Си Цзиньпиннің сөзін қазақша аударған қандас: Зураш Сәметқызымен сұхбат
Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс жыл сайын артып келеді.
Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс жыл сайын артып келеді. Осындай кезде екі елдің тілін де, мәдениетін де терең түсінетін мамандардың рөлі ерекше. Қытай, қазақ және орыс тілдерінің аудармашысы Зураш Сәметқызы халықаралық форумдарда, жоғары деңгейдегі кездесулерде және маңызды келіссөздерде екі тараптың ойын дәл жеткізіп жүрген мамандардың бірі. Ол балалық шағы Қытайда қалай өткенін, Қазақстанға көшіп келгендегі әсерін, аудармашының жауапкершілігі мен екі халықтың ойлау жүйесіндегі айырмашылықтар туралы BAQ.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
30 жастағы қандасымыз Зураш Сәметқызы бүгінде Астана қаласында тұрады. Ол қытай, қазақ және орыс тілдерінің аудармашысы болып еңбек етіп жүр.
– Өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз. Қытайдың қай өңірінде дүниеге келдіңіз? Кішкентай кезіңіз қалай өтті?
– Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында, Тарбағатай өңіріндегі Сауыр тауының баурайында орналасқан ауданда дүниеге келдім.
Балалық шағым өте қызықты өтті. Өте ерке, еркін болып өстім. Туған жерім табиғаты көркем, көп ұлтты мекен еді. Кішігірім ғана қалашық болатын. Бізбен бірге қытай, ұйғыр, моңғол, дүнген көршілеріміз тұрды. Күнде бір аулаға жиналып алып ойнайтынбыз. Сол кездегі достарыммен әлі де байланысым үзілген жоқ.
Нағашы ата-апамның қолында өстім. Нағашы апам күнде ұйықтар алдында қазақтың бұрынғы аңыз-ертегілерін айтып беретін.
Балабақша мен мектепте таза қытай тілінде оқыдым. Бала күнімнен тілге, кітап оқуға, жаңа нәрсе үйренуге қызығушылығым болды. Сол кезден бастап екі тілде еркін сөйлеп, өз ойымды жеткізу мен үшін қалыпты нәрсеге айналды. Үйде, туыстар арасында тек қазақша сөйлеу әдетке айналған.
– Қазақ отбасында өскеніңіз тіл мен дүниетанымыңызға қалай әсер етті?
– Мен балабақшаға дейін тек қазақша сөйлеп өстім. Үйде қазақы салт-дәстүр берік сақталды, ұлттық мерекелер ерекше көңілмен тойланатын. Жалпы тәрбие де толықтай қазақы рухта болды.
Біздің үйде баланың бетінен қақпайтын, бәрі мейіріммен қарап, жылы сөзбен тәрбиелейтін. Жазда туыс аралап жайлауға, қыста қыстауға баратынбыз. Ол кезде ең байырғы көшпенді өмір салты сақталған еді. Көшті де өз көзіммен көріп үлгергеніме қуанамын. Қазір ондайды көбіне әдебиеттен немесе кинодан ғана көруге болады.
Қазақта ырым-тыйым көп қой. Оның бәрін күнделікті естіп, соны сақтап жүретінбіз. Қытай ұлтында да өздеріне тән наным-сенімдер, салт-дәстүр, ырымдар бар. Ұқсамайтын тұстарымыз да көп. Бала кезде сол айырмашылықтарды өз деңгейімізде талқылап, түсінуге тырысатынбыз.
Қытай мұғалімдері өздерінің мәдениетін түсіндіргеннен кейін, бізден де үйдегі үлкендерден сұрап, сыныпта айтып беруді өтінетін. Қазір ойласам, сол кезде мәдени айырмашылықтарды түсінуді және бір-бірімізді құрметтеуді табиғи түрде үйреніппіз.
