Үйін ойнатып, 1,2 миллиард теңге табыс тапқан блогер салық төлемеген
Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова BIZDIÑ ORTA подкасында салық төлеуге міндетті блогер туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сарапшының сөзінше, белгілі блогерлердің бірі курстан 1,5 миллиард теңге жинап, ал 300 миллион теңгеге үйді сыйлыққа берген
Мәліметтерге сенсек, блогер 30 мың теңгеден сатылатын курстарын өткізіп, сатып алушылар арасында лотерея ұйымдастырған. Осы әрекеттердің нәтижесінде ол тек бір жағдайдың өзінде 1,5 миллиард теңге жинаған. Ал 300 миллион теңгеге үйді сыйлыққа берген. 1,2 миллиард теңгені өзіне қалдырған, бірақ ол сомадан салық төлемеген.
Бір блогер 300 миллион теңгелік үйді ойнататынын жариялады. 50 мың адам оған 30 мың теңгеден жіберді. Нәтижесінде, ол 1,5 миллиард теңге жинады. Оның 300 миллионын үйге жұмсады, ал қалған 1,2 миллиардын өзіне қалдырды. Бірақ ол осы 1,2 миллиард теңгеге есеп берген жоқ. Қазір оған хабарлама жіберілді, оның қалай жауап беретініне қараймыз. Егер ол 1,2 миллиард теңгеден салық төлесе, бұл мәселе жабылады. Бірақ егер ол келіспей, төлеуден бас тартса, онда ол тәуекелдерді басқару жүйесіне түседі. Сол кезде оған салықтық тексеру тағайындалып, барлық банктік шоттарынан осы аударылған қаражаттар туралы ақпарат сұратылады, – деді Дина Құсайынова.
Дина Құсайынова тексеруден кейін 1,5 миллиард теңгеден де көп сома анықталуы мүмкін деп ойлап отыр.