Үздік әскери қызметші университетте тегін білім алады
Үздік әскери қызметшілер ЖОО-да тегін білім алады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева мәлімдеді.
Мерзімді әскери қызмет өткерген, жауынгерлік даярлықта, жүктелген міндеттерді орындауда жоғары нәтижелерге қол жеткізген және үлгілі әскери тәртіп көрсеткен әскери қызметшілерге ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО есебінен оқу құқығы беріледі, - деді Қорғаныс министрлігі өкілі.
Сөзінше, әскерлерде әскери қызметшілерді іріктеу бекітілген регламентке сәйкес мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде жүзеге асырылады.
Жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі, жеке тәртібі, қызмет атқару барысында арнаулы міндеттерді орындаудың толықтығы, психологиялық жай-күйін бағалау бойынша қорытынды ұпайлар ескеріледі. Тегін білім алу квотасын беру туралы шешімді әскери қызметшінің жеке рейтингін және оның қалауын ескере отырып, Қорғаныс министрлігінің комиссиясы қабылдайды, - деп түсіндірді Айгүл Төлембаева.