Мектепте өте қатал тәртіп, жоғары талап, оқу бәсекесі бірінші күннен-ақ сезіледі. «Миллиард халықтың ішінен суырылып шығу үшін көп еңбектену керек» деген ойды айналадағы адамдар үнемі айтып отыратын.
Біз аз қазақ едік, бәріміз бір-бірімізді танитын шағын ортада өмір сүрдік. Үлкен кісілердің айтатын әңгімесі де, беретін батасы да көбіне баланың оқуы мен болашағына қатысты болатын. Сол сөздер шынымен шабыттандыратын, жақсы оқуға, алға ұмтылуға үлкен мотивация болды.
– Қытайда ата-анаңыз немен айналысты? Қазақстанға қашан көшіп келдіңіздер? Алғаш келген кезде сізді не таңғалдырды?
Қытайда ата-анам жеке кәсіпорында жұмыс істеді.
Мен Қазақстанға көшіп келген кезде 12 жаста едім. Сондықтан ол жақтағы өмірім де, көшіп келген кезең де есімде жақсы сақталған. Біз Қазақстанға 2007 жылы қоныс аудардық.
Алғаш келген кезде бала ретінде мені таңғалдырған нәрсе – мектептің жарты күн ғана оқуы және еркіндік болды. Сол кезеңде Қытайда даму қарқыны өте жоғары еді. Салыстырғанда Қазақстанда ол жақта бар кейбір мүмкіндіктер болмады.
Жалпы басқа ортадан келген адамға бейімделу оңай емес. Жаңа ортаға үйрену, адамдармен коммуникация, құжат мәселелері, тұрмыстық қиындықтар, қоғамға сіңісу – бәрі белгілі бір деңгейде қиындық тудырады. Әсіресе сол кезеңде солай болды. Қазір жағдай анағұрлым жеңіл деп ойлаймын.
Көшіп келген адам тек ел ауыстырмайды. Ол өзімен бірге бүкіл өмір салтын, әдетін, түсінігін, кәсібін, араласатын ортасын ауыстырады.
Сондықтан Қазақстанға көшіп келетін қандастардың алғашқы сезімі көбіне аралас болады деп ойлаймын. Бір жағынан үлкен қуаныш – тарихи отанына келеді, қазақ тілін естіп, қазақы ортаға кіргеніне жүрегі жылиды. Екінші жағынан уайым да болады. Көп процесс түсініксіз болуы мүмкін.
Кейде кәсіби мамандар өз саласында жұмыс таба алмай, білім мен тәжірибесі зая кетіп жатқан жағдайлар да кездеседі. Бірақ уақыт өте келе көптеген адам ізденіп, өз жолын тауып, жаңа өмірін бастап кетеді.
– Қазақ және қытай тілдерін қатар меңгеру өміріңізді қалай өзгертті?
– Менің ойымша, тіл білген адамға ашылатын есік әрқашан көп болады. Қай мамандық иесі болсын, қосымша тіл меңгерсе, оның алатын білімі де кеңейеді, ой-өрісі де өседі.
Егер сіз белгілі бір елдің тілін меңгеріп қана қоймай, сол елдің менталитетін, өмір сүру салтын, қарым-қатынас философиясын түсінсеңіз – бұл үлкен артықшылық.
Мен екі тілді де ана тіл деңгейінде меңгергендіктен, аударма арқылы екі елдің, екі халықтың арасындағы дәнекер ретінде түрлі ірі жобалардың жүзеге асуына үлес қосып жүргеніме қуаныштымын.
Елге оралған қазақ ретінде жинаған білім мен тәжірибенің пайдасы тиіп, бір кірпіш болып қаланып жатқаным – мен үшін үлкен мақтаныш.
Тіл маманы ретінде елімізде өтетін ірі халықаралық іс-шараларда, жоғары лауазымды тұлғалардың кездесулерінде жұмыс істеп жүрмін. Мемлекет басшылары қатысқан кездесулер, халықаралық форумдар, үкімет деңгейіндегі келіссөздер, ғылыми конференциялар, түрлі бизнес кездесулерінде тараптардың ойын нақты жеткізіп, байланыс орнатуға көмектесу – мен үшін мәртебе.
