Үйді жалға беретіндер салықты қалай төлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті тұрғын үйді жалға беретін тұлғаларға салық міндеттемелерін орындау қажеттілігі туралы ескертеді.

Жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелмеген жалға берушілер салық міндеттемелерін бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеу жолымен немесе жеке табыс салығы бойынша декларацияны (ЖТС) ұсыну жолымен орындай алады.

ЖК тұрғын үйді жалға беру кезінде бюджетпен есеп айырысу кезінде патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін (АСР) пайдалануға құқылы.

Сонымен қатар әдістердің әрқайсысының өзіндік артықшылықтары мен шектеулері бар.

Жеке тұлғалар үшін жеке табыс салығы бойынша декларация

Тұрғын үйді жалға беретін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар жыл сайын есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмейтін мерзімде жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысан) табыс етеді және декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде алынған табыстың 10% мөлшерінде жеке табыс салығын төлейді, - делінген комитеттің хабарламасында,

Жеке тұлғалар жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысан) «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы немесе cabinet.salyk.kz web-порталында Салық төлеушінің кабинеті арқылы тапсыра алады. 

Егер тұрғын үй салық агентіне (жеке кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын тұлға, заңды тұлға, оның құрылымдық бөлімшелері, резидент емес заңды тұлға) жалға берілген жағдайда жеке табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және бюджетке төлеуді салық агенті төлем көзінен жүзеге асырады.

БЖТ төлеушілер

Жеке тұлғалар салық міндеттемелерін республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың, астананың тұрғындары үшін 1 АЕК және қалған елді мекендердің тұрғындары үшін 0,5 АЕК мөлшерінде БЖТ төлеу арқылы орындай алады. Мұндай жеке тұлғалар төлем жүргізілген күннен бастап төлем жүргізілген айдың соңғы күніне дейін БЖТ төлеушілер деп танылатын болады. Бұл ретте БЖТ төлеушінің күнтізбелік жыл ішіндегі табыс мөлшері 1 175 еселенген АЕК-тен аспауы тиіс.

Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкер

Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде АСР қолданатын жеке кәсіпкер тиісінше алынған кірістің 1% немесе 3% мөлшерлемесі бойынша жеке табыс салығын есептейді (2023 жылға дейін жеке табыс салығын төлеуден босатылған), сондай-ақ «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңдарда белгіленген мөлшерлемелер бойынша әлеуметтік төлемдерді (әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, МӘМС жарналары мен аударымдары) төлейді.

Салық есептілігін мерзімінде ұсынбағаны үшін жауапкершілік

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 272 және 275-баптарына сәйкес салық есептілігін ұсынбау, сондай-ақ салық салу объектілерін және салық есептілігінде көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасыру әкімшілік жазаға, оның ішінде ақшалай айыппұл түрінде өндіріп алуға әкеп соғады.

Төменде салық мөлшерлері, салық кезеңі, салық есептілігін ұсыну мерзімдері және төлеу мерзімдері көрсетілген жадынама берілген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы