«Үздік педагог – 2022»: Жеңімпаздарға 3 млн теңгеден берілді
Radisson Hotel Astana қонақүйінде өткен салтанатты рәсімде «Үздік педагог-2022» республикалық байқауының 64 жеңімпазы марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астанада өткен салтанатты іс-шарада мектептер мен колледждердің үздік мұғалімдеріне ақшалай сертификаттар мен төсбелгілерді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов табыстады. Үздік мұғалімдерге 190 млн теңгеден астам қаражат берілді, әр мұғалімге – 3 млн теңге.
Жолдауды жүзеге асыру аясында 2023 жылдың қаңтарынан бастап тәрбиешілер мен мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өседі. Қазір әріптестердің көпшілігі аптасына 6 күн емес, 5 күн жұмыс істейді. Сондай-ақ еңбек өтілі 25 жылдан асатын әріптестер арнайы медальдармен марапатталады. Ал біз бұдан да қолайлы жағдай жасау үшін жұмысты жалғастыра бермекпіз. Республикалық «Үздік педагог» байқауы өз саласының үздіктерін анықтап, еңбегіңізді, тәжірибеңіз бен біліміңізді бағалауға септігін тигізеді, - деді министр құттықтау сөзінде.
Байқаудың барлық кезеңін цифрландырудың арқасында биыл байқауға мұғалімдердің рекордтық саны, яғни 5,5 мыңнан астам мұғалім қатысты. Өтініш берген сәттен бастап үміткерлер байқаудың динамикасын онлайн бақылау мүмкіндігіне ие болды.
Байқаудың республикалық кезеңінің қатысушылары ашық сабақтар өткізді және оны байқау комиссиясы бағалады. Байқаудың республикалық кезеңінде аудандық, қалалық және облыстық кезеңдердің қорытындысы бойынша 123 мұғалім «Үздік педагог – 2022» атағы үшін сынға түсті.
Республикалық байқау комиссиясының құрамында қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар қауымының өкілдері, журналистер, белсенді мұғалімдер болды.