– Аудармашы боламын деп қашан шештіңіз?
– Мен аудармашы болып студент кезімнен жұмыс істей бастадым. Бұл сала маған өте қызықты әрі жүрегіме жақын болды.
Алғаш тапсырыс берген ұйымдар менің жұмысымның сапасына оң баға берді. Тәжірибе көбейген сайын шақыратын орындар да көбейе түсті.
Сөйтіп университетті аяқтағаннан кейін оқыған мамандығым бойынша емес, кәсіби аудармашы ретінде жұмысымды жалғастырып кеттім. Қазір бұл менің негізгі кәсібім.
– Екі тілдің мінезі екі түрлі дейді. Аудармашы ретінде осыны қалай сезінесіз? Аудармада ең қиын нәрсе – сөз бе, әлде мағына мен мәдениет пе?
– Иә, екі тілдің мінезі шынымен екі түрлі. Кейде бір тіл қысқа, нақты сөйлейді, ал екіншісі эмоцияны, ишараны, астарды көбірек сүйеді. Аудармашы ретінде мен оны сөйлемнің ырғағынан, логика құру тәсілінен, тіпті үнсіз тұрған ақпараттан сеземін.
Аудармада ең қиын нәрсе – сөз емес, ең қиыны мағына мен мәдениет. Сөзді сөздікпен табуға болады, ал мағынаның астарын, сөйлемнің тоналдылығын, автордың ниетін және сол ойдың басқа мәдениетте қалай қабылданатынын дәл жеткізу – нағыз қиындық.
Қытай тілінің мыңдаған жылдық тарихы бар. Қытайлар әңгіме барысында ойларын көркем теңеулермен, тарихи оқиғалармен байланыстырып жеткізгенді жөн көреді. Көп жағдайда қысқа ғана фразеологизмнің астарында тұтас бір үлкен оқиға жатады. Сондықтан мұндай тіркестерге тура балама табу әрдайым оңай емес.
Дәл сол сияқты қазақ тілінде де шешендік сөздер өте көп. Қазақ халқы ойды нақыл сөздер мен бейнелі тіркестер арқылы жеткізеді. Кейде астарлы ойлар айтылып жатады, ал интонация басқаша болғанда мағына да өзгеруі мүмкін.
Сапалы аударма беру үшін аудармашыға, ең алдымен, кең дүниетаным қажет. Себебі мәтінді дұрыс түсіну үшін тіл ғана емес, тарих, саясат, экономика, мәдениеттен де хабардар болу маңызды.
Екіншіден – мәдени сезімталдық. Кей сөздер мен тіркестердің артында ұлттық менталитет, дәстүр, тіпті әзіл немесе ишара жатады. Мұны сезбей аударсаң, мағына жоғалып кетуі мүмкін.
Үшіншіден – логикалық ойлау және талдау қабілеті. Аудармашы сөйлемді жай ғана сөзбе-сөз емес, оның құрылымын, негізгі ойын, автордың мақсатын анықтап барып жеткізеді.
Төртіншіден – тілдік шеберлік. Екі тілді де терең меңгеріп қана қоймай, сол тілдің әдеби нормасын, стиль ерекшелігін сақтай білу қажет.
Бесіншіден – жауапкершілік пен дәлдік. Әсіресе ресми құжаттар мен келіссөздерде бір ғана сөз үлкен мағыналық өзгеріске әкелуі мүмкін.
Соңғысы – сабыр мен кәсіби этика. Аудармашы эмоцияға берілмей, бейтарап болып, ақпаратты дәл жеткізе білуі керек.
– Жоғары лауазымды адамдардың қасында аудармашы болып жұмыс істеу қандай жауапкершілік жүктейді?
