"Үйдің жылуы сіңген дәм": астаналық Назымның үйден бастаған кәсібі

Астана – қарбаласы бітпейтін, бәрі асығыс жүретін қала. Мұндай ортада шағын ғана үй асханасынан үлкен сұранысқа ие өнім дайындап, өзіндік клиенттік базасын қалыптастыру оңай емес. Дегенмен дәл осы қалада бір әйелдің адал еңбегі, үйдің жылуын сақтаған қол дәмі көптеген адамның жүрегін жаулап үлгерген. Ол – екі баланың анасы, ас үйін шағын наубайханаға айналдырған Назым Пернебекова. BAQ.KZ тілшісі Назыммен шағын кәсібі жөнінде тілдескен еді.

Назым бізді жылы жүзбен қарсы алып, шай ұсынып жүріп әңгімесін бастады. Оның дауысы сабырлы, ал үйінен шыққан жаңа піскен қамырдың иісі әңгімені ерекше жайлы етіп тұрды.

Пирог пісіру – бала кезден қалыптасқан әдетім емес, бірақ өсе келе бұл іс маған ерекше жақын болып кетті. Шыны керек, бала кезімде асүйге жиі бара қоймайтынмын. Анам керемет тамақ жасайтын, ал мен көбіне сыртта ойнап кететінмін. Тәтті дүниелерді де аса жақсы көрмедім. Сондықтан қазіргідей пирог пісірумен айналысамын деп ешқашан ойламаппын. Бірақ уақыт өте келе адамның қалауы мен әдеттері өзгереді екен. Үйленіп, өз шаңырағың болған кезде бәрі басқаша болады ғой. Күнделікті ас дайындап жүріп, бір күні жай қызығушылықпен пирог жасап көрдім. Қамыры дұрыс шықпай, салмасы төгіліп, әбден әуре болдым. Бірақ соның өзі маған қызық көрінді. Екінші рет, үшінші рет жасаған сайын нәтиже кішкене болса да жақсарып отырды. Бір күні пирогым әдемі болып, дәмі де керемет шықты. Сол сәт мені қатты қуантты. Өз қолыңнан дәл сондай нәрсе шыққанда, ол саған ерекше шабыт береді. Содан бастап пісіру маған кәдімгі хоббиге, кейін жүрегіме жақын бөлек бір әлемге айналды, – дейді Назым күліп.

Оның айтуынша, туыстары мен жақындары әрқашан Назымның пісірген тәттілері мен тұзды тағамдарын ерекше жақсы көрген.

Қыз кезімде де жиі пісіретінмін. Бір туған күнге, бір отырысқа бәрі “Назым, сен пісіріп келші” деп жүгіретін. Әйтсе де, оны бизнеске айналдырамын деп ойламадым, – дейді келіншек.

Бәрі бір сәттік шешімнен басталыпты. Бір күні ол жай ғана Instagram-ға пирогтың суретін салған. Бұл – достарынан пікір сұрау ғана еді. Бірақ күтпеген оқиға орын алды: бірнеше минут ішінде үш адам тапсырыс берді. 

Шынымды айтсам, сол сәтте қатты қобалжыдым. Бірден “Мүмкін шынымен осы бағытқа баруым керек шығар?” деген ой келді, – дейді Назым.

Кәсіп бастауға оны өмірдің өзі жетелеген. Жолдасы бір өзі жұмыс істеп жүрген кезде Назым да отбасылық бюджетке үлес қосуды қалай бастайды. Бірақ екі баласы – бір ұлы мен бір қызы – әлі кішкентай болғандықтан, толық жұмыс күнімен сыртқа шығуы қиын еді. Сол себептен үйден жұмыс істеу ең тиімді шешім болды.

Мен үшін бастысы – балаларымның қасында болу. Ана үшін бұдан артық ештеңе жоқ. Ал сол кезде табыс табуға мүмкіндік туса, ол – Алланың берген сыйы. Балаларым кішкентай кезінде әр сәтті бірге өткізу маңызды екенін түсіндім. Сол үшін үйден жұмыс істеймін. Бір жағынан, табыс бар, екінші жағынан, бала тәрбиесін ешкімге тапсырып қоймаймын. Еңбектеніп отырып, балаларымның ойнап жүргенін есту, олардың қасымда жүргенін сезіну маған күш береді. Бұл – мен үшін шынайы бақыт. Бір жағынан анамын, бір жағынан өз еңбегіммен ақша табамын. Мұндай мүмкіндік екінің біріне келе бермейді. Шүкір, – дейді ол.

