17 Қазан 2026, 19:16 Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

V Азия Пара ойындары қарсаңында Жапонияда Қазақстанның туы көтерілді

Қазақстанды V Азия Пара ойындарында 150 спортшы таныстырады. Жарыс 18–24 қазан аралығында Жапонияда өтеді.

Жапонияда V Азия Пара ойындары қарсаңында ұлттық делегацияларды қарсы алу рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында қатысушы елдердің тулары көтеріліп, мемлекеттік әнұрандары орындалды.

Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мәлімдеді.

Салтанатты шара аясында спорт делегацияларының өкілдері бір-біріне естелік сыйлықтар табыстады. Қонақтарға Жапонияның дәстүрлері мен ұлттық мұрасына арналған мәдени бағдарлама да ұсынылды.

Рәсімге қатысушыларға алдағы жарыстың ресми бойтұмары мен символикасы таныстырылды. V Азия Пара ойындарының бойтұмары – Узумин (Uzumin). Оның атауы жапон тіліндегі «uzu» – «иірім» және «izumi» – «бұлақ» сөздерінен құралған. Бұл кейіпкер суды бейнелейді және табандылықты, алға ұмтылуды әрі үздіксіз дамуды білдіреді.

Ойындардың «IMAGINE ONE HEART» («Бір жүректі елестетейік») деген ұраны бірлік, өзара түсіністік пен қолдау идеяларын дәріптейді. Сонымен қатар спорт арқылы теңдік пен инклюзия қағидаттарын насихаттауға бағытталған.

Қазақстан атынан жарысқа спорттың 12 түрі бойынша 150 спортшы қатысады.

V Азия Пара ойындары 2026 жылғы 18–24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Ал алғашқы жарыстар 16 қазанда пара үстел теннисінен басталды.

Ойындардың ресми ашылу салтанаты 18 қазанда Нагоя қаласындағы «Мидзухо» жеңіл атлетика стадионында өтеді.

Ұлттық делегациялардың шеруі кезінде Қазақстанның Мемлекеттік туын пара жеңіл атлетикадан Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионы Аяла Мереке алып шығады.