– Бұл – мемлекеттік деңгейдегі үлкен жауапкершілік. Мұндай ортада аудармашының кәсіби деңгейі, стресс жағдайында жұмыс істей алу қабілеті және құпия ақпаратты сақтай білуі өте маңызды.
Мен Президенттің Қытай бизнес өкілдерімен кездесулерінде, халықаралық форумдарда, инвестициялық келіссөздерде, Үкімет және министрлік деңгейіндегі кездесулерде аударма жасап жүрмін.
Соңғы ірі іс-шаралардың бірі – Орталық Азия-Қытай саммиті болды. Сол жерде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің сөзін қазақ тіліне ілеспе аударма жасадым.
Сонымен қатар БҰҰ құжаты ретінде тіркелген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің «Астана бейбітшілік декларациясын» қытай тіліне аудардым.
Әрине, мұндай жоғары деңгейдегі іс-шараларда есте қалатын сәттер көп болады. Президент, Үкімет, Парламент деңгейіндегі кездесулердің ерекшелігі – әр сөздің салмағы өте жоғары, уақыт шектеулі, ал атмосфера өте ресми әрі жауапты.
Ресми кездесуде кейде күтпеген жағдайда спикер мәтіннен шығып, импровизация жасап кетуі мүмкін. Сол кезде аудармашы бір секунд та кідірмей, ойдың бағытын тез ұстап, мазмұнын жоғалтпай жеткізуі тиіс.
Сондай-ақ, мұндай іс-шараларда техникалық немесе ұйымдастыру жағынан күтпеген жағдайлар туындауы мүмкін: микрофонның үзілуі, дыбыстың әлсіреуі немесе сөйлеушінің сөйлеу жылдамдығының күрт өзгеруі. Бірақ қандай жағдай болса да, аудармашы сабыр сақтап, жұмысты тоқтатпай, аудиторияға сапалы ақпарат жеткізуі қажет.
Ең бастысы, аудармашы бір адамның емес, кейде екі елдің қарым-қатынасының сөзіне жауап береді. Бір сөйлем дұрыс жеткізілмесе, келіссөздің бағыты өзгеруі, маңызды келісімдер бұрмалануы немесе дипломатиялық түсінбеушілік туындауы мүмкін.
Сол себепті мұндай деңгейдегі аудармашы бейтарап болуы керек, эмоцияға берілмеуі қажет, әр сөздің салмағын сезінуі маңызды және өте тез шешім қабылдай алу қабілеті болуы керек.
– Ең алғаш аудармашы болған сәтіңіз есіңізде ме? Қатты толқыған кездеріңізде өзіңізді қалай ұстайсыз?
– Иә, есімде. 2016 жылы Қызылорда қаласында өткен инвестициялық форумда алғаш рет ілеспе аударма жасадым. Ол кезде небәрі 20 жаста едім.
Қытай тілінен ілеспе аудармашылар өте аз болатын. Техникалық жабдықтарды сол жерде тәжірибелі аудармашылардан үйрендім.
Әрине, қатты уайымдадым. Бірақ аударма басталған кезде өзімнің қолымнан келетінін түсіндім. Сол сәттен бастап сенім пайда болды.
Аударма кезінде қатты толқымас үшін мен тек айтылып жатқан сөзге мән беруге тырысамын, қандай ортада және қандай тұлғалар отырғанына алаңдамаймын. Бұл тәсіл маған өте көмектеседі.
– Бір ғана қате сөз үлкен салдарға әкелуі мүмкін жағдайлар болды ма?
– Өзімде өрескел қателік болған жоқ. Бірақ қаржы, сома мәселесіне келгенде өте мұқият болу керек.
Мысалы, үлкен капитал туралы айтқанда бір нөл кем айтылса, айырмашылық өте үлкен болып кетуі мүмкін.
– Қазақтар мен қытайлардың ойлау жүйесіндегі ең үлкен айырмашылық қандай?
