«Үздік педагог» конкурсына биыл 2 мыңнан астам мұғалім қатысты
Биыл еліміз бойынша 2145 педагог «Үздік педагог» республикалық конкурсының аудандық кезеңіне тіркелді. Байқаудың мақсаты – кәсіби шеберлігімен және жоғары нәтижелерімен ерекшеленген ұстаздарды анықтап, олардың озық тәжірибесін насихаттау.
Конкурс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған педагог мәртебесін арттыру және мұғалімдерді қолдау бағытындағы жұмыстар аясында өткізіліп келеді.
Аудандық кезеңнің қорытындысы бойынша 939 педагог облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезеңде жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздар республикалық кезеңге ұсынылды. Қазіргі уақытта республикалық кезеңге қатысушыларды тіркеу жалғасып жатыр.
Байқауға мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері қатыса алады. Конкурсқа қатысу үшін педагогтің кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық еңбек өтілі болуы қажет.
Биыл конкурс қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізілді. Іріктеу кезеңі 27 тамызда басталды. Республикалық кезең 22 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өтеді және екі турдан тұрады.
Бірінші турда республикалық комиссия қатысушылар ұсынған материалдарды бағалайды. Екінші турда педагогтер белгіленген білім беру ұйымдарында сабақ немесе оқу қызметін өткізеді.
Конкурс қорытындысы бойынша республикалық комиссияның шешімімен 64 педагогке дейін «Үздік педагог» атағы беріледі. Оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан – 10, орта, арнайы, мамандандырылған және қосымша білім беру ұйымдарынан – 34, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан 20 педагогке дейін жеңімпаз атанады.
Жеңімпаздарға 1000 АЕК, яғни 4 млн 325 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Сонымен қатар оларға арнайы куәлік пен «Білім беру ұйымының үздік педагогі» төсбелгісі табысталады.
Айта кетейік, «Үздік педагог» республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында 816 педагог «Үздік педагог» атағына ие болды. Ал өткен жылы конкурс қорытындысы бойынша 64 мұғалім жеңімпаз атанған.