Ұйқы безі. Ұйқы. Ас қорыту: Қатерлі ісік несімен қауіпті?
Ұйқы безі – адамның организміндегі ең нәзік әрі маңызды ағзалардың бірі екендігі белгілі. Ұйқы безі ас қорыту жүйесінің ағзасына жатады. Осылайша, оның маңызы зор, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұйқы безінің организмдегі рөлі қандай? Бүгінгі таңда неліктен ұйқы безінің қатерлі ісігі жиілеп кетті? Ұйқы безінің ұйқыға қандай қатысы бар? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының құрметті профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-хирург Асан Жексембаевтан сұрап көрген болатынбыз.
- Асан Айтмұқашұлы, медицина саласында 40 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келесіз. Қазір немен айналысып жүрсіз?
- Қазіргі уақытта Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасында Гепатопанкреатобилиарлы хирургия, онкогепатология және ағза трансплантологиясы орталығында трансплантация бойынша бас консультантпын. 40 жылдан астам уақыттан бері осы медицина саласында еңбек етіп келемін. Елдегі гепатопанкреатобилиарлы хирургия мен трансплантологияның дамуына өз үлесімді қостым деп ауыз толтырып айта аламын. Атап айтқанда, осы Ұлттық ғылыми орталық базасында кадавра мен тірі донордан бауырды трансплантациялауды енгізуге тікелей қатысты. Хирургия бойынша бар білгенімді мақалалар мен әдістемелік нұсқаулықтар етіп жаздым.
- Операцияның қандай түрлерін жасайсыз?
- Жалпы, гепатопанкреатобилиарлы, абдоминалды хирургия мен бауыр трансплантациясы операцияларының барлық түрлерін жасай беремін.
Сондай-ақ қазіргі таңда қауымдастырылған профессормын. Әріптестеріме көмектесемін, жас мамандарды оқытамын. Бұрын Ұлттық ғылыми онкология орталығында бөлім меңгерушісі болдым. Зейнет жасына жетуіме байланысты, бөлімді басқаруды жас дарынды әріптестеріме ұсындым.
Қазір біздің бөлімшедегі меңгерушілерге қарайтын болсаңыздар, бәрі өте жастар, 35-40 жастағы мамандар. Бұл жақсы үрдіс деп санаймын, өйткені жастық пен энергия оларға жемісті еңбек етуге, оның үстіне, еңбек ете жүріп, оқуға мүмкіндік береді.
-Бұл орталықтағы жұмысыңыз қалай басталғаны есіңізде ме?
- Орталықтың өзі 2009 жылы ашылып, 2010 жылдан бастап толықтай іске қосылды. Бастапқыда ол жедел медициналық көмек ауруханасы болған, яғни біз Қазақстанның қалалары мен өңірлерінің барлық ургентті қызметтеріне қызмет еттік. Біздің қарауымызда сол уақытта санавиация да болды. Дәрігерлер өңірлерге ұшып барып келіп, жағдайы ауыр науқастарды біздің орталыққа әкеліп жатқызып емдейтінбіз. Одан басқа, бізге ана өмірімен байланысты мәселелер жүктелді. Маңызды міндет ретінде жүктілік кезінде және босанғаннан кейін ана өліміне жол бермеу үшін жұмыс істедік. Кейіннен белгілі қазақ-америкалық микробиолог ғалым Әлібек Кеннің қатысуымен орталықтың бағыты өзгерді. Біз шұғыл қызметтерді жасамай, онкологиялық ауруларды емдеуге бағытталдық. Бұл шамамен 2013-2014 жылдар болатын.
- Операцияның кез келген күрделі түрін жасай беретініңізді білеміз. Ең күрделісі қандай деп есептейсіз?
- Осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибеме сүйеніп айтатын болсақ, ең күрделі операция түрі – бұл бауырдың туыстық трансплантациясы. Бауыр ауыстыру операциясы жасалатын пациенттер декомпенсация сатысында болады. Бұл дегеніміз, бауыр жұмыс істемейтіндіктен өзге ағзалар да: жүрек те, өкпе де, қалған ағзалар да жұмыс істемейді. Операциядан кейінгі кезеңде де күрделі қатерлер болуы мүмкін.
Негізінен Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігерлері бауыр ауыстыруды Оңтүстік Кореядан жасап үйренді. Онымен қоса, АҚШ-та "Болашақ" бойынша оқып келген дәрігерлеріміз бар. Осы орайда, мемлекетімізге мамандарды шетелде оқытуға қаржы құйғаны үшін алғыс айтуымыз керек. Соның а рқасында бауыр трансплантациясы секілді өте күрделі операцияны жасау Қазақстанда да мүмкін болып отыр.
- Ұйқы безі обыры туралы кеңірек айтып беріңізші. Адам неліктен ол ауруға шалдығады?
- Ұйқы безі ауруының шалдығу сипатын бірнеше түрге жіктеуге болады. Бірінші кезекте, адамның генетикалық бейімділігі туралы айта кеткен жөн. Екіншіден, оған қант диабеті де себеп болады. Үшіншіден, жасуша қатерлі ісікке ұшырауға бейім болатын панкреатит. Одан басқа, радиация мен шектен тыс темекі өнімдерін шегудің салдары туралы да ұмытпау керек.
