Үйірмелерге еркін жол: ваучерлік жүйе пилоттық режимде іске қосылды

Биыл елде 1 маусымнан бастап бірыңғай ваучер жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жобаны бірнеше ведомство бірігіп қолға алған.

Яғни ведомствоаралық сипатқа ие жобаны Мәдениет және ақпарат министрлігі (шығармашылық), Туризм және спорт министрлігі (спорт), Оқу-ағарту министрлігі (қосымша білім беру), сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі (техникалық сүйемелдеу) бірлесе іске асырады.

Басты жаңашылдық – ваучер енді ұйымға емес, балаға бекітіледі. Бұл спорт, шығармашылық және білім беру бағыттары арасында еркін ауысуға мүмкіндік береді. Яғни қаржыландыру сақталады, ал қайтадан кезекке тұру талап етілмейді, - деп атап өтті Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Белгілі болғандай, пилоттық жоба Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында өтеді. Аталған жүйе мемлекеттік және жекеменшік спорттық секциялары, шығармашылық үйірмелері мен қосымша білім беру курстарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.

Жобаның маңызды жаңалықтарының бірі – әділеттілікті қамтамасыз ететін бірыңғай кезектің енгізілуі. Енді балалар 12 санат бойынша кезекке қойылады. Олардың қатарында әлеуметтік осал топтағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да бар.

Қызмет ақысын мемлекет тек нақты көрсетілген сабақ үшін төлейді. Сабаққа қатысу цифрлық жүйе арқылы тіркеліп, ата-ана төлемді тікелей таңдаған үйірмеге жібереді. Мұндай тәсіл артық есептілікті болдырмай, үдерісті ашық әрі әділ етеді.

Егер үйірме балаға ұнамаса, ата-ана ешқандай құжатты қайта тапсырмай-ақ басқа ұйымды таңдай алады. Бұл ретте ваучердің күші жойылмайды. Бұл – жүйенің икемділігін арттырып, баланың мүддесі мен қажеттілігін ескеруге жол ашады.

Біз мемлекеттік тапсырысты субъективті үлестіру тәжірибесінен бас тартамыз. Енді барлық талаптарға сай ұйымдар цифрлық платформа арқылы өздері өтінім бере алады. Арнайы комиссия тексеріс жүргізіп, тізімге енгізу туралы шешім қабылдайды, - деп түсіндірді вице-министр Майра Мелдебекова.

Бұл ұйымдарға жаңа мүмкіндіктер ашып, балалар үшін үйірмелер мен секцияларды еркін таңдауға жол ашады.

Жаңа модель – бұл тек техникалық жаңғырту емес, жүйені ашықтыққа, әділеттілік пен икемділікке бағытталған түбегейлі өзгеріс. Біз барлық мүдделі тараптардың ұсыныстарын жинап жатырмыз. Қажет болса, қайта қарап, жүйеге өзгеріс енгізуге дайынбыз, - деді вице-министр.

Пилоттық жобаның нәтижесінде барлық ұсыныс пен тәжірибе ескеріліп, алгоритм жетілдіріледі. Бұдан кейін жаңа жүйе республика бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы