Депутат Косарев "ұйқы дертіне" шалдыққан ауылдың мәселесін көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Владислав Косарев "ұйқы ауруына" шалдыққан Ақмола облысындағы Калачи мен Красногорск тұрғындарының мәселесін көтеріп, мемлекеттік органдарға сауал жолдады.

Ақмола облысының Есіл ауданына қарасты Калачи және Красногорск ауылдары тұрғындарының белгісіз "ұйқы дертіне" шалдыққанын жақсы білесіздер. Бұл қайғылы жағдайға 4 жылдан астам уақыт өтті. Осы дерттен 180-нен астам адам зардап шекті, олардың көпшілігі әлі күнге дейін өздерін нашар сезінеді. Осы мәселе бойынша үкімет азаматтарды басқа жерге көшіру туралы қаулы қабылдаған. Сол үшін арнайы қаржы бөлінді, - деп Владислав Косарев Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасына арнайы сауал жолдады.

Оның айтуынша, бұл оқиғаны ұмытып кетуге болар еді, бірақ бұл жерлердің тұрғындары тұрғын үй құрылысына бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғандығын тергеуді талап етеді.

Кеше олар бізге келіп, проблемаларын айтты. Бұл ауылдарда әлі 30 отбасы тұрып жатыр. Олар істі тергеуді талап етіп отыр. Тұрғындар ауылды көшіруге 1 миллиард 800 миллион теңге бөлінген деп отыр, - дейді депутат.

Айта кетейік, Ақмола облысы Есіл ауданына қарасты Калачи мен Красногорск ауылдарының тұрғындарының "ұйқы дертіне" шалдығуы туралы ақпарат 2015 жылы айтылды. Сол кездегі вице-премьер Бердібек Сапарбаев медициналық тексерістің қорытындысы бойынша бұл дерттің тарауына улы газ себеп болғанын айтқан еді. Өйткені ауыл іргесінде Совет билігі кезінде өндіріліп, кейін жабылып қалған уран кеніші бар. Екі ауылды көшіруге үкіметтен 2,5 млрд теңге бөлінген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы