деді емхана директоры.