Үйді тегін алатындардың тізімі қайта қаралады

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев азаматтардың кейбір санаттары үшін баспананы алуға берілетін жеңілдіктер мен басымдықтар қайта қаралатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісте министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды.

Министр заң жобасында азаматтардың кейбір санаттары үшін қолданыстағы жеңілдіктер мен басымдықтарды қайта қарау көзделіп отырғанын айтты.

Мәселен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтардың белгілі бір санаттарына мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспананы меншігіне тегін алу құқығы көзделген, - деді Қанат Шарлапаев Мәжілісте.

Олар:

1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

2) І және ІІ топтағы мүгедектегі бар адамдар;

3) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;

4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар;

5) Бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;

6) Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтар;

7) күнтізбелік есептеумен жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар әскери қызметшілер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;

7-1) арнаулы мемлекеттік орган және ішкі істер органдары қызметкерінің, қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшінің отбасы мүшелері;

8) ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер;

9) саяси қуғын-сүргін құрбандары;

10) күнтізбелік есеппен еңбек сіңірген жылдары жиырма және одан да көп Ішкі істер органдарының қызметкерлері.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үй алу кезінде бірінші кезек құқығы көзделген. Бүгінгі күні кезекте 176 мыңға жуық бірінші кезекте тұрғын үй алу құқығы бар азамат бар. Олардың қатарында ҰОС ардагерлері - 51 адам, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 62,6 мың адам, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар – 113,3 мың адам бар, - деді ол.

Министрдің айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үйді бөлу кезінде оның көп бөлігі есепке қою күніне қарамастан осындай басым құқығы бар азаматтарға беріледі.

Осылайша, бұл халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа санаттары арасында наразылық пен әлеуметтік шиеленісті тудырады. Осы тәуекелдерді жою мақтасында заң жобасында көрсетілген басымдықтар қайта қаралады. Ол тұрғын үйді бөлудің жаңа тәсілімен байланысты. Бұл принцип халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының барлық санаты арасында тұрғын үйді әділ түрде бөлуге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Сонымен қатар заң жобасында азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында мынадай қосымша шаралар қарастырылған:

- жетім балалардың, көпбалалы отбасылардың, толық емес отбасылардың, мүгедектігі бар балаларды асырып отырған отбасылардың балаларының кәмелетке толуына не олардың қайтыс болуына байланысты мәртебесі өзгерген жағдайда олардың кезектілігін сақтау;

- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларын жергілікті атқарушы органдардың бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету;

- мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үйді бөлу кезінде қосымша бөлме бөлу көзделген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив
Өзгелердің жаңалығы