Үйіңізге білдіртпей «пропискаға» тұрып алатындарды қалай тоқтатуға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі кезде «прописка» мәселесі өте өзекті болып тұр. Себебі әлеуметтік желілерде үйлеріне белгісіз адамдар тіркеліп алғанына шағымданып жүрген азаматтар бар. Одан бөлек, редакциямызға да бөгде адамдардың артқы уақытпен үйіне тіркелгенін анықтаған оқырман хабарласты. 

Осы мәселе бойынша толық ақпарат алу үшін ҚР ІІМ мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сауал жолдадық. 

Жалпы азаматтар үйлеріне бөгде адамдардың тіркелгенін қалай біле алады? Қазір өздеріңіз білесіздер, әлеуметтік желіде болсын, аялдамалардың ақпараттық тақталарында «Прописка» деген түрлі хабарламалар бар. Бұлай бизнес жасау қаншалықты заңды? Олар өздеріне жүгінген адамдарды қайда, кімнің үйіне тіркеп жатыр? Азаматтардың жеке мәліметтері қаншалықты қорғалған?  Елімізде «пропискасы» барлардың саны мен  жоқтардың саны қанша? Осы сияқты сауалдарға аталған органдар жауап берді. 

  Халық шағымы. «Танымайтын адамдар үйде пропискада тұр» 

Астана тұрғындарының арыз-шағымдары жазылатын Instagram-дағы парақшада мынадай жазба шықты. 

Бүгін маған қоқыс үшін үлкен көлемде шот келді. Әйтсе де үйге мен және күйеуім ғана тіркелгенбіз. eGov-қа қанша адам тіркелгенін тексеру үшін кіріп көрдім. Өз көзіме өзім сенбедім. Себебі бейтаныс 4 адам артқы уақытпен тіркеліп тұр. Біреу менің деректерім арқылы кіріп, артқы уақытпен осындай әрекет жасаған. Бұл қалай болғаны? Біз ХҚО-ға жеке деректерімізді сеніп тіркейміз. Ал оны кім қалай пайдаланатыны белгісіз? Әрине мен бұл адамдарды тізімнен шығарып тастай аламын. Дегенмен ол адамдар үшін келген шот қалады, - деп жазған қолданушысы. 

Одан бөлек, редакциямызға осы жазбаны оқығаннан кейін үйіне білгісіз адамдар тіркелгенін анықтаған әріптесіміз хабарласты. 

Инстаграмда жарияланған жазбаны оқығаннан кейін мен де үйіме тіркелгендерді тексеріп көрдім. Себебі бұған дейін қоқысқа 780 теңге төлейтінмін, өйткені бір адамға арналған тариф көлемі - 390 теңге. Тексеріп қарасам, қоқысқа 1560 теңге келіп тұр. Содан кейін eGov-тан Telegram-бот арқылы тексеріп көрдім. Нәтижесінде белгісіз екі кісі тіркеліп тұр. Олар 2005 және 2015 жылдары тіркелген. Дегенмен мен үйді 2017 жылы сатып алғанда өзімді және ұлым дүниеге келген соң ұлымды тіркедім. Осы жағдайлар анықталған соң ХҚО-на бардым. Жағдайды айтып, артық екі адам тіркелгенін түсіндірдім. Орталық қызметкерлері не себепті осындай жағдай орын алып жатқанын айтты. Олардың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда деректің бәрі тексеріліп жатыр. «Сондықтан базада осылай шығып жатыр» деп жауап берді. Деректер тексерілетін болса, неге алдын ала ескерту жасамайды? Тарифтердің ай сайынғы шоты келгенде ғана білім жатырмыз, – деді Назым Бөлесова 

Оның сөзінше, ХҚО-на барғанда адам қарасы өте көп болған. Тіпті бір үйге 21 адам тіркелгендері де бар. 

