6 Тамыз 2026, 17:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ипотекамен үй алатын жастар көбейді: Сарапшы баспана нарығындағы жағдайды түсіндірді

Сарапшы ипотекаға не қолма қол ақшаға үй аларда неге назар аудару керегін түсіндірді.

Жақында «Алматы жастары» ипотекалық бағдарламасының кезекті кезеңінің нәтижесі жарияланып, баспана алатын жастардың қатары тағы да көбейді. Бұл – мыңдаған алматылық жас үшін жеке пәтерге қол жеткізуге жасалған маңызды мүмкіндік. Ипотекалық сарапшы Мадина Болатханқызы қазіргі тұрғын үй нарығындағы жағдайды, үй бағасының өзгерісін және пәтер таңдауда ескерілуі тиіс негізгі қағидаларды түсіндірді.

Мадина Болатханқызының сөзінше, үй алатын кезде ең бастысы тұратын жердің ыңғайлығына қарау қажет.

Мектеп, балабақша немесе жұмыс орнына қатынағанға оңай болуы керек. Себебі Алматы секілді үлкен қаладан қарастырар болса жарты өміріңіз жолда өтеді. Егер тұратын жерін таңдайтын мүмкіндігі жоқ, қолында аз ғана алғашқы жарна болса «көрпеге қарай көсіліп», жетіп тұрған ақшасына баспана алуға тырысу керек, - дейді сарапшы. 

Маманның сөзінше, үй сатып аларда жіберетін негізгі қате – көбі үйдің бағасына қарап, коммуналдық қызметіне байланысты қарызын ескермей жатады.

Қайталама нарықтан үй алғаннан кейін үй иесі нені қалдырып, нені алып кететінін алдын ала келіспей жатады. Қойма, паркингке байланысты мәселені де шешіп алу қажет. Себебі кейбір үйлерде қойма мәселесі құжат жүзінде бөлінбейді. Мұның бәрін алдын ала шешіп алу қажет. Одан бөлек, үйді құрылыс компаниясынан сатып алатын адамдар көбіне құжаттарын тексермей жатады. Компанияның құрылыс салуға рұқсаты бар-жоғын тексеріп алу қажет, - дейді ол. 

Сарапшының сөзінше, қазіргі таңда салынып жатқан жаңа үйлердің коммуналдық ақысы бұрынғыларға қарағанда қымбатырақ. 

Көптеген адам жаңа үй алғысы келеді. Ал жаңа үйлердің коммуналдық төлемі бұрынғы үйлерге қарағанда көбірек шығады. Осыны ескеру қажет. Себебі қазіргі уақытта жаңа үйлердің көбінің ауласы қоршалған, жерасты көлік тұрағы бар. Әркімнің қалтасындағы ақшасына байланысты. Сонымен қатар, қазіргі стандартқа қарайтын болсақ, комфорт санаттағы жаңа үйлердің төбесінің биіктігі 3-3,3 метр болып келеді. Терезеге байланысты - жаңа үйлердегі терезе толық ветражды болып келеді. Соның әсерінен бөлме жарық болады. Әрине, жаңа үйде тұрғанның артықшылығы көп, - дейді сарапшы. 

Мадина Болатханқызының сөзінше, қазіргі уақытта салынатын үйлердің сейсмикалық қауіпсіздігі кемінде 9 балл болып есептеледі.

Халық арасында кеңес үкіметінен қалған үйлер әлдеқайда сенімді деген түсінік қалыптасқан. Жалпы бізде құлап жатқан үй жоқ. Барлық үйдің сейсмикалық қауіпсіздігі кемінде 9 балл. Барлық үй сапасыз салынған деп айта алмаймын. Олардың негізгі діңгегі іргетасы мен қаңқасы бір материалдан жасалады, - дейді сарапшы. 

Оның сөзінше, үйдің бағасы ешқашан арзандамайды.

Осыны ескеру қажет. Себебі алғашқы нарыққа жаңа материал, жаңа жұмыс күші қолданылады. Әрине, салыстырмалы түрде қайталама нарықта тоқырау, бірқалыптылық бар. Ал алғашқы нарықта баға түсуі болған жоқ, - дейді маман. 

Мадина Болатханқызы тұрғын үйдің бағасы ең алдымен орналасқан жеріне байланысты екенін атап өтті.

Мысалы Алматы қаласында Рысқұлов даңғылынан төмен орналасқан бизнес санаттағы үй мен Абай даңғылында орналасқан комфорт санаттағы үйлердің бағасы бірдей. Егер екі санаттағы үй бір ауданда орналасса, әрине бизнес санаттағы үй қымбат болады. Кез келген адам жайлы өмір сүргісі келеді. Ол үйдің санатына байланысты. Егер Алматы мен Астананы салыстырар болсақ, Алматының эконом санатындағы үйдің бағасы Астананың комфорт санаттағы үйімен тең болып қалады, - деп түйіндеді маман. 

Еске сала кетейік, «Алматы жастары» ипотекалық бағдарламасының нәтижесі шыққаны хабарланды. Құжаттарды зерделеу барысында кейбір үміткерлердің жұмыс саласын қате көрсеткені анықталған.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстандықтарға жаңа ипотека ұсынылды: экономистер оның тиімді тұстарын түсіндірді 

Жас отбасыларға қай ипотека тиімді? Сарапшы ең тиімді бағдарламаларды атады