Үзбен Құрманбайұлы: Пікіріміз әрқалай болса да, тілегіміз бір болуы маңызды
Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Елдің ішкі бірлігі әрқайсымыздың тілегіміз болу керек», - дейді президент сайлауы жайында пікір білдірген «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Үзбен Құрманбайұлы.
«Біз көп қиындықты бастан кешірген халықпыз. Бүгінде қазақ көре-көре көсем болды, тарихта жасаған қателіктерінен тағылым алды. Соның бір дәлелі – кешегі сайлаудың қорытындысы. Қалай дегенмен де, қазақтың елдігі, тәуелсіздігі қымбат. Мұны бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы армандап, аңсап өтті. Сол арман орындалып, отыз жылда тәуелсіз мемлекет құрдық. Дербестігімізден айрылмасақ екен деген тілек бүкіл қазақ халқын ойландырады, толғандырады. Қазір жер жүзінде 15 миллионнан астам қазақ бармыз. Олардың тілейтіні – осы елдің бірлігі, тәуелсіздігінің мықты болуы», - дейді Үзбен Құрманбайұлы.
Ол пікірінде ынтымақты елден ырыс қашпайтынын тілге тиек етіп, жастарды арандатушылардан сақтануға шақырды.
«Егер ішімізден іри берсек, елдігімізді, азаттығымызды әп сәтте жоғалтып, қайтадан бұрынғы құлдың қамытын киіп шыға келеміз. Сондықтан, сайлау туралы пікіріміз әрқалай болғанмен, түпкілікті тілегіміз бір болуы маңызды», - деді бірлестік жетекшісі.
Қоғам белсендісінің мәлімдеуінше, «Тарихи атажұрт» ұйымының негізгі мақсаты да осы – халықты бірлікке шақырып, барлық қазақтың басын қосу.
«Ел ішіне іріткі салғысы келетін арандатушылар шығып жатыр. Жас ұрпақ соларға ермесе екен дейміз. Осындай тілегіміз, ойымыз бір жерден шыққан азаматтар әлемнің әр түкпіріндегі қандастарымызды біріктірейік деп, Отанымызға бір кірпіш болып қаланайық деген ниетпен екі жыл бұрын «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігін құрғанбыз. Жаһандану сындарынан Қазақ елін қалай бүтін алып шығамыз? Міне, осы сауал үнемі санамызда тұруы тиіс. Біз осы тұрғыда арнайы тұжырымдама жасадық. Біз өзгенің емес, өзіміздің ата-бабаларымыз салып берген жолдан адаспауымыз керек», - дейді Үзбен Құрманбайұлы.