Үзіліс кезінде болған: Таразда 10-сынып оқушысы соққыдан көзінен айырылды
Полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
Тараз қаласындағы гимназиялардың бірінде үзіліс кезінде 10-сынып оқушысын соққыға жыққан. Жасөспірім отадан өтіп, туыстарының айтуынша, ауыр жағдайда жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ КТК-ға сілтеме жасап.
Жасөспірімнің анасының айтуынша, дәрігерлер оның "көзін бөлшектеп қайта жинағандарын" айтқан.
Кем дегенде, орган ретінде сақталып тұрсын деді. Дәрігерлердің айтуынша, алдағы 10 күн өте маңызды: "Инфекция миға жетпесін деп дұға етіңіздер" деді. Бала миы шайқалып, контузия алған. Көзі ағып кеткен, көз түбі толықтай зақымданған, – дейді зардап шеккен оқушының анасы Зухра Каримова.
Оқиға сабақ арасында, ұлдарға арналған киім ауыстыратын бөлмеде болған. 15 жастағы Дамирді ол жерге 9-сынып оқушылары алдап кіргізген деген болжам бар.
Бақылау камерасына түскен кадрлардан әңгіме бірден төбелеске ұласқанын көруге болады. Зардап шеккеннің досы көмектеспек болғанын, бірақ оны ұстап тұрғанын айтқан. Сол сәтте Дамирдің басынан соққылаған. Осыдан кейін ол өздігінен киім ауыстыратын бөлмеден шыға алған.
Жасөспірім көзінен ауыр жарақат алып, ота жасатқан. Қазір ол көп нәрсені есіне түсіре алмайды. Анасына оның шабуылдаушылардың қолында темірге ұқсас затты көргенін айтқан.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Бұл факт бойынша “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті ұсталып, оны уақытша ұстау изоляторына қамау шаралары қабылдануда, – деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті.