“Үздік болашақ тергеуші” байқауы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Ішкі істер министрлігі елорданың жоғары оқу орындарының студенттері арасында “Үздік болашақ тергеуші” байқауын өткізді.

Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев байқауға қатысушылармен жеке кездесіп, қылмыстық істерді тергеудегі тергеушінің рөлі туралы айтты.

Тергеуші – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің таңдаулы бөлігі. Тергеуші дайындығы жоғары қызметкерлердің бірі болып саналады. Ол заң жағынан білімді болуы керек. Бұл қызмет жан-жақтылықты талап етеді, – деді министр.

Өткен жылы ведомство басшысы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорларымен студенттерді ішкі істер органдарында жұмыс істеуге даярлау туралы 33 келісімге қол қойды. Аталмыш байқау да дуальды оқыту жүйесі аясында ұйымдастырылды.

“Үздік болашақ тергеуші” байқауы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар заңнаманы, қылмыстық іс жүргізу кодексін білу бойынша тестілеуден өтті. Ал екінші кезеңде студенттер тергеушілердің жұмысына қатысты арнайы, ситуациялық тапсырмаларды орындады. Осылайша олар өздерінің логикасы мен тапқырлығын көрсетті.

Жыл бойы полиция қызметкерлері студенттермен сабақ өткізді, оларға қылмыстық істерді тергеудің дұрыс тактикасы мен әдістемесін, қылмыстық іс жүргізу заңнамасының негіздерін үйретті. Байқау қорытындысы бойынша Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Дамир Серікбаев үздік болашақ тергеуші атанды. Екінші орын М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ-дің 3-курс студенті Меруерт Ақшабақоваға бұйырды. Үшінші орынға “Тұран” университетінің 4-курс студенті Жансая Сәбитова ие болды. Жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінің қабырғасында студенттер ведомство мұражайының экспонаттарымен танысып, жедел басқару орталығының жұмысын бақылай алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Тәуелсіздікке тарту
Өзгелердің жаңалығы