"В лесу родилась ёлочка" әнінің тарихын білесіз бе?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бәріміз бала кезден бері айтып жүрген "В лесу родилась ёлочка" әні – жаңажылдық әндердің ішіндегі ең танымалы. Бұл ән "Русский репортёр" журналының 2015 жылы жасаған зерттеулері нәтижесінде ғасырдың ең танымал әндерінің бірі ретінде танылды.
Халық жатқа білетін осы әннің шығу тарихы қандай, сол туралы айтсақ.
Ең алдымен, 1903 жылы Раиса Кудашева "Ёлка" тақпағын "Малютка" журналында жариялайды. Ешкім елемеген, қатардағы тақпақтардың бірі болады. 2 жылдан кейін әуесқой композитор Леонид Бекман кішкентай қызының туған күнінде өлеңді ән қылып айтып береді. Бекманның әйеліне ән ұнап, оны өзі бірден нотаға түсіреді. Сөйтіп, ән халық арасында кең таралып, Жаңа жылдың "ресми емес" әнұранына айналады.
Әннің сөзін жазған авторға байланысты халық арасында мынандай қызық оқиға бар:
Бір күні Максим Горькийдің кабинетіне бір қарт әйел кіріп, "Жазушылар ұйымына" мүше болғысы келетінін айтады. Горький оның не жазғанын сұрағанда, әйел:
Балаларға арналған тақпақ, - деп жауап береді.
Максим Горький:
Бұл ұйымға танымал романдары бар жазушылар ғана мүше бола алады, - дейді.
Жоқ болса, жоқ, - деп шығып кете береді әйел.
Сосын қайтып келеді де:
Сіз "В лесу родилась ёлочка, в лесу она росла, зимой и летом стройная, зелёная была" деп басталатын әнді білесіз бе?, - деп сұрайды.
Ол "әрине" дейді.
"Сол өлеңді мен жаздым" дегенде, Горький бірден Кудашеваны Жазушылар одағына қабылдапты.