– Менің ойымша, қазақтар сөйлеуде өз ойын ашық және тікелей жеткізуге бейім. Олар сөздің турасын айтуды дұрыс санайды, кейде кесіп сөйлегенді де қалайды. Бұл әсіресе бизнес өкілдерінің арасындағы қарым-қатынаста айқын көрінеді: ойлау мен сөйлеуде контекст пен ситуациялық эмоция мен қарым-қатынас бірінші орында тұрады.
Қытайлар болса, ұзақ мерзімді перспективада ойлайды. Бір келісім бүгін пайда әкелмесе де, олар оны 10-20 жылдық жоспармен қарастырады. Сөздер әрдайым стратегиялық, жүйелі және сатылы беріледі. Қытайлар көбіне пікірлерін жұмсартып, жанама түрде жеткізеді және келіспейтін ойды да мүмкіндігінше себеп-салдарын түсіндіріп, кішіпейілділікпен білдіреді.
– Аудармашыны екі халық арасындағы көпір деуге бола ма?
– Иә, әрине. Аудармашыны екі халық арасындағы көпір деп толық айтуға болады. Өйткені аудармашы тек сөзді аудармайды, ол екі тараптың ойлау жүйесін, мәдениетін, сөйлеу стилін және ниетін дұрыс жеткізіп, өзара түсіністікке жол ашады.
Сол арқылы халықтар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, сенім қалыптастыруға ықпал етеді. Дұрыс көзқарас қалыптастыру, пікір алмасу және диалогтағы адамның ниетін дұрыс түсіну – кез келген деңгейдегі қатынастың ең маңызды бірінші қадамы деп ойлаймын.
– Алдағы кәсіби мақсатыңыз қандай?
– Алдағы кәсіби мақсатым, әрине, қабілетімді тереңдетіп, аударманы тек тілдік қызмет ретінде емес, стратегиялық коммуникация құралы ретінде дамыту.
Болашақта күрделі халықаралық келіссөздерде жұмыс істеу деңгейіне жетуді жоспарлаймын. Екі ел арасындағы түрлі саладағы серіктестіктер мен өндірістер үшін қытай тілі аудармашылары мен тіл меңгерген мамандар әрқашан сұранысқа ие болады. Сондықтан білім беру немесе мәдени жобалар саласында өзімді байқап көргім келеді.
– Екі тілде сөйлейтін жастарға қандай кеңес бересіз?
– Қытай мен Қазақстан арасындағы байланыс жыл сайын артып келеді. Сондықтан екі мәдениетті түсінетін жастар – өте құнды ресурс. Мен оларға тек тілмен шектелмей, мәдениет, ғылым, бизнес, технология және дипломатияны қатар меңгеруге кеңес берер едім.
Екі тіл білетін жастар өз артықшылықтарын пайдаланып, барынша сапалы білім мен тәжірибе жинай алады. Бұл оларға өзгелерден бір қадам алға шығуға мүмкіндік береді.
Егер аударма саласына келсек, бұл әрдайым сенім мен жауапкершілікті талап етеді. Біз тек сөз аудармаймыз, кейде мәдениет, бедел, тіпті қарым-қатынас тағдырын жеткіземіз. Сондықтан кәсіби этика, бейтараптық және үздіксіз даму өте маңызды. Тіл – тірі жүйе, оны күн сайын жетілдіріп отыру керек.
– Егер аудармашы болмағанда қай саланы таңдар едіңіз?
– Егер аудармашы болмасам, мен халықаралық қатынастар немесе бизнес саласын таңдар едім. Себебі мені әрдайым елдер мен мәдениеттерді байланыстыратын үдерістер қызықтырады.
Бұл бағыттарды мен елдің экономикалық және стратегиялық мүддесіне тікелей ықпал ететін салалар деп санаймын. Осындай нақты ықпал ететін саланың ішінде болып, қоғам мен мемлекеттер арасындағы серіктестіктің нығаюына үлес қосу мен үшін үлкен мәнге ие болар еді.
– Уақыт бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге рахмет!