Қызмет көрсету орталығына барғанымда менікіндей мәселемен кезекте 10-15-ке жуық адам болды. Олардың бәрі артық адамды алдыртып тастау үшін келген. 2005, 2015 жылдары тіркелген болса, төлейтін тарифтер үнемі ай сайын 4 адамға келіп тұруы керек емес пе? 2019 жылы үйіме тіркелгендердің санын тексергенде ХҚО-дағылар «Сіз және ұлыңыз ғана» деп айтқан болатын. Енді жаңағы 2 адам қалай тіркеліп алған? Ол белгісіз, - деп шағымын айтты ол. 

19 қазанда Айнұр Сәмедова Facebook-тегі парақшасында белгісіз адамның пәтеріне тіркеліп алғанын жазған.   

Бүгін пәтеріме белгісіз Малышева деген кісінің тіркелгенін кездейсоқ біліп отырмын. Ипотека алғаныма екі жыл болды. Шоттың бәрі 2 адам үшін келеді. Оған дейін ешқандай болған емес. Қазір eGov-тағы ақпаратқа сәйкес, оның 15-нен бастап тіркелгені көрсетіліп тұр, - деп жазған ол. 

  Мекенжайға тіркелудің жолдары қандай? 

«Қазақстан Республикасының халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу» мемлекеттік қызметінің стандартына сәйкес қазақстандықтар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері, яғни халыққа қызмет көрсету орталықтары мен egov.kz электрондық үкімет веб-порталы арқылы тіркеле алады.   

ХҚО-да тұрғылықты жері бойынша тіркеу процесі қызмет алушымен бірге тұрғын үй иесі өзі келіп, тұрақты немесе уақытша тіркеуге келісім берген жағдайда ғана іске асырылады. Бұл ең басты қағидат, басқаша болуы мүмкін емес. Тіркелуге келгенде, қызмет алушы мен тұрғын үй иесі жеке бастарын куәландыратын құжаттарын алып келуі тиіс. Қалған мәліметтер құзырлы мекемелердің ақпараттық жүйелерінен алынады, - деп жауап берді мемлекеттік корпорация. 

Еgov.kz электрондық үкімет веб-порталы арқылы азаматтарды тіркеу, тіркелушіден келіп түскен сұранысқа мүлік иесі веб-порталдағы «жеке кабинетінде» электрондық цифрлық қолтаңба немесе бір реттік парольдің көмегімен растаған кезде ғана жүзеге асырылады. Бұл әдісті қолдану үшін міндетті түрде  мобильдік азаматтар базасында тіркелу керек. Сондай-ақ, егер жылжымайтын мүліктің бірнеше меншік иесі бар болса, олардың әрқайсысын растау қажет. 

  Бөгде адамның пәтерге тіркелгенін қалай тексеруге болады? 


Қазіргі уақытта пәтер иесі өз үйінде кім тіркелгенін өз бетінше тексере алады. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) болуы жеткілікті, осы ЭЦҚ пайдаланып «электрондық үкімет» порталында (www.egov.kz) «жеке» кабинеттен арнайы сервис арқылы өзінің мекенжай мәлеметтерінің өзектілігін тексеріп, сонымен бірге өзінің мекен-жайы бойынша тіркелген адамдарды тексере алады, - деп жауап берді ҚР Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Галина Сәрсенова. 

  «Мұндай бизнесті жүргізу заңсыз». Аялдамалардағы «прописка» хабарламасы туралы 

Аялдамаларда немесе интернет желісінде хабарлама  орналастырған хабарлама иелері өз меншігіндегі жылжымайтын мүлікке ғана азаматтарды тіркеуге құқығы бар, алайда  аталған қызмет түрін ақылы негізде көрсету заңсыз болып табылады. Осы жерде тағы бір маңызды мәселе - азаматтар өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбаларын тек өздері ғана пайдаланып, онлайн қызметтерді өз бетінше алулары тиіс, себебі ЭЦҚ-ны бөгде кісілерге көрсету немесе беру арқылы алаяқтардың тұзағына түсіп қалуы мүмкін. Мәселен, осындай жағдайлардан кейін де тұрғын үйлерінде бейтаныс адамдар тіркеле бастауы ықтимал, - деп жауап берді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы. 

