Үйде қай уақытқа дейін шулауға болады және тыныштықты бұзғандарға қандай айыппұл салынады?
Қазақстанда түнгі уақытта қатты музыка қою, жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе даңғаза кештер ұйымдастыру әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Тыныштық сақтау талаптары көпқабатты үйлердің тұрғындарына ғана емес, ойын-сауық орындарына да қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түнгі уақытта қай кезден бастап шулауға болмайды?
Пәтер тұрғындары күн сайын, соның ішінде демалыс және мереке күндері де сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін тыныштық сақтауы тиіс.
Ал тұрғын үйлер орналасқан аумақтағы ойын-сауық орындары жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін шу шығармауы керек.
2026 жылы қандай айыппұл қарастырылған?
Тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 21 625 теңге айыппұл салынады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 43 250 теңгеге дейін өседі.
Ал кәсіпкерлер мен ұйымдарға 86 500 теңгеден 432 500 теңгеге дейін айыппұл қарастырылған. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл 648 750 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Күндіз шулауға бола ма?
Иә, күндізгі уақытта шу шығаруға рұқсат етіледі. Алайда ол санитариялық нормалардан аспауы керек.
Тұрғын бөлмелердегі шудың рұқсат етілген деңгейі – 40 децибел, ал ең жоғары шекті деңгейі – 55 децибел. Белгіленген нормадан асқан жағдайда жауапкершілік қарастырылған.
Шулы көршілерге қатысты қайда шағымдануға болады?
Егер көршілердің шуы тыныштықты бұзса, алдымен олармен өзара келісіп көруге болады. Алайда ескертуге қарамастан шу тоқтамаса, құқық бұзушылықты тіркеп, полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Ал шу деңгейі үнемі санитариялық нормадан асып жатса, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарына жүгінген жөн.