Ұзақ өмір сүрудің қарапайым құпиясы
Күнделікті шай, жидектер, алма, апельсин немесе жүзім сияқты тағамдарды қамтитын диета ерте өлім қаупін азайтып, ұзақ өмір сүруге ықпал етуі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Independent-ке сілтеме жасап.
Nature Food ғылыми журналында жарияланған жаңа зерттеу бойынша, құрамында флавоноид молекулалары көп және түрлі тағамдарды тұтынатын адамдарда созылмалы аурулардың даму қаупі төмендеп, ұзақ өмір сүру мүмкіндігі жоғарылайды.
Зерттеушілердің айтуынша, шай, жидектер, қара шоколад пен алманың құрамындағы флавоноидтар 2-типтегі қант диабеті, қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары және жүйке жүйесі ауруларының дамуына жол бермеуі мүмкін.
Біз біраз уақыттан бері көптеген тағам мен сусындарда табиғи түрде кездесетін қуатты биоактивті заттарды, яғни флавоноидтарды көп мөлшерде тұтыну жүрек ауруларының, 2-типтегі қант диабетінің, Паркинсон секілді жүйке жүйесі ауруларының даму қаупін төмендететінін білеміз, - деп түсіндіреді зерттеу авторларының бірі Эйдин Кэссиди.
Сондай-ақ зертханалық деректер мен клиникалық зерттеулерден әртүрлі флавоноидтардың әсер ету механизмі де әртүрлі екенін білеміз: кейбірі қан қысымын жақсартса, енді бірі холестерин деңгейін реттеп, қабынуды азайтады - дейді зерттеушілер.
Флавоноид молекулалары көкжидек, құлпынай, апельсин, алма, жүзім сияқты жемістерде, сондай-ақ шайда, қызыл шарапта және қара шоколадта мол кездеседі.
Күніне шамамен 500 мг флавоноид тұтыну жалпы өлім-жітім қаупін 16 пайызға, ал жүрек-қан тамырлары аурулары, 2-типтегі қант диабеті және тыныс алу ауруларының қаупін 10 пайызға төмендететіні анықталды. Бұл шамамен екі шыныаяқ шайдың құрамындағы флавоноид мөлшеріне сәйкес келеді, - дейді зерттеу авторларының бірі Бенджамин Парментер.
Зерттеуге 40 пен 70 жас аралығындағы 120 000-нан астам адам қатысқан. Олар он жылдан астам уақыт бойы бақылауда болған. Бұл зерттеу флавоноидтарды тек көп мөлшерде емес, әртүрлі көздерден алудың пайдасын алғаш рет нақты көрсеткен.
Зерттеу нәтижелері флавоноидтарға бай тағамдарды көп және түрлі түрде тұтыну денсаулыққа зиянды әсерлерді тек бір көзден алынған флавоноидтармен салыстырғанда әлдеқайда көбірек азайта алатынын көрсетеді. Бұл қорытындылар түрлі түсті тағамдарды жеу денсаулықты сақтау үшін аса маңызды деген танымал тұжырыммен де үндес.
Түсі әртүрлі жемістер мен көкөністерді, оның ішінде флавоноидтарға бай өнімдерді жеу қажетті дәрумендер мен қоректік заттарды алу арқылы салауатты өмір салтын ұстануға көмектеседі, - дейді зерттеу авторы Тильман Кун.
Бұл зерттеу қоғамдық денсаулыққа қатысты айқын жолдауды береді. Шай ішуді көбейту, жидек пен алма сияқты жемістерді көбірек жеу секілді қарапайым әрі қолжетімді тағамдық өзгерістер флавоноидтарға бай тағамдарды тұтынуды арттырып, ұзақ мерзімді денсаулыққа оң әсер етуі мүмкін, - дейді доктор Кэссиди.
Еске салайық, осыған дейін ауруды анықтайтын жасанды интеллект қаламы пайда болғанын жазған едік.