Сонымен қатар, ІІМ министрлігінің айтуынша, мұндай бизнес жасау заңсыз. 

Мұндай бизнесті жүргізу заңсыз екені сөзсіз. Көп жағдайда үй иелерінің өздері пәтерлеріне көп адамдарды тіркейді, өйткені азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуге ешқандай шектеулер жоқ, - дейді полиция полковнигі Галина Сәрсенова. 

Сонымен бірге, ішкі істер органдарының ақпараттық жүйесі арқылы негізсіз тіркеуге жол берген мекенжайларды анықтап, олардың иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын хабарлады. 

Ал мекен-жайда тұрмайтын адамдар тіркеуден шығарылуға жатады, сондықтан мұндай мекен-жайлардың саны әр тексеріс сайын азайып отырады, - деп атап өтті ол. 

Мекенжайы бойынша тұрмайтындарды тіркегендер айыппұл төлейді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 493-бабы бойынша іс жүзінде өзінің мекенжайында тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге жол берген үй иесіне жауапкершілік көзделген: 

- 1 бөлім - жеке тұлғаларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады;
- 2 бөлім - әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда - 20 АЕК айыппұл салынады.
Сонымен қатар, өзіне тиесілі тұрғын үйде тіркелген, бірақ тұрмайтын жеке тұлғаларды есептен шығару шарасын қолданбаған меншік иесіне айыппұл түрінде жауапкершілік қарастырылған:
- 3-бөлім - 5 АЕК көлеміндегі айыппұл;
- 4-бөлім - әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде - 10 АЕК. 

Бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ Интернет-ресурстарда коммерциялық негізде тұрғын үйге тіркеу қызметі туралы жарнама таратын адамдарды анықтау бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асырылады. Әрине, мұндай адамдардың әлгіндей қызметін дәлелдеу қиынға соғады, өйткені осындай қызметке жүгінетін адамдар өтініш немесе төлем фактісін растай алмады. Дегенмен, соған қарамастан, осындай фактілер анықталған кезде оларға әкімшілік заңнама шеңберінде тиісті шаралар қолданылады, - деді ІІМ өкілі. 

Министрліктің мәліметі бойынша Кодекстің 493-бабы бойынша 2019 жылы 794, ал 2020 жылдың 9 айында 91 үй иесі жауапкершілікке тартылды.   

Бөгде 2 адам артқы уақытпен қалай тіркеліп алған? 

2018 жылдың қараша айынан бастап Ішкі істер министрлігі ақпараттық жүйелерін, «Мекен-жай тіркелімі» (ЦДИАӨМ), «Жылжымайтын мүлік тізілімі» (Әділет министрлігі және Мемлекеттік корпорация) ақпараттық жүйелерін біріктіру (интеграциялау) шеңберінде мемлекеттік органдар Мекенжайдың тіркеу кодексі - МТК (бұл әкімдік әрбір меншікке берген мекен-жай коды) бойынша бірыңғай мекенжай форматына көшті, соның негізінде «электрондық үй кітабы» құрылды. Яғни, енді әр азаматтың мекенжайына осы мекенжай бойынша тіркелген адамдардың санын тексеруге болатын МТК коды тағайындалды, - деді полиция полковнигі Галина Сәрсенова. 

Азаматтардың мекенжай ақпаратына МТК кодын беру бойынша жұмыстар әкімдіктер және Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп автоматты түрде жүргізілуде. 

