Вагондар құлаған Ертіс өзенінде мырыш пен мыстың көп мөлшері анықталды – ШҚО

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО-да шлак мен кенді тасымалдаған 18 вагон рельстен шыққан жердегі су сынамасының химиялық талдау нәтижелері белгілі болды, деп хабарлайды altaynews.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 3 сәуір күні Өскемен-Күмістау теміржол көпірінде шлак пен кен тиеген 18 вагон рельстен шығып, 6 вагон Ертіске құлаған болатын. Экология департаментінің мамандары оқиға орнында, сондай-ақ одан шамамен 500 метр жоғары және 200-500 метр төмен ағыс бойынша Ертіс өзенінен ауыр металдардың (мыс, мырыш, қорғасын, марганец) құрамына химиялық талдау жүргізу үшін су сынамаларын алған еді.

Талдау нәтижелері бойынша вагондар шыққан жердегі іріктелген су сынамасында мырыштың шекті рұқсат етілген концентрациясының 1,3 есе артқаны анықталды. Сондай-ақ осы сынамада және ағыс бойынша төмен іріктеп алынған сынамада жоғары іріктеп алынған сынамамен салыстырғанда мыс концентрациясының тиісінше 1,5 және 1,3 есе жоғарылауы байқалады, - дейді ШҚО экология департаментінің баспасөз қызметі.

Аталмыш жағдайдың су объектісіне әсерін бақылау үшін экология департаменті «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалымен бірлесіп тексеру жұмыстары аяқталғанға дейін апта сайын осы аумақтағы Ертіс өзенінің беткі суларына мониторинг жүргізетін болады.

Сонымен қатар облыс бойынша көлік прокуратурасының ұсынысымен "ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ – "Семей филиалы" МКҚК-ға қатысты жоспардан тыс экологиялық аудит тағайындалып, оның қорытындысы бойынша арнайы шаралар қабылданады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы