Вакцина алмағандар қауіп аймағында тұр
Алматы, BAQ.KZ. Алматыда эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз, оны Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының мәліметтері дәлелдейді. Қазір күніне 500-ден астам КВИ инфекциясы тіркелуде.
Алматының СЭБД мәліметі бойынша, коронавирустың симптомды тасымалдаушыларының үлесі жұқтырғандар санының 95%-ын құрайды. Инфекциялық стационарларда 2775 науқас бар, оның 109-ы бала. Орташа ауырлық дәрежесідегі науқастар - 1480 адам, ауыр жағдайдағы - 1183, өте ауыр жағдайда - 112, жансақтау бөліміндегілер - 266. Тағы 5723 науқас телемедицина орталығы қызметкерлерінің бақылауымен үйде емделуде.
Вакцина алмаған тұрғындар қауіп аймағында тұр. Сондықтан COVID-19-ға қарсы профилактикалық вакцинаны алу қажет. Әсіресе 60 жастан асқан тұрғындардың алғаны жөн. Өйткені олардың арасында дерт жұқтырғандар 12%-ды құрайды. 20-39 жас аралығындары қала тұрғындары да қауіп аймағында. Осы санаттағы дерт жұқтырғандар 28%-ға жетті. 45-50 жас аралығында КВИ жұқтырғандар саны 24%-дан астам, - делінген хабарламада.
Пандемия кезінде жеке қорғаныс шараларын сақтау маңызды, әсіресе адамдар көп жиналатын жерлерде, жабық бөлмелерде, бетперде тағу қажет. Эпидемиологиялық зерттеулер бойынша Алматыда дерт жұқтыратын негізгі орындар: отбасылық байланыс - 20,1%, сауда объектілері - 20,8%, оның ішінде базарлар - 9,1%, қоғамдық көліктер - 19,7%.
Жұқпалы аурулардың басталу маусымының алдында Алматы тұрғындары коронавирусқа қарсы вакцина алуы тиіс. Елдегі вакциналар жақсы зерттеуден өткен.
Бірінші компонентпен 928 946 алматылық, екіншісін - 820 220 адам салдырған. Оның ішінде 60 жастан асқандар - 116 677 адам. Мегаполисте вакцинаны 160 екпе пунктінің бірінен алуға болады.
Алматы эпидемиологтарының мәліметі бойынша 20 қыркүйекте халықтың иммундық қабаты ресми санның шамамен 48,6%-ын құрайды. Вакцинаның екі компонентін алғандар 41,4%-ды, ал жыл басынан бері дерттен сауыққандар 7,2%-ды құрайды.