Назымның ас үйі – шын мәнінде, нағыз шағын өндіріс орны. Тәртіп, тазалық, реттілік – бәрі көрініп тұр. Ол таңғы сағат алтыда тұрып, алдымен балаларын мектеп пен балабақшаға дайындап алады. Содан кейін тапсырыстарды реттеп, қай пирогтың бірінші пісетінін белгілейді.

Бір ерекшелігім – маргарин қолданбаймын. Тек сары май. Сол кезде ғана пирогтың нағыз үй дәмі шығады. Сары майдың иісі, оның табиғилығы – бәрі де қамырдың құрылымына, жұмсақтығына әсер етеді. Маргаринмен де жасауға болады, әрине, бірақ мен өзімнің биқайнатқан пирогтарымды тек отбасым жейтіндей, балаларым сүйсініп жейтіндей болуын қалаймын. Сол үшін ең таза, ең табиғи өнімдерді қолдануға тырысамын. Адамдар көбіне пирогымды жегенде: “Мынаның дәмі бала кездегі әжемнің пирогына ұқсайды екен” деп айтады. Сол сөздер маған қатты қуаныш сыйлайды. Өйткені дәл сол “үй дәмін” беру үшін мен сары майды таңдаймын. Оның иісі мен жұмсақтығы пирогты ерекше етеді. Дүкеннен алған пирогтың дәмі бөлек, ал сары маймен жасалған үй пирогы мүлдем басқа. Онда жылулық, қол еңбегі, адалдық бар. Мен жасаған әр пирогта өзімнің көңілім мен ниетім тұрады. Сондықтан сападан ешқашан жеңілдік жасамаймын, – дейді Назым қолындағы қамырды еппен жая отырып.

Әрине, кәсіптің қиындықтары да жоқ емес. Алғашқыда Назымға өзіне деген сенімділік жетіспеген. Әсіресе алғашқы тапсырыстар кезінде қолы дірілдеп, бәрін қайта-қайта тексеретін. «Жұртқа ұнай ма? Дәмі дұрыс па? Тапсырыс беруші ренжіп қалмай ма?» деген ойлар бір сәт те маза бермеген.

Адамдардың пікірінен қорқатынмын. Біреу ұнатпаса ше, біреу сын айтса ше деген ойлар мазалайтын. Басында бәрінен жасқанатынмын. Әлеуметтік желіге пирогтың суретін салудан бұрын неше рет ойланып, қайта-қайта өшіріп, қайта жүктеп жүретінмін. “Тапсырыс бермесе ше?”, “Менен гөрі мықтылар көп қой”, “Біреу сынап тастаса не істеймін?” деген ойлар маза бермейтін. Бір жағынан, тағам – өте сезімтал дүние. Әр адамның талғамы әртүрлі. Сондықтан біреу мақтап, біреу сын айтса, оны да қабылдау керек екенін енді түсіндім. Бірақ бастапқыда соны қабылдау қиын еді. Өзің жасаған дүниені біреу бағаламай қойса, жанға ауыр тиеді ғой. Қазір ойласам, ол қорқыныш мені өсірген сияқты. Сыннан қорықпауды, өзгелердің ойын өзіме кедергі етпеуді үйрендім. Ең бастысы – өз ісіңе адал болу. Егер шын ниетпен, таза өніммен, еңбекпен жасасаң, міндетті түрде бағасын табады, – дейді ол.

Бірақ алғашқы клиенттердің жылы лебіздері Назымның жігерін арттырды. Қорқыныш пен күмәнге толы алғашқы қадамдар бірте-бірте сенімге ұласуына да сол адамдардың қолдауы себеп болған.

Бір апай тапсырыс берген пирогымды алып кетіп: “Қызым, мынандай дәмді көптен бері жемеппін. Дәл баяғы анамның қолының дәмі сияқты екен” деп алғысын айтты. Сол сөз мен үшін үлкен мотивация болды, – дейді Назым толқып.

Ол сәтті әлі күнге дейін ерекше ықыласпен еске алады.

Сол бір ғана пікір менің ойымды толығымен өзгертті. “Менің жасаған дүнием біреуге қуаныш сыйлай алады екен ғой” деген ой пайда болды. Сол кезде бұл істі жалғастыру қажет екенін түсіндім. Шаршағаным басылып, күш-қуатым артып кетті, – деп жалғастырады ол.

Клиенттердің әрбір жылы пікірі Назым үшін жай сөз емес, жаңа белеске жетелейтін үлкен қолдау болды. Кейде әлеуметтік желідегі қарапайым «Өте дәмді болды, рақмет!» деген пікірдің өзі оған шабыт сыйлап, келесі пирогты бұрынғыдан да жақсы етіп жасауға ынталандыратын.

Назым үшін сол алғашқы жылы сөздер – кәсібінің бастауындағы ең құнды қазына.

Маған сенім артып, қолдау білдірген әр адамға шын жүректен ризамын. Егер сол алғашқы пікірлер болмағанда, бәлкім, мен қазір бұл істі жалғастырмайтын да едім, – дейді ол шын көңілден.

Тағы бір қиындық – уақытты дұрыс ұйымдастыру. Үй шаруасы, балалардың күтімі, тапсырыс дайындау – бәрін бір уақытқа сыйғызу оңай емес. Кей күндері тапсырыс шамадан тыс көбейіп кетіп, Назым таңғы үшке дейін пирог пісіретін кездер болған. Бірақ Назым үшін уақыттың тапшылығы – тоқтаудың емес, дамудың себебі. Сол себепті ол жұмыс кестесін реттеп, тапсырыстарды алдын ала жоспарлауға үйренген.

Басында бәрі ретсіз болатын. Кейін өзіме режим жасадым: қамырды – кешке, пісіруді – таңға, жеткізуді – нақты уақытқа жоспарлаймын. Уақытты басқаруды үйренгенде-ақ жұмыс жеңілдеп қалады екен, – дейді ол.

Үйдегі кәсіптің ең үлкен сынағы – жұмыстың да, үйдің де міндетін қатар алып жүру. Бірақ Назым бәріне үлгеруге тырысады.

Балаларымды кері ысырып қойғым келмейді. Сол себепті көбіне олар ұйықтағанда жұмыс істеймін. Шаршайтын сәттер көп, бірақ қазіргі еңбегімнің бәрі болашақ үшін, – дейді ол.

Осылайша, уақытпен жарысып жүрсе де, Назым қолынан келгенін сүйіспеншілікпен істейді. Оның әр пирогының артында таңғы үштерге дейін жанған жарық, үйдің ішімен араласқан сары майдың иісі және ана еңбегінің жылуы бар.

Отбасының қолдауы — Назым үшін ең үлкен күш. Жолдасы тапсырыстарды жеткізуге көмектеседі, керек-жарақты сатып әкеледі. Ал балалары анасына мейіріммен қарайды. «Қызым маған қарап отырып: “Анашым, сіз ең дәмді пирогты пісіремін деп мақтанамын” дейді. Ұлым болса қораптарды дайындауға көмектеседі. Солардың әрбір ісі жүрегіме қуаныш сыйлайды».

Клиенттері де Назымның еңбегін бағалайды. Үнемі тапсырыс беріп тұратын тұрақты тұтынушылары бар. Кейбіреулері: “Сіздің пирогыңызсыз шай іше алмай қалдық” деп қалжыңдап жатады екен. Бұл сөздер Назымның өз ісіне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.

Астана қаласындағы нарыққа келсек, үй тағамына деген сұраныс айтарлықтай жоғары. Әсіресе, жұмысбасты жас отбасылар мен баласы көп аналар арасында үйде пісірілген табиғи, дайын тағамдарға деген талап күшейіп келеді. Дәмі үйдің дастарханын еске түсіретін, қоспасыз, адал өнімге сұраныс ешқашан азаймайды. Назым да осыны байқаған.

Астанада көп адам жұмыстан кеш келеді, балалардың сабағы, үй шаруасы – бәрі бір-бірімен астасып жатады. Ондайда дайын әрі дәмді тағам тапсырыс беру – үлкен жеңілдік. Сондықтан үй пирогтарын жиі іздейді. Менің клиенттерімнің көбі – жас аналар, жұмыс істейтін қыз-келіншектер, – дейді ол.

Алайда сұраныс пен дәм ғана жеткіліксіз. Мұнда сервистің жылдамдығы ерекше рөл атқарады. Адамдар қазір бәрінің тез болғанын қалайды.

Тапсырысты уақытында жеткізу, алдын ала нақты уақыт айту, кешіктірмеу – клиенттің сенімін ұстап тұратын басты фактор. Кейде пирог пісіп болғанша минут санап отыратын қиын сәттер болады, бірақ уақытты сақтауға тырысамын. Бұл – қызмет көрсетудің мәдениеті, – дейді Назым.

