+3

"Ұяда не көрсең..." Дінтанушы бала тәрбиелеуде неге мән беру керек екенін айтты

"Ұяда не көрсең..." Дінтанушы бала тәрбиелеуде неге мән беру керек екенін айтты

"Желмая" жобасының бүгінгі шығарылымында дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы бала тәрбиесінде неге мән беру керек екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қайрат Жолдыбайұлының айтуынша, "бала мені тыңдамай жатыр" деп ойлау дұрыс емес. Үш жаста баланың мінезі қалыптасады, ол қырсығып, қарсы шығып, айтқанды тыңдамауы мүмкін. Сондай кезде үлкендер көбірек көңіл бөліп, оларды тыңдауы керек. Бұрыс пен дұрысты түсіндіріп, ақыл айтып отыру қажет.

Құндылықтарды балаға жеткізудің бір жолы – үлгі көрсету. Қазақ баласына құндылықтарды көп сөзбен емес, іс жүзінде көрсеткен. Біздің тәрбиеміз – үлгі болу. "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" деген сөз бар. Бала көргенін істейді. "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" деп бекер айтпаған, - деді ол.

Дінтанушы өз отбасындағы бала тәрбиесі туралы сөз қозғады.

Қазақтың тәрбиесінің тірегі – үлгі көрсету. Мысалы, отбасымызбен дастарқан басында отырғанда "Пәленше деген кісі ауырып қалыпты, ертең көңілін сұрап барып қайтайық. Қандай сыйлық алып барамыз?" деп балалармен ақылдасамыз. Бұл оларға өзгеге көңіл бөлу, қамқор болу деген құндылықты сіңіреді, - деп түсіндірді Қайрат Жолдыбайұлы.

Сондай-ақ ол балалармен ақылдасып отыру керек екенін де алға тартты.

"Анау пәленшенің баласы биыл оқуда қиналып жүр екен. Осы айда соған көмектесейік. Біздің атымыздан шетелге қыдырып бармай-ақ қояйық. Сол балаға көмектессек қалай қарайсыңдар?" деп олармен ақылдасамыз, - дейді ол.

Жолдыбайұлы балаларының бойына құндылықтарды қалай сіңіргенін айтып берді.

Мен балаларыма кішкентай кездерінен жомарттық, көмектесу сияқты құндылықтарды үйретуге тырыстым. Мысалы, саябақта көмек сұрап отырған әжелерге екі жасар балама тиын беріп, "мынаны ана кісіге апарып бер" дейтінмін. Бала өзі апарып береді. Сосын "Әке, бұл кісі неге көмек сұрап отыр? Біз неге ақша бердік?" деп сұрайды. Сонда мен "Бұл кісі қарт адам, балалары алысқа кеткен болуы мүмкін немесе қарамай қойған шығар. Қазір табысы жоқ, үйіндегі су мен нанның ақшасын төлеуге мүмкіндігі жоқ. Біз қоғам ретінде осындай адамдарға көмектесуіміз керек. Бұл – біздің адамдық міндетіміз" деп түсіндіремін. Сол кезде балада мейірім, жанашырлық сезімі пайда болады. Ол қоғамда мұндай жандар бар екенін түсінеді, оларға көмектесу керек екенін ұғынады, - деді дінтанушы.

Қайрат Жолдыбайұлы атап өткендей, балаларға тек сөзбен айтып қою жеткіліксіз, олар оны жүрегімен сезінуі керек. Балаға талап қойғанда, оның артында әкелік махаббат пен жанашырлық бар екенін бала түсінуі тиіс.

Меніңше, ең дұрыс тәрбие – тепе-теңдікті сақтау. Тәрбиенің таразысын тең ұстап, ақылмен жеткізе білу қажет, - деп сөзін түйіндеді ол.

Белгілі дінтанушымен болған сұхбаттың толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Facebook/Kairat Zholdybaiuly Mambetbay
Өзгелердің жаңалығы