6 Қараша 2026, 07:42 Фото: КТК телеарнасы / видеодан скрин

«Үйінді астында қаламыз ба деп қорқамыз»: Семейде 13 отбасы апатты үйде тұрып жатыр

Қаладағы тозығы жеткен үйде 13 отбасы тұрып жатыр. Тұрғындар жаңбыр жауса, төбеміз опырылып түсе ме деп қорқады.

Семейде бір ғасыр бұрын салынған апатты үйдің тұрғындары баспана мәселесін шешуді талап етіп отыр. 2025 жылы апатты деп танылған екі қабатты үйде бүгінде 13 отбасы тұрады. Бұл туралы BAQ.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындардың айтуынша, үйдің шатыры шіріп, қабырғалары мен едені тозған. Жаңбыр жауса, төбеден су ағады. Баспананың жағдайына алаңдаған мамандар тұрғындарға шатырға шықпауға кеңес берген.

Тұрғындар ескі үйді сүріп, орнына жаңасын салуға ниетті бірнеше мердігер болғанын айтады. Алайда оларға жер телімін бөлу мәселесі шешілмеген.

Ал қала әкімдігінің мәліметінше, үйді жаңарту үшін тұрғындар мен жеке инвестор арасында келісімшарт жасалуы қажет. Бірақ әзірге инвестор табылмаған. Үй апатты деп танылған жағдайда меншік иелері «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіне тұра алады.

Қазіргі уақытта Семейде 58 баспана тұруға жарамсыз деп танылған. Ал осы санат бойынша тұрғын үй кезегінде 122 адам тұр. Жаңа баспанаға қашан қол жеткізетіндері әзірге белгісіз.

Тұрғындар мәселе созбалаңға салынып, апатты үйдің астында қаламыз ба деп алаңдайды.