Үйлерді кез келген уақытта су басуы мүмкін – Орал қаласы әкімдігі

Бұл туралы Республикалық ақпараттық штаб брифингінде БҚО әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Ерхан Таткен баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа ғана маған ақпарат келіп түсті. Қала әкімдігі дәл қазір тұрғындарға үндеу жасапты. Ресейдің Орынбор аймағынан су 2-3 күнде келетіндіктен, Орал қаласындағы қауіпті аймақтардың тұрғындары дереу қауіпсіз жерлерге көшірілуі тиіс деген. Атап айтқанда, Орал қаласындағы Жайық өзені бойындағы саяжайлардың, су басу қаупі жоғары Курени, Старица, Коминтерн аудандарының тұрғындарды шұғыл арада эвакуациялау қажет, - деді ол.

Ерхан Таткен әкімдік судың мол көлемі кез келген уақытта жетіп, үйлерді су басуы мүмкін екенін хабарлағанын айтты.

Осыған байланысты облыс орталығында эвакуациялық пункттер жасақталған. Олар тұрғындарды күні-түні үздіксіз қабылдайды, - деді баспасөз қызметінің басшысы.

Орал қаласы мен Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Өзен жағасындағы елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жалғасады.

Айта кетейік, облыс бойынша су тасқыны басталғалы бері 14 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Эвакуациялық пункттерге 2 мыңнан астам адам орналасты. Қалған тұрғындар өздерінің жақындары мен туысқандарының үйлеріне көшіп жатыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, БҚО-да жағдай күрделі екені белгілі болды. Себебі қауіпті деңгейге жарты-ақ метр қалған көрінеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы