ВАК бірқатар нысанға демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. 

Онда санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және жұмыс күндері келушілердің ағынын азайту мақсатында демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беру туралы шешім қабылданды: 

  • сұлулық салондарына, шаштараздарға, косметикалық қызмет көрсететін объектілерге (infokazakhstan.kz порталында тіркелу, алдын ала жазылу бойынша 1 келушіге  4 ш. м.); 

  • фитнес-орталықтарына, спорттық-сауықтыру орталықтарына, тренажер залдарына, спорт кешендеріне, СПА-салондарға, сауналарға, бассейндерге (infokazakhstan.kz порталында тіркелу, толымдылығы 30% аспайтын, бірақ 50 адамнан артық емес, алдын ала жазылу, маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтау); 

  • діни нысандарға (жеке, ұжымдық іс-шаралар өткізбей).

Мемлекеттік органдармен, «Атамекен» ҰКП және отандық тауар өндірушілермен талқылаудың қорытындысы бойынша бір рет қолданылатын медициналық маскалардың шекті бөлшек саудадағы бағасы 80 теңгеден 60 теңгеге дейін, яғни 25%-ға төмендетілді. Сондай-ақ үшінші тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалғандарға 2020 жылдың 4 тоқсанында мемлекеттік инстанцияларға жүгінбей, оны автоматты түрде ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл шара мемлекеттік органдарда адамдардың жаппай жиналуын болдырмау арқылы азаматтардың коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары басқа да бірқатар тапсырма берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы