Бүгiн 2026, 12:44 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда жүк вагондары мен локомотивтердің 50%-ы тозған

Бастама жолаушылар және жүк вагондары мен локомотивтер паркін жаңарту қарқынын жеделдетуге бағытталған.

Өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында отандық вагон және локомотив өндірушілерді қолдау шараларын кеңейтуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Премьер-министр Олжас Бектеновке қарата сөйлеген сөзінде жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары отандық машина жасау саласын дамытумен тығыз байланыста жүзеге асырылуы қажет екенін атап өтті. Бұл өндірістік қуаттарды қатар арттырып, теміржол паркін кезең-кезеңімен жаңартуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты:

жылжымалы құрамды отандық өндірушілерден басымдықпен сатып алу тетіктерін пысықтау;

қазіргі уақытта «ҚТЖ»-ның отандық өндірушілерден вагондар мен жартылай вагондар сатып алуына бөлінетін пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қарастырылған қаражат көлемі қолданыстағы қажеттіліктен едәуір төмен;

осыған байланысты аталған мақсаттарға жеткілікті қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесін қарастыру қажет;

жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарының тұрақты жүктемесін және отандық кәсіпорындар өнімдеріне болжамды сұранысты қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндігін пысықтау қажет, – деді министр.

Жалпы, оның айтуынша, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, вагондар паркінің тозу деңгейі әлі де жоғары болып отыр.

Қазіргі кезде жүк вагондары паркінің тозу деңгейі 54%-ды, локомотивтердің тозуы 52%-ды, ал жолаушылар вагондарының тозуы 42%-ды құрайды.