Үйсін ұлысының астанасы қайда немесе Шығу қаласының шежіресі
Жетісу жері ежелден Үйсін хандығының атажұрты саналған. Ал олай болса сол хандықтың астанасы қайда, деп жазады осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Тарих та тұспалға тәуелді, кейде кішкентай деректер де үлкен жаңалықтың баспалдағы болуы бек мүмкін. Тарихшы Дүйсенбай Сығаев сондай бір ұлы оқиғаны уысына түсіргенін қуана баяндады. Жетісу жері кешегі байтақ үйсіндердің де қонысы болғаны тарихтан мәлім. Сол аса қуатты Үйсін ұлысының іргетасы қаланған соң, орталығы – Шығу қаласы болған екен. Міне, бүгін сол шежірелі шаһардың орыны табылды.
Құм басқан қала
«Жер мен Ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарихшы Дүйсенбай Сығаевтың айтуынша, тарих парақтарына «Үйсін» деген атау Мөде қағанның (б.з.б. 176.ж) қытай императорына жазған хатында бірінші рет айтылады. Алайда күні бүгінге дейін үйсіндердің бұл аймаққа (Гансу жаққа) қайдан келгені туралы әлі күнге дейін еш дерек жоқ. Тек сақтардың ұрпағы исседондар мен асияндарға жақын деп жазады. Шындығында солай ма?
Еуропаның кейбір ғалымдары үйсіндерді көне үнді-герман тайпалары дей келе, байырғы арийлармен байланыстырады. Ресейдің бір топ ғалымы Еділ патшаны (Аттиланы) үйсіндердің тікелей ұрпағы, «дулу, дулат» деп білген. Ғұн емес, бір замандарда қазіргі Ресейдің жерінен ауып барған ру-тайпалардың ұрпағы деп жүр. Бұл деректерге сүйенуіне себепкер – Геродот пен Птоломейдің еңбектері. Оның сыртында белгілі орыс ғалымы Е.Малов өз еңбегінде: «Орхон-Енисей» ескерткіштерінде «үйсін» деген сөздің кездесуі, олардың түбі арыдан дегенді білдірсе керек» деп жазады. Әсіресе бұл туралы О.Бичурин, А.Бернштам, Н.Аристов, Ә.Марғұлан, Н.Мыңжан еңбектерінде жақсы баяндалады. Мұның сыртында үйсіндерге байланысты ҚазҰУ профессоры Н.Мұқаметханұлы және қытайдағы қандас бауырымыз С.Жанболаттың «Ежелгі ұлыс тарихы» атты көлемді зерттеуі бар.
Тарихи деректерге қарағанда б.з.б. 161-174 жылдары Мөденің орнына таққа отырған Лаушаң тәңірқұты, Хыши аймағында отырған үйежілердің тас-талқанын шығарады. Үйежілер қашып, Іле аймағындағы көне тиграхауд сақтарға, нөкістерге шапқыншылық жасап олардың жерін тартып алады. Осы уақыттарда Жетісу аймағында болып жатқан саяси оқиғалардан хабар алған үйсін Елжау Нулыұлы олардың ізіне түсіп, әкесінің кегін алу мақсатында, үйежілермен қоса басқа да ру-тайпаларды тізе бүктіріп, өзіне бағындырады. Үйежілердің біраз бөлігі қашып, Бактрия жеріне кетеді. Бұл оқиға үйсіндердің Жетісуға қоныстануын жазған зерттеушілердің еңбектерінде кеңінен баяндалады.
Осы оқиғалар арқылы үйсіндердің б.з.б. 120 жылдары Тянь-Шан, Ыстық көл, Іле аймағына келгендігін білеміз. Іле өзені бойына әбден орныққан соң, аса қуатты Үйсін ұлысының іргетасы қаланып, шуақты күндері басталады. Орталығы саяси-экономикаланған Шығу атты қала болған. Үйсіндердің батысында Қаңлы (Кангию) мемлекетімен көрші отырғандығы олардың шекараларын Ыстық көл бөліп тұрғанын, батысы Шу, Талас өзендеріне, шығысы Тянь Шанның шығыс сілемдері, солтүстігі Балқаш көліне дейінгі аумақты қамтитыны туралы алғашқы болып хабарлаған қытай саяхатшысы Жаң Чиаң болатын. Ол Шығуда болып, олардың тұрмыс тіршілігі мен жан санын, әскеріне дейін тыңғылықты зерттеу жүргізген, - дейді Д.Сығаев әңгімесін әріден тартып.