Есіме түсіп отырғаны, кеңестік-ресейлік гепатобилиарлы хирург Юрий Патютко ұйқы безі обыры аллергиялық факторлардан туындауы мүмкін деп есептейтінін айта кеткім келеді. Өзіңіз көріп отырғандай, бұл онкологиялық аурудың пайда болуының нақты бір басты себебі жоқ.
- Ал онкологиялық аурулардың ең көп таралған түрі қандай?
- Ұйқы безі обырының ең кең таралған түрі – бұл өт жолының аденокарциномасы. Жалпы, ұйқы безінің көлемі – ол ені 2 сантиметр және ұзындығы 8 сантиметр болып келеді. Ол жерде сондай-ақ шамамен 0,1-0,2 миллиметр болатын жіңішке өт жолдары да бар. 80 пайыз жағдайда өт жолының обыры дәл осы өт жолдарында пайда болады. Осылайша, ауруды диагностикалау қиындау түседі, себебі ісіктерге жол табу соншалықты оңай емес. Нақты әрі дәл нәтижені алу үшін дәл сол өт жолынан биопсия алу қажет болады.
- Күнделікті өмірде ұйқы безін алғызып тастаған адамдарды кездестіріп жатамыз. Жалпы бұл ағзаны алып тастау операциясынан соң адам қандай қиындықтармен бетпе-бет келеді?
- Ұйқы безі – бұл ас қорыту жүйесінің ағзасына жатады. Яғни ішкі процестер үшін ғана емес, сыртқы процестер үшін де қажетті гормондарды бөлетін ағза. Қарапайым тілмен айтқанда, ақуыздар, көмірсу мен майларды ыдырататын ферменті бар ұйқы безі сөлін бөледі. Осылайша, ол көптеген маңызды процестерді реттейтін ферменттерді бөледі, ол ферменттер қанға өтеді. Ұйқы безі ас қорытудан бөлек, эндокриндік қызметке де қатысады. Инсулин мен глюкагон гормондарын шығарады. Өздеріңіз білетіндей, инсулин ағзадағы жасушалар мен тіндерді тасымалдайды. Әрі қарай энергия көзіне айналады, сөйтіп, қандағы қанттың деңгейін реттеп отырады. Ұйқы безін алып тастаған соң пациенттерді әрине, өзінен-өзі фермент бөлу процесі де болмайды. Сол себепті қант диабеті дертіне шалдығады.
- Оны реттеуге болмай ма?
- Әрине, реттеуге болады. Алайда пациенттің өмір сүру сапасына бәрібір әсерін тигізбей қоймайды. Үнемі инсулин қабылдап отыруға тура келеді, оның үстіне, диетаны да ұстануы қажет. Ұйқы безін алып тастау кезінде дәрігерлердің ең басты міндеті – пациенттің өмір сүруін барынша ұзарту. Сол үшін осы операцияны жасауға шешім қабылданып жатады.
- Ал елімізде жыл сайын ұйқы безінің обырына қанша адам шалдығады? Осыған қатысты қандай да бір деректер бар ма?
- Алматыдағы Онкология және радиология институты жүргізген статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде ұйқы безі обырына шалдығудың 1200-дей жағдайы тіркеледі екен. Өкінішке қарай, осындай диагнозға шалдыққан пациенттердің 80 пайызы қайтыс болады. Мұншалықты жоғары өлім-жітімнің себебін азаматтарымыздың кәсіби дәрігерлердің көмегіне кеш жүгінуі екендігін айта кеткен жөн. Оның үстіне, ұйқы безінің обыры әдетте айтарлықтай белгілермен байқала бермейді. Ауырсыну синдромы болады, бірақ көп адамдар оны елемеуі мүмкін.
Ал енді статистикалық деректерге тоқталсақ. Жақында Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа ғимараты ашылады деп күтіп отырмыз. Осыдан соң онкологиялық науқастардың санына қатысты статистикалық деректерді өзіміз жинайтын боламыз деп сенемін.
- Осы бір аса қатерлі дерттің – ұйқы безі онкологиясының алдын алу үшін қандай кеңес ұсынар едіңіз...
- Шылым шекпеңіз. Темекі – ұйқы безі обырына шалдықтырады деген қатерге іліккен ең басты фактор. Өзіңіздің тамақтану рационыңызды реттеңіз. Дене салмағыңызды бақылауда ұстаңыз. Артық салмақ та – денсаулықтың жауы. Одан кейін физикалық белсенділікті сақтаңыз. "Шынықсаң, шымыр боласың". Алкогольдік ішімдіктерден бас тартыңыз. Оның да денсаулыққа ешқандай пайдасы жоқ екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Жұмыс орнында химиялық заттардың әсерін шектеңіз. Бұл ескертуім әсіресе өндірісте, зиянды заттармен бетпе-бет жұмыс істейтін жандарға бағытталады. Дәрігер ретінде тағы бір кеңесім: асқазан-ішек жолдарының, ұйқы безінің саулығын қадағалаңыз. Панкреатит, аденома немесе ұйқы безінің кистасы, қант диабеті, бауыр циррозы сынды диагноздар болса, оларды емдеу немесе бақылауда ұстау керек.
- Ұйқы безінің обыры кезінде химиялық терапия туралы не айта аласыз?
- Егер ісік тамырға дейін өсіп кетсе немесе омыртқаға жанасып тиіп тұрса, операция жасау науқастың жағдайын одан сайын қиындата түседі. Ондай жағдайда біз неоадъювантты химиятерапияға жүгінеміз. Операциядан соң адъювантты химиятерапия жасалады, әдетте ол алты курстан он екі курсқа дейін созылады. Орталығымызда бүгінгі таңда әр пациентке қолайлы емді таңдайтын білікті химиятерапевттер жұмыс істейді.
- Жыл сайын қанша адамды емдейсіздер?
- Орталық енді ашылған жылдары орталықта операциялық еммен жыл сайын шамамен 20-25 адамды емдейтінбіз. Қазір біздің деңгейіміз де өсті деп айта аламын. Жыл сайын ұйқы безіне шалдыққандарға 40-45 операция жасайтын деңгейге жеттік. Өкінішке қарай, көптеген пациентке көмектесе алмай жатамыз. Себебі олар дәрігердің көмегіне қатерлі ісік операция жасауға жарамайтын сатыға дейін асқынып кеткен кезде бір-ақ жүгінеді. Ұйқы безінің обыры өзіңіз түсініп отырғандай, емдеуге көне қоймайды. Операциядан кейін бесжылдық өмір сүру мүмкіндігі – небәрі 10 пайызды ғана құрайды. Сонымен қатар ұйқы безін жартылай алып тастаған кезде адам қалыпты өмір сүру салтымен өмір сүре бере алады. Қант диабеті де ағзаны толықтай алып тастаған кезде ғана пайда болады.
- Ал сіздің практикаңызда дәрігерлер ұйқы безі обырының бар-жоғына дұрыс диагностика жасай алмай, салдарынан науқасты басқа ауруға шалдықты деп емдеген жайттар кездесті ме?
- Иә, өкінішке қарай, ондай жағдайлар еліміздің өңірлерінде орын алған жайттар болған. Көп жағдайда гепатолог-гастроэнтеролог дәрігерлер онкологиялық жағдайды жеткілікті техникалық жабдықтау болмағандықтан дұрыс диагностика жасай алмай, пациенттерді сарғаюдан емдеген. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, тіпті бес, он күн өтсе де, науқастың жағдайы жақсармайды. Олар емді жылдамдата түседі, өт айдайтын препараттар тағайындайды, сонда да емнен еш нәтиже шықпайды. Ақыр соңында пациентте обыр екендігі анықталады. Сондықтан біз өңірлерге дәріс оқуға барған кезде жергілікті дәрігерлерге үнемі мынаны айтып отырамыз. "Егер ересек пациентте сарғаю белгілері болса, оны ең бірінші бізге – онкологтарға жіберіңіздер" деп ескертеміз. Бір нәрсені білген жөн. Сарғаю – ұйқы безі обырының ең қауіпті белгілерінің біріне жатады.
- Жақын онжылдықта әлемдік дәрігерлік қауымдастық адамдардың қатерлі ісіктен қайтыс болмауына қол жеткізе ала ма? Осы тұрғыда маман ретіндегі ойыңызды білсем деп едім...
- Есіме бір жайт түсіп отыр. Бірде Қазақстанға америкалық профессор, Питтсбург қаласының бас онколог дәрігері келді. Ол: "Қатерлі ісік жасушаларының пайда болу себебін тапқан адам Нобель сыйлығын алады" деп айтты. Сәйкесінше, оның пайда болу себебін тапқан адам оның ең тиімді емдеу әдісін де табатыны сөзсіз. Бұл қуанышты жаңалықтың қашан орын алатынын ешкім де білмейді. Бәлкім, болашақта медицина онкологияда хирургиялық жолмен емдеу емнің ең басты әдісі болмай қалатын деңгейге дейін жететін шығар. Қазірдің өзінде ұйқы безі, бауыр мен өзге де ағзаларға арналған онкомаркерлердің жүйесі бар. Олар патологиялық процестерді онкологиялық ауруды алғаш рет анықтағанға дейін анықтауға мүмкіндік береді.
- Бізде кадр мәселесі қалай? Жеткілікті ме? Қазақстандағы дәрігер тапшылығын азайта аламыз ба?
- Кадр тапшылығы, дәрігерлердің жетіспеушілігі – бұрыннан талқыланып келе жатқан өте өзекті мәселе деп айтар едім. Менің ойымша, дәрігер мамандардың тапшылығын жоюдың бір ғана жолы, жалғыз ғана тәсілі бар. Ол – медициналық қызметкерлердің еңбекақысын арттыру. Бұл мамандарымыздың жағдайын жақсартып, біздің мамандығымызға жаңа мамандарды тартуға, қызықтыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін.
- Әңгімеңізге рахмет!