«Үздік педагог» республикалық байқауының екінші кезеңі өтіп жатыр
Елімізде «Үздік педагог» республикалық байқауының екінші кезеңі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оған меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттық педагогикалық қызметкерлері қатысуда.
Байқау үш кезеңнен тұрады: аудандық/қалалық, облыстық, республикалық. Үміткердің педагогикалық қызметінде жоғары жетістіктерінің және конкурсқа қатысу кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық тәжірибесінің болуы шарт.
Байқаудың бірінші кезеңіне 961 мұғалім қатысты. Олардың ішінде облыстық кезеңге 461 мұғалім өтті. Байқаудың республикалық кезеңі осы жылдың қазан айында өтеді. ІІІ-кезең екі бөлімнен тұрады. Екінші бөлімде педагогтер Астана қаласындағы білім беру ұйымдарында сабақ береді, - делінген ақпаратта.
Байқау қорытындылары Республика күнінде жарияланады. Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша 64 жеңімпаз «Үздік педагог» сертификатымен, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1000 АЕК (3 450 000 теңге) көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталады.