14 Шілде 2026, 09:27 Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

"Үйге жету мұң болды": Алматы тұрғындары жаңа жол қозғалысы схемасына наразы

Тұрғын Алматы қаласы әкімдігіне үндеу жолдады.

Алматы тұрғыны Индира Түлебаева әлеуметтік желіде қаладағы бірқатар көшелердің қозғалыс бағытын өзгерту туралы шешімге наразылығын білдірді. Оның айтуынша, енгізілген өзгерістер жол қозғалысын жеңілдетудің орнына кептелісті күшейтіп жіберген, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тұрғын Алматы қаласы әкімдігіне үндеу жолдап, Прокофьев пен Түркебаев көшелерін біржақты ету туралы шешімнің қандай негізде қабылданғанын түсіндіруді сұрады.

Оның сөзінше, өзгерістен кейін негізгі көлік ағыны Абай даңғылының алдындағы Брусиловский көшесіне ауысқан. Бұрын бұл учаскеден жүру мүмкін болса, қазір тәуліктің кез келген уақытында ұзын-сонар кептеліс қалыптасады. Сондай-ақ ол Құлымбетов көшесіндегі жағдайға да тоқталды.

Бұрын бұл көше екі бағытта ашық болатын, тұрғындар Шәкәрім көшесі жағынан еш қиындықсыз автотұраққа кіретін. Ал қазір үйіне жету үшін үлкен айналма жолмен жүруге және кептелісте 20–30 минуттап тұруға мәжбүр. Мұның бәрі не үшін?, - дейді тұрғын.

Индира Түлебаеваның пікірінше, жаңа жол қозғалысы схемасын әзірлеу кезінде осы аудан тұрғындарының күнделікті қолайлылығы ескерілмеген.

Жолдарды жеңілдетудің орнына, бұл өзгерістер жолда кететін уақытты ұзартып, көрші көшелердегі көлік санын көбейтті, – дейді ол.

Тұрғын қала билігін жаңа қозғалыс схемасын қайта қарап, оның тиімділігін тек есепке сүйеніп емес, нақты жолдағы ахуал негізінде бағалауға шақырды.

Әкімдік әзірге бұл жазбаға қатысты жауап бермеді.