Тарихшының сөзіне сүйенсек, мемлекеттік құрылымына толықтай көзі жеткеннен соң, осындай қарқыны бар, болашағы зор Үйсін ұлысына әбден қанық болған қытайлар, оларды ескі қоныстарына қайта оралуын сұрайды. Елжау күнби бастаған ел билеушілері, ондай келісімге көнбейді. Ақыры, қытайлар үйсіндермен жақындасу үшін ең тиімді жолы, құдандалық болу керек деген шешімге келеді. Демек, қытайлар үшін саяси жағынан жақындасып, ғұндарға қарсы одақ құрудың жолын іздегенін анық көреміз.
Бұл жерде күні бүгінге дейін, басы ашылмаған күңгірт жағы – Хань патшалығы сонша жыл уақыт бөліп, арнайы дайындықтан өткен әккі тыңшы Жаң Чиаңды Жетісуда отырған Үйсіндерді іздеуге жіберуіне не жағдай себеп болды?! Бұл жағынан ешқандай мұрағаттық дерек жоқ, - дейді тарихшы күрсінісін жасырмай.
Жаң Чиаң Жетісуға қай бағытпен келді?
Ертедегі «Жібек жолының» бір бағыты – ішкі Қытайдан бастау алып, Үштұрпанға жететін қысқа жол болған екен. Қашқарға келгенде үш айырыққа бөлінеді де, бірі – Жетісу арқылы қимақтар мекен еткен қазіргі Қазақстанның солтүстігіне қарай бағытталады. Ол, былайша айтқанда, Заука арқылы Кегенді басып өтеді. Ал бірі – Шелек Талғар Қастек арқылы батысқа, енді бірі – Кегеннен Темірлік (Қайқы), одан Алтынемел арқылы солтүстік бағытқа қарай кететін. Міне осы жол торабының бойында көмескілеу ықтасын жерде Шығу қаласы орналасқан. Кейбір деректерде Жаң Чиаңның Шығуға келген уақытын шамамен б.з.б. 105 жылы деп көрсетіледі.
Біздің зерттеуіміздегі ең бастысы Шығу атты қаланың қай маңға салынғандығы жайында болмақ. Үйсіндердің ордасын алғашқылардың бірі болып, өте үлкен күш жұмсап, зерттеген В.Бартольдтың экспедициясы болатын. Ыстық көлдің солтүстік батысынан шығысына дейінгі аймақты тыңғылықты зерттеуге шыққан оның алаңсыз жұмыс істеуіне Жетісу Генерал губернаторы Г.В.Колпаковскии қолдау білдірді. Ш.Уалихановтың жазған болжамдары мен көрген-білгендерін, В.Бартольд ескеріп отырды. Бұлардың басты нысаны Ыстық көлдің солтүстік-батысындағы Қойсудың маңайын көздеген еді. Алайда, қанша тырысқанымен Шығу қаласы осы жерге салынған деген нақты дәлел таба алмай, дүдәмал күйде қалды. Бұл зерттеулер 1893-94 жылдары жүргізілген еді, - дейді Д.Сығаев.
Екінші бұл тақырыпқа арнайы ден қойып зерттеген О.Л.Боровка екен. Ол Шығу қаласы Алматы облысының Нарынқол ауданына (қазіргі Райымбек) қарасты Текес атырабындағы Шаты маңында деген тұжырымын ұсынған. Л.Боровканың зерттеуіндегі бір ескеретіні, қытай зерттеушілерінің еңбектерінде үйсіндердің екі ордасы болған, бірі жаздық делінген. Міне осы жаздық ордасы Шаты маңында болған дегенге әбден келісуге болады. Өйткені аталған аймақтың жазы қоңыр салқын Шалкөде, Шұбартал, Сырт, Күнес, Нылқы, Мұңғылкүре мен Қызылкүре т.б жайлаулары, төрт түлік малға қысы-жазы әсіресе жылқы малы үшін өте таптырмайтын шөбі шүйгін, жазиралы шалғынды өлке. Осы жағынан алып қарағанда, жаздық ордасы болды дегенге келісуге болады.
