Үздіктер тәрбиелейтін ұя
Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Алматы қаласындағы Кәркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің спортшылары биыл айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спорт мектебінің жетістіктерімен мекеме директоры Ернар Таласбекұлы бөлісті.
- Биылғы жыл пандемиядан кейін халықаралық деңгейде барыс-келіс, аралас-құралас көбейгені анық. Оның бір көрінісі жыл басынан бері ірілі-ұсақты әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстардың бірнен соң бірі өтіп жатқандығы. Өзіңіз басқаратын спорт орталығы да бұл жарыстардан шет қалмай, тіпті жүлделі оралып жатқанын естіп жатырмыз.
- Иә, өткен екі жыл біз ғана емес, әлемге оңай тимегені белгілі. Десе де, уақыт бір орнында тұрмайды, барлық қиындықтар артта қалды деген ойдамыз.
Дұрыс айтасыз, жыл басынан бері мектебіміздің оқушылары әлемдігі бар, халықаралығы бар біраз сайысқа қатысып қайтты. Солардың ішінде ең шоқтығы биігі жақында ғана Түркияның Конья қаласында жалауын желбіреткен Ислам ынтымақтастық ойындары деуге болады. Осы сайыста мектебіміздің мақтанышы, кең тынысты жүзгіш Даниела Дю 3 медаль жеңіп алды. Оның бірі – күміс, екеуі – қола.
Әрине, біз Даниеланың жетістігімен ғана шектеліп қалмаймыз, биыл еркін күрес бөлімінің балуандары да Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсетті. Ағайынды Бекасыл мен Нұрасыл Асамбектер мектебіміз ғана емес, еліміздің мәртебесін көтерді десек артық айтқандығымыз емес.
Мысалы Бекасыл Асамбек Бахрейн астанасы Манама қаласында өткен U15 жасқа дейінгі Азия чемпионы атанса, Нұрасыл Асамбек Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында U17 жасқа дейінгі 45 кг салмақта Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Дзюдо күресінен Владивостокта өткен «Азия балалары» VII халықаралық спорт ойындарында мектебіміздің мақтанышы Досбол Балғабай алтын, Ержігіт Дәулет күміс олжалады.
- Соңғы жылдары Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сол бойынша арнайы тапсырма бергені де белгілі. Ал қазіргі кезде бұқаралық спорт десе көбіміздің ойымызға велоспорт оралады. Байқасам, сіздерде бұл салада да жетістік жоқ емес секілді.
- Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуды тапсырғалы бері елде спорттың бұл түрімен айналысатын жастар саны артып келеді. Мысалы велоспорттың трек түрінен Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатында спорт мектебіміздің қоржыны 8 медальмен толықты. Командалық жарыста Максим Тараскин, Аслан Сыйлықбек, Вадим Белугин чемпион атанып, Азия рекордын жаңартты. Ал жастар арасындағы жекелей сында Максим Тераскин алтын олжалады. Мұхтар Рамазан командылық спринтте күміс,. Елизавета Гринберг қыздар арасында топтық жарыста күмістен алқа тақты.
- Еліші чемпионаттарында да топ жарып жүрген секілдісіздер ғой?
- Әрине, ел үздігі болған соң, ел сенімін арқала шетелге шығамыз ғой. Мысалы, грек-рим күресінен U17 жасқа дейінгі ҚР чемпионатында біздің оқушылар 1 алтын 2 күміс иеленді. 45 келіде – Өмірбек Мухаметрахим күміс қанжығаласа, Жарас Махсетов пен Ербол Ибрагим бір-бір қоланы місе тұтты. Ал жаңағы велоспорттан ҚР чемпионатында біздің спортшылар 5 алтын 12 күміс 9 қола медаль иеленді.
- Жүлдеден жүлде алып, бәйгенің алдын бермей отырғандарыңызға қарағанда, мектепте спортпен айналысуға толық жағдай жасалған секілді ғой?
- Аллаға шүкір, үйренем, жаттығу жасаймын, оқимын деген балаға жағдай жасалған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы арқасында, мектебімізде спортпен айналысу үшін барлық мүмкіндік бар. Әрине, мектептің техникалық мүмкіндігі қанша мықты болса да, соны ұқсатып пайдаланатын жаттықтырушы не білікті маман болмаса, бәрі бекер. Сол үшін де мектеп мүмкіндігін жетістікке айналдырып отырған барлық жаттықтырушыларымызға алғыс айтамын. Болашақта спорт мектебімізден көптеген олимпиада және әлем, азия чемпиондары шығарамыз деген үміт бар.
- Әңгімеңізге рахмет! Спортшыларыңыз жүлдегер бола берсін!