Сондықтан мәліметтер базасы күн сайын жаңартылып, МТК коды туралы мәліметтермен толтырылады, егер код мекенжайға кейін берілген болса және пәтерді сатқан кезде азаматты пәтердің бұрынғы иесі тіркеуден шығармаса, онда МТК коды енгізілген кезде, осы азамат туралы мәліметтер мекен-жайда көрсетіледі. Сол үшін «электронды үй кітабы» құрылды. Бұл кітаптың негізгі міндеті - азаматтарға МТК кодын тіркеу. Сол арқылы үй иелері өз пәтерінде тіркелген азаматтар туралы мәліметтерді тексеріп, мекен-жайы бойынша тұрмайтын адамдарды анықтай алады, - дейді Көші-қон қызметі комитеті өкілі. 

Сонымен қатар, үй иесі ХҚКО-на жүгініп, немесе ЭЦҚ бар болса ЭҮП арқылы мекенжайы бойынша тұрмайтын адамдарды тіркеуден шығаруға мүмкіндігі бар. 

Егер мекенжайдағы сәйкессіздіктер анықталса, азаматтар бізге жүгінеді және әрбір осындай шағым бойынша біз әр фактіге жеке тексерулер жүргіземіз. Мысалы, егер МТК мекенжайы дұрыс берілмеген болса немесе әкімдік бірдей МТК-ны екі үйге берген болса және басқа да. Егер дұрыс емес МТК анықталса, мәліметтер базасындағы деректерді жаңарту бойынша шаралар қолданылады, - деп атап өтті полиция полковнигі. 
Сонымен қатар, ІІМ жоғарыда айтылған Назым Бөлесованың мекен-жайы бойынша 2 бейтаныс адамды көрсету себептерінің бірі үйдің бұрынғы иесінің бұрын тіркелген адамдарды уақытылы тіркеуден шығаруы немесе МТК кодын мекенжайға тағайындау кезінде қателік жіберуі мүмкін. Әр іс бөлек тексерілетіндіктен, бұл жағдайда үй иесінің мәліметтері, яғни толық аты-жөні, байланыстары қажет болады. 

Азаматтарға арналған мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, тіркеуден шығаруды тек меншік иесі ғана жүзеге асыра алады. 

Ол үшін: 

1) egov.kz «Электрондық үкімет» порталына электрондық-цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып немесе бір реттік пароль арқылы жүгіну қажет. Бұл әдісті қолдану үшін қызмет алушы  мобильдік азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс;
2) жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік корпорацияның фронт-офистеріне жүгіну қажет. 

  Мекенжайларға бөгде адамдардың тіркелуі статистикасы бар ма? 

Қазір азаматтардың мекенжайларына МТК кодын тағайындау процесін автоматтандыру бойынша өтпелі кезең жүріп жатыр. Сондықтан, әрине, жергілікті атқарушы органдардың бұрынғы жіберген қателіктері, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қызметкерлерінің «Мекенжай тіркелімін» толтыру кезінде жіберген техникалық сипаттағы қателіктері де анықталып жатады. Мысалы, «Мекенжай тіркеліміндегі» өзгертілген мекенжайлар туралы тарихи ақпараттың болмауы, Сәулет басқармасының екі үйге бір мекенжайды дұрыс тағайындамауы, МТК кодын мекенжайға немесе бірнеше мекенжайларға бір уақытта дұрыс тағайындамауы, - дейді Галина Сәрсенова өз жауабында. 

Оның айтуынша, мәліметтер қорының қорғалмағаны туралы мәселе болуы мүмкін емес. 

Мәліметтер қоры құрамындағы деректерді қорғайды. Азаматтарды заңсыз тіркеу фактілері анықталған жоқ. Бұл жағдайда азаматтардың мекенжайы бойынша дұрыс көрсетілмеуінің басты себебі - азаматтың мекенжайында МТК кодының дұрыс жазылмауы, - деді полиция полковнигі. 

Министрлік мәліметіне сәйкес осы жылдың басынан бастап өз мекенжайларына бөгде адамдардың тіркелуіне қатысты 30-ға жуық азамат хабарласқан. 