Астанадағы бәсекелестіктің де өзіндік әсері бар. Күн сайын әлеуметтік желіде үйде пісірілген тағам ұсынатын ондаған парақша ашылып, өз аудиториясын жинауға тырысады. Бірақ Назым бәсекеден қорықпайды.

Әр адамның өз дәмі, өз қолтаңбасы бар. Мен үшін ең маңыздысы – сапаны жоғалтпау. Сол кезде клиент өзі-ақ қайта келеді, – дейді ол сеніммен.

Осылайша, елордадағы үй тағамы нарығы – динамикалық, тез дамитын және үнемі талапты қажет ететін сала. Ал Назымның айтуынша, жүрекпен жасалған өнім мен адал қызмет қай кезде де өз орнын табады.

Ал болашаққа қатысты жоспары қандай? Назым асықпайды, бірақ арманы үлкен.

Келешекте шағын кофейня ашқым келеді. Өз брендімді қалыптастыру ойымда бар. Бірақ ең алдымен сапаны жоғалтпау керек. Бәрі өз ретімен болсын. Мен үлкен, даңғаза жерді емес, жай ғана жылы, шағын, адам кіргенде үйдегідей тыныштық пен иістің жылуын сезетін орын ашуды армандаймын. Әр пирогтың иісі, әр кесенің буы – еңбектің жылуы сезілетін жер. Өзімнің ерекшелігім, өз қолтаңбам болғанын қалаймын. Қазірден бастап әр пирогқа өзімнің жеке стилімді сіңіріп жүрмін. Адамдар тек дәмін емес, менің еңбегімді танитындай болғанын қалаймын. Сол кезде ғана бренд қалыптасады. Ең негізгісі – сапаны жоғалтпау. Қанша тапсырыс көп болса да, ингредиенттен үнемдемеу, уақыттан қашпау – мен үшін басты қағида. Бәрі өз табиғи жолымен болғанын қалаймын. Уақыты келгенде, күшім, тәжірибем, мүмкіндігім болғанда өз кофейнямды ашамын. Табыстың да, кәсіптің де өз уақыты бар. Мен қазір үйде отырып-ақ біраз дүниені үйрендім. Еңбектің бағасы бар екенін көрдім. Ал қалғаны біртіндеп, қадам-қадамымен келеді, – дейді ол.

Сөзінің соңында Назым үйден кәсіп бастауға ниетті әйелдерге өзінің жүректен шыққан кеңесін жеткізді.

Ең бастысы – өзіңізге сеніңіз. Ұялып немесе қорқып жүруге болмайды. Қолдан келгенді бастаңыз. Әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану да маңызды. Сапалы сурет, жақсы сөз, тұрақты жұмыс – бәрін алға жылжытады. Әр қадам – бір мүмкіндік, – дейді ол.

Назым бұл кеңестерді жай ғана мотивация үшін емес, өз тәжірибесінен түйген шынайы ой ретінде айтады. Бір кездері өзі де дұрысын таппай қиналған, алғашқы тапсырыс алдында қобалжыған, әр пікірге алаңдаған. Бірақ уақыт өте келе ол қорқыныштың адамды тежейтінін, ал кішкентай қадамдардың үлкен жолға бастайтынын түсінген.

Бүгінде оның әңгімесі – қарапайым әйелдің табандылығы мен еңбегі арқылы отбасына ғана емес, бүкіл қалаға дәм сыйлап жүргенінің дәлелі. Назымның пісірген әр пирогы – тек тағам емес, үйдің иісі, ананың мейірімі мен адал еңбектің жинақталған жылуы. Оның жұмысына деген құрметі мен жауапкершілігі әр бөлке, әр тілім арқылы сезіледі.

Бәлкім, бір күні ол армандағандай, шағын, жылы атмосферасы бар, өз қолтаңбасы айқын көрінетін кофейнясын ашады. Онда оның пирогтарының иісі қаланың кез келген тұрғынын үйдегідей сезіндіретін шығар. Бірақ ол үшін ең маңыздысы – асықпай, сапаны сақтап, әр күнгі адал еңбекпен біртіндеп алға жылжу.

Ал әзірге Астанадағы талай отбасының кешкі шайын тәтті дәмге толтырып отырған – осы Назымның қол дәмі. Оның табысы да, қуанышы да – адамдардың ризашылығы мен шын көңілден айтқан алғысы. Осындай шағын істен басталған үлкен еңбек талай әйелге шабыт берері сөзсіз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жеке мұрағаттан
Өзгелердің жаңалығы