Қытай археологтары Үйсіндердің орталығы болған Шығу қаласы Текес өзенінің бойында, қазіргі ШҰАР аумағында дегенді алға тартақанмен нақты дәлелдері жоқ. Тек қана, Шатыдан табылған әйел адамның сүйегін, Сижун ханымдікі деген болжамдарымен растағысы келеді. Соңғы жылдары үйсіндердің Жетісуда қалмай, Памирге ауып кеткен деген көзқараста жапон ғалымдары мен қытай зерттеушілері ымыраға келе алмай жүр - дейді тарихшы зерттеу еңбектеріне үңіліп.
Шынында, Шығу қаласы орналасқан аймақты іздеушілердің легі күні бүгінге дейін толастамай отыр. Осы зерттеушілердің ішінде ең нанымды пікір ұсынған – Штраленберг. Оның пікірінше, Іле бойымен Қорғас жақтан іздеу керек. Алайда көпшілігі мұның болжамын қолдай қоймаған, негізі көзқарасы дұрыс еді. Кеңес Одағы тұсында дәлірек айтсақ, 1954 жылдан басталып 1967 жылға дейін, құрамында Ә.Марғұлан, К.Ақышев, Мұсаев, Б.Нұрмұханбетов, А.Марьяшев бастаған «Жетісу экспедициясының» ғалымдар тобы, Кеген қыстағының оңтүстік-шығысындағы орта ғасырлық қала Құмтекейді, үйсіндердің Шығу қаласының орны деп қазба жұмыстарын жүргізген. Алайда бұл жерден табылған адам қаңқалары (бас сүйегі) үйсіндердің антропологиясына келмеді.
Тарихшының мәліметінше, археологтардың тұжырымымен қытайлардыкі деген тоқтамға келіп, жасырын жабық күйде қалдырған. Тек 1979 жылы Мәскеуден жарық көретін «Правда» басылымында «Сурок-археолог» деген шағын ғана мақала жарық көрді. Ол жерде де жарытып ештеңе жазбаған. «Қазба кезінде табылған адамдардың бас сүйегін, үйсіндердің заманындағы адамдар», деп жылы жауып қойған. Өйткені, қытайлар «Балқаш көліне дейінгі аймақ біздің жер» деп, Кеңес Одағына талай рет дау көтерген екен. Бұл бірінші экспедиция жұмыстарының ары қарай жалғастыруына кедергі болған, бара-бара күн тәртібіндегі басты саяси мәселеге айналыпты. Сондықтан, Құмтөкей мен Ақтастының айналасындағы археологиялық жұмыстар жабылған.
Қытай өлшемінің құпиясы
Енді қытайлардың 610 ли өлшем бірлігіне тоқталайық. Осыдан екі мың жыл бұрынғы ұзындығы 360 қадам бір ли болған, кей жерлерде 300 қадам бір ли деген ақпарат бар. Жалпы қазіргінің 416 метрге сәйкестендірілген, нақты есебі 305 шақырымға тең. Осы есептеулер арқылы Шығу қаласының салынған «Қызыл аңғарымыз» қазіргі Ұйғыр ауданы мен Кеген ауданының шектесетін жеріндегі «Көртоғайдың» төменгі тұсы «Сартоғайды» көрсетіп тұр. Дәлірек айтатын болсақ, Шарын өзенінің жағасындағы мемлекеттік ұлттық паркінің аумағы. Үштұрпандағы Ақсу қаласы мен ШМҰП ара қашықтығын есептесеңіз тұп-тура 310 шақырымды көрсетіп тұр. Алшақтығы 5-6 шақырым ғана. Аталған аймақты асықпай зейін салып барлайтын болсақ, қала салудың барлық мүмкіншіліктерін жан-жақты қарастырған. Ең бастысы – таза ішетін ауыз су, бұлақтары бар. Ағашты жеткізу үшін қазіргі Жалаңаш, Тоғызбұлақ, Кеңсу, Шетмеркі елді мекендері орналасқан жердегі тегін су жолын пайдаланған. Мойнақтың тұсынан Шарын өзені арқылы ағызса, сүт пісірім уақытта төменгі жолдан тосып алады. Баспана салудағы ең басты екі құрылыс материалы қолда тұр. Қалған құрылысқа қажетті (ат арба, темір, ер-тұрман, қару-жарақтарын, тұрмыс бұйымдарын) заттарды шеберхана басында жасаған. Оған табылған заттар дәлел, - дейді Д.Сығаев
Оның айтуынша, табылған деректердің ішінде әсіресе руда балқытатын пештердің он екісінің қатар табылуы терең ойға жетелейді. Ошақтар бұдан бірнеше есе көп болғаны айдан анық. Руда балқытатын пештердің орналасуының өз ерекшелігі бар. Ондағы пештер бір сызықтың бойына суға жақын салынған. Оған қоса Шарын өзенінің бойында өсетін «Ерен ағашы» ерекше әсер еткен. Жалпы бұл жерлер саксеуілі қалың аумақ. Ал ерен ағашының қызуы оданда жоғары әрі ұзақ уақытқа дейін бойындағы жылуын жібермейді. Ерен ағашының діңі тығыз әрі қатты болып келеді.