Тексерулердің нәтижелері бойынша өтініш берушілердің мекенжайларында бөтен адамдардың көрсетілу себебі - жергілікті атқарушы органның олардың мекенжайына қате МТК кодын беруі салдарынан екені анықталды. Сондай-ақ пәтердің бұрынғы иелері өзінің мекенжайында тіркелген адамдарды уақытында алып тастамауы салдарынан бұрын тіркелген адамдардың тізімі шыққан жағдайлар да кездесті, - деп атап өтті ведомство өкілі. 

  «Жеке кабинетте» кім, қай уақытта және қандай жолмен тіркелгендігі көрініп тұрады 

Жылжымайтын мүлікті сатып алып, заңды түрде құқықтары тіркелгеннен кейін меншік иесі egov.kz веб-порталында «жеке кабинеттің» Мүлік тармағында тіркеуде тұрған азаматтардың тізімін көре алады және порталда автоматтандырылған «Қазақстан Республикасының халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу есебінен шығару» мемлекеттік қызметінің көмегімен тізімдегі бөгде адамдарды олардың келісімінсіз тіркеуден шығаруға мүмкіндігі бар, - деді Азаматтарға арналған үкімет өз жауабында. 

Олар хабарлағандай, «жеке кабинетте» кім, қай уақытта және қандай жолмен тіркелгендігі көрініп тұрады. Егер азаматтар өздерінің тұрғын үйлерінде бөгде адамдардың тіркелгенін байқаса, құзырлы органнан қызметтік тексеріс жүргізуді өтіне алады. Көбіне бұл жоғарыда айтқан техникалық қателіктердің салдарынан орын алған жағдайлар екені анықталып жатады. Немесе үйдің бұрынғы иелері тіркеуден шығуды ұмытып кетуі мүмкін. 

  Азаматтардың жеке мәліметтері қаншалықты қорғалған? 

Азаматтардың жеке мәліметтері құзыретті мекемелердің ақпараттық базаларында сақталады, сондықтан деректер жүйесінің қауіпсіздігіне уәкілетті органдар жауапты. 

Мәселен,  тұрғындардың мекенжай бойынша тіркелу, яғни «пропискасына», сондай-ақ айыппұлдарына, автокөліктеріне қатысты жеке мәліметтері Ішкі істер министрілігінің базасында болса, адамдардың отбасылық жағдайы, некесі немесе мүліктері туралы деректері Әділет министрлігінің ақпараттық базасында сақталады. Бұл орайда әрбір мекеме өз базасын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті, - деді Мемлекеттік корпорация. 

Олардың хабарлауынша, ХҚО мамандары азаматтардан құжатты қабылдау барысында қай қызмет сұратылса, нақты сол мемлекеттік қызметке қатысты деректерді ғана автоматты түрде көре алады. 

Қызмет рәсімделіп болғаннан кейін операторлар құжаттарды жауапты мекемеге жолдайды. Бұл тұрғыда, ХҚО мамандары ақпараттық жүйелерге өз еркімен кіріп-шыға алмайды, қандай да бір деректерге қол жеткізе алмайды. Тіпті қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында, «Электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинетте мемлекеттік қызметтерді Мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері арқылы алуға тыйым салу функциясын да іске асырдық, - дейді Азаматтарға арналған үкімет жауабында. 

Азаматтарға арналған үкімет берген мәліметке сәйкес мемлекеттік мекемелерден бөлек телекоммуникация, банк және басқа да саладағы ұйымдардың жеке ақпараттық базалары бар. 

Оның үстіне азаматтар түрлі мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде өздері жайлы жеке мәліметтер таратып, қауіпсіздіктеріне нұқсан келтіріп жатады. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тек мемлекет қана емес, азаматтардың өздері де абай болуы керектігін ескерткіміз келеді, - деді мемкорпорация.  
Осы ретте аталған сұрақ бойынша ІІМ де жауап берді. 

