Үйінен 150-ден астам өлі мысық табылған әйел қамауға алынды
Жапонияның Кумамото қаласында үйінен 150-ден астам өлі мысық табылған 51 жастағы жұмыссыз әйел жануарларды қорғау заңын бұзды деген күдікпен қамауға алынды. Тергеу барысында ол мысықтарды бағып-қағу қиындағанын мойындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция дерегінше, Юки Мията өткен жылдың ақпан айынан биылғы маусымға дейін өз үйінде мысықтарды ерікті түрде бағып келген, - деп хабарлайды Japan Today басылымы.
Алайда Мията үй жануарларының қалдықтарын тазаламай, оларды қараусыз қалдырып, жеткілікті мөлшерде тамақ бермеген.
Мамыр айында жануарларды қорғау қызметіне қатыгездік туралы шағым түскеннен кейін олардың өкілдері Миятаның үйін тексеріп, шамамен 150 қаңқаға айналған және шіріп кеткен мысықтың өлі денесін анықтаған. Сондай-ақ әбден ашығып, әлсіреген тағы 12 мысық табылған.
Маусым айында полицияға қылмыстық іс қозғау жөнінде ресми арыз түсті.
Мен бағып жүрген мысықтардың саны көбейген сайын шығын да, оларды күтуге кететін күш те артып, біртіндеп бұл тым қиынға соға бастады", – деп түсіндірген Мията тергеу кезінде.
Бұған дейін тағы бір қылмыстық іс, яғни сейфтерді ұрлаған банк қызметкері 12 жылға сотталуы мүмкін екені жайлы жаздық.