Осы ретте көне-көз қария Мәкен Тастановтың сөзіне сүйенсек, екінші дүниежүілік соғыстан кейін қолға түскен жапон тұтқындарын әкеліп осы ерен ағашын кестіріп, буып-дайындап Шарын өзені арқылы ағызып, одан Ілеге қазіргі Қонаев (бұрын бұл жерде Илиский деген порт болған) қаласы орналасқан жерден тосып алып, пойыздарға тиеп, Ресейдің ат арба жасайтын зауыттарына жіберген екен. Себебі, арбаның ең негізгі күш түсетін дөңгелектің ішіндегі қатар орнатылатын шыбығын (спицасын) осы ерен ағашынан жасайды.
Бүкіл Кеңес Одағында шығарған ат арбаларға пайдаланған. Ат арбаның да Қазақстанның териториясынан табылған көптеген жартас бетіне салынған суреттер петроглифтерден білеміз. Міне осындай қолайлы жағдайлардың бәрін ескере келіп, Шығу қаласын осы Шарын өзен бойына салған деген тоқтамға келген, - дейді тарихшы қуанышын жасыра алмай.
Қаланы неге сайға салған?
Бір қараған адамға Шарын өзені мен Қалжат елді-мекенінің деңгейін салыстырып қарасаңыз, әрине Қалжат биік жерге орналасқан болып көрінеді. Ал шындығына келетін болсақ олай емес, үйсіндер бұл қаланың жоспарын жасағанда өте тыңғылықты әрі геометриялық дәлдікті есепке алған. Қазіргі Алматы-Шонжы күре жолының 200-шақырымында үлкен арық қазылып Шарын өзенінің суын жазыққа шығарған да, жазиралы алқапқа дәнді-дақылдарын (әсіресе тары) еккен.
Сол арық туралы жергілікті зейнеткер Тәліп Сабырбеков: «Үлкен қарт кісілерден бала күнімізде осы канал қазылған жерде көне арықтың сұлбасы болғанын еститінбіз. Кейін 1952 жылы көптеген адам әкеліп, арнасын кеңейтті», дейді.
Суды 3 шақырымдай қашықтыққа ағып барғаннан кейін, қайтадан төмен қарай құлатып ГЭС салған екен. Ең өкініштісі сол суды арнасына қарай құлатқан жері, дәл қаланың өкпе тұсынан өтіп, қайта барып негізгі арнасына қосылған. (Қазіргі кезде бұл жер 18-квартал деп аталады). Бүгінде қаланың сақталған жерін су шайып кеткен.
ГЭС-ті де әдейі салдырған, өйткені мұның бәрі алдын ала құрылған жоспар болуы мүмкін. Қарасаңыз жақұтқа бергісіз тарихи жәдігерімізден айырып отыр. Қаланың бас жоспарын екіге бөлген. Батыс жағында шеберхана орналасқан, ал халықтың тұратын негізгі тұрғын үйлері шығыс жағында, ортасын су бөліп тұр. Барлығы қатаң тәртіпке бағынған. Өлген адамдарды жерлейтін орын қаланың сыртында дөңнің үстінде, жұқпалы ауырлардан сақтанғандығын көрсетіп тұр. Бұл Сартоғайда, Кеңес Одағы кезінде 1947 жылы Артель болып, кәдімгідей орман шаруашылығына қарасты екі көше бойы орналасқан 70-тей үй болған екен. Қазір тек орман күзетшілері ғана тұрады. Міне осы жер Шығу қаласының орны, - дейді Д.Сығаев.
Табылған жәдігерлерді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының маманы, осы дәуірді зерттеуші Ералы Ақымбек те таңданыспен растап, ары қарай зерттеу керек екенін айтып отыр. Шарын мемлекеттік ұлттық паркі қызметкерлерінің айтуынша, осы аталған аумақта 180-ге жуық тарихи қорым бар көрінеді. Қазіргі уақытта осыдан екі мың жыл бұрын салған арық бүгінгі күнде Бахар, Шарын, Тастықара, Шырын, Розбакиев, Ұзынтам ауылдарына қарасты егін алқаптарын сумен қамтып отыр. Мұндай мүмкіншілігі зор аймақта қала салынбады дегенге сенбеу мүмкін емес.
Жоғарыда тарихшы айтып өткен Құмтөкей қаласының ерекшілігі сол, төрт түлік малдың жайылымына, жаздың жайма шуақ күндерінде жәрмеңке өткізіп, ойын сауыққа өте ыңғайлы алқап болған. Ақтастыдағы қала, кезінде Уди патшаның қызы Сижун ханымды ұзатқанда, оның жанында 300-ге жуық қызметші нөкерлері бірге келген. Сижунға арнап сарай салған, солардың жатын орны болған. Археолог Б.Нұрмұханбетов қазғанда табылған адамның бас сүйектері осылардыкі. Естеріңізге сала кетейік, Сижун ханымның «Аққу» атты өлеңінде үйсіндердің киіз туырлықты дөңгелек үйде тұрып, сүт қымыз ішетіні жайлы айтылатыны Қарқара аймағының жазғы жайлауы екенін көрсетіп тұр. Елжау күнби, Сижун ханымды нөкерлерімен Шығуға келтірген жоқ, олардың тыңшылық жолмен келгенін Жаң Чиаңның саяхатының салдарынан сезіктеніп қалды. Сондықтан қазіргі біздің айтып жүрген Ақтасты мен Құмтөкейдің орнындағы қалашықтар, осы Сижунға ілесіп келген қытайлардың салған құрылыстары болуы мүмкін.
Ұлы арманды мақсат еткен Елжау бастаған үйсіндер, Шарын өзенің сағасын тегінен-тегін қоныс етіп алмаған. Өздері құрған мемлекеттің тыныштығы мен тәртібін шұғыл әрі тез арада жүзеге асыру үшін тек қана атпен шауып жүрмеген, суды да пайдаланған. Шығудың жанынан аққан Шарын өзені Ілеге құяды. Іле арқылы шығысқа қарай қазіргі Ұйғыр ауданы мен Жаркент ауданының аумағын басып өтіп, қытайға қарасты Шапшал, Қорғас, Құлжа ауданы одан әрі Нылқы, Күнес ауданына, одан Тоғызтарау, Текес ауданы мен Мұңғылкүре арқылы Қазақстанның шекаралы Райымбек ауданыны орналасқан Хан-Тәңірінің етегіне дейін созылған. Ал екінші қарсы бағыты Іле мен Шарынның қосылған жерінен батыс бағытқа қарай аққан Іле дариясы, Еңбекшіқазақ, одан Талғар мен Кербұлақ аудандары, одан ары Балқаш ауданының аумақтарын басып өтіп, Балқаш көліне дейінгі жерлерді басып жатқан. Орталықтан шыққанда, ат пен қатар суды да тең дәрежеде пайдаланып, діттеген жерлеріне уақтылы жетіп отырған. Ұлыстың тыныштығын осылайша жүзеге асырған, - деп сөзін түйіндеді тарихшы.
Дүйсенбай Сығаев осы экспедициялық жұмыстардың атқарылуында қолғабыс жасаған азаматтарға алғыс айта отырып, аттарын атап кетуімізді өтінді. Олар Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Бағбаев Кәдіржан, ШҰМП басшысы Елнұр Ахметов және оның қарамағындағы қызметкерлері Жігер Сақбаев, Максим Акрамов, Айдана Батырханова, бүгінде зейнеткер Мәкен Әлдибеков, Тәліп Сабырбеков, Нұрғожа Нұрәжиев мен Алтынхан Темірбекова, Кеген ауданынан Болат Сәрсенбаев пен Шәміл Сағындықов, Алматы қаласынан Әсет Темірғалиев пен Нұрмұқа Шаймерденов, Бахар ауылының тұрғыны Қайрат Үсенқұлов. Экспедиция мүшелері үлкен оқиғанын куәгері болды десек артық емес шығар. Иә, бұл да бір қазақ тарихының жаңа парағы. Біздіңше, тарихшының еңбегі – ұлт руханияты үшін үлкен қазына.