«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» және «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Заңдардың 11-баптарына сәйкес, иелері және операторлар, сондай-ақ қолжетімділігі шектеулі жеке деректерге қол жеткізетін үшінші тұлғалар деректердің құпиялығын субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз немесе басқа заңды негіздер арқылы олардың таралуын болдырмау жөніндегі талаптарды орындау арқылы қамтамасыз етеді, - деп айтты Галина Сәрсенова. 

Ішкі істер министрлігінің ақпараттық базасы қол жетімділігі шектеулі жеке деректердің құпиялығын толығымен қамтамасыз етеді. 

  Елімізде қанша адамның «пропискасы» жоқ? 

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы ІІМ-нің құжаттандырылған халықтың деректер базасының мәліметтеріне сәйкес 17,5 миллионға жуық Қазақстан Республикасының азамат тұрғылықты жері бойынша тіркелген, - деді Галина Сәрсенова. 

Тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтар ХҚКО-ға тұрғылықты жері бойынша тіркеуге қатысты жүгінген кезде немесе ішкі істер органдарының жедел профилактикалық іс-шараларын жүзеге асыру кезінде анықталады. Егер тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ адамдар анықталса, олар ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабында көзделген әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 

2019 жылы аталған Кодекстің 492-бабы бойынша 25457, 2020 жылдың 9 айында 10 215 азамат жауапқа тартылды, - деді ол. 

Қосымша ақпарат. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында 2016 жылғы сәуірде мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері ретінде құрылған корпорацияның құрамына төрт республикалық мемлекеттік кәсіпорын – «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық», «Жер кадастры ғылыми өндірістік орталығы» және «Жылжымайтын мүлік орталығы» кірді. 


Мемлекеттік корпорация «бір терезе» қағидаты бойынша жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтер көрсету, коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды тіркеу, міндетті мемлекеттік тіркеуіне жатпайтын жылжымалы мүлкі кепілін тіркеу, ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың құрамдастарын техникалық зерттеп-қарау, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қызметті жүзеге асырады. 


«Азаматтарға арналған үкіметте» жұмыс істейтін 22 мыңдай адам жылына 27,2 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетеді. Қазақстан бойынша 339 халыққа қызмет көрсету орталығы (соның ішінде 17 көші-қон ХҚО), 442 бэк-офис, 21 цифрлық қызмет көрсету орталығы, 27 мамандандырылған ХҚО және 70 мобильді ХҚО бар. 

Мемлекеттік қызметтердің дені халыққа қызмет көрстеу орталықтары, яғни фронт-офистер арқылы көрсетіледі. Бэк-офистер жылжымайтын мүліктің техникалық сипаттамасы мен жер кадастрын жүргізеді, жердің топырағы мен агрохимиялық зерттеуін жасайды, зейнетақылар мен жәрдемақыларды есептейді. Көші-қон ХҚО миграциялық бағыттағы қызметтерді көрсетсе, Мобильді ХҚО мемлекеттік қызметтерді шалғай елдімекендердің тұрғындарына ұсыну үшін құрылған. Мамандандырылған ХҚО автокөліктерді тіркеу және жүргізушілік куәлігін беру қызметін көрсетеді. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 1414 және әлеуметтік мәселелер бойынша 1411 бірыңғай байланыс орталықтары азаматтарға консультациялық қызметтер көрсетеді. 


Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында электрондық сервистердің тиімділігін арттыру, қағаз құжат айналымын қысқарту, «электрондық үкімет» порталының қызметтерін насихаттау, халықтың цифрлық сауаттылығын көтеру мақсатында қарқынды түрде саланы цифрландырып, қызметтерді оңтайландырып, автоматтандырып, инновациялық жаңашылдықтарды енгізуде.  

Ақпаратқа дер кезінде қол жеткізуге мүмкіндік бергендері үшін ҚР ІІМ мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметтеріне алғыс білдіреміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы