Үй қабырғасы көгеріп, терезелер суланып жатыр - Алматы облысы тұрғындары
Алматы облысындағы Кеңдала ауылының тұрғындары биыл газға қосыла алмады, салдарынан қыста жылусыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Кеңдала ауылындағы орталық жылыту жүйесі 30 жыл бұрын, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін кесілген. Сол уақыттан бері тұрғындар көмір, отын жағумен күнелтіп келеді.
Біз биыл газ қосылады деп бар ақшамызды құбыр жалғауға, жылтықыш орнатуға жұмсадық. Мен соңғы ақшамды құртып, барлығын орнатқан едім. Кейбір тұрғындар осы мақсатқа деп несие алды. Әкімдік бізді биыл жылу қосылады деп сендірді. Ал енді олар орталық жылуға келесі жылы қосылатынын айтып отыр. Үйіміз көгеріп кеткен, терезелер суланып жатыр. Ауа райы суып кетті, денсаулығымыз сыр бере бастаған. Көршімнің жақында жүрегі ауырып, ауруханаға түсті. Енді көмір алайық десек, қымбаттап кеткен, қазір тоннасы 25 мың теңге. Бұл ақшаны қайдан аламыз? Біздің зейнетақымыз 60 мың теңге, оны тамағымызға, коммуналдық төлемақыға жұмсаймыз. Әкімдіктен бізге келтірген шығындары үшін қаржы төлеуін талап етеміз, – дейді Ирма Вагнер есімді тұрғын.
Талғар ауданының әкімдігі жылу мәселесінің келесі жылы шешіліп, тұрғындардың толықтай орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылатынын атап өтті.
Кеңдала ауылдық округіндегі Смықов көшесінде орналасқан № 10, 24, 49, 49а, 53, 59 үйлерге жылу беру үшін газбен жұмыс істейтін автономды блокты-модульді қазандық салу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттары әзірлену сатысында тұр. Тұрғындарының жылыту құралдарын алып тастағаны туралы ақпарат тарады. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін арнайы топ құрдық. Олар тұрғын үйлерді аралап, шын мәнінде пештер алынған ба, жоқ па, анықтайтын болады. Егер жылу көзінен ажыраған үй болса, жергілікті атымтай жомарт азаматтардың көмегімен болсын, қалпына келтіріп береміз, – дейді Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков.
Көп қабатты үйдің тұрғындары балаларының денсаулығына алаңдайтын жеткізді. Олардың айтуынша, ертерек тиісті шара қолданбаса, өкпе ауруына шалдығуы мүмкін.
Бұл жерде көп балалы аналар мен жалғызбасты аналар бар. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың да барын ескерген жөн. Тұрғындар қалтасындағы соңғы тиынына дейін газ орнатуға жұмсады. Енді көмір жағатын болса, қайта бұзып, пешті орнату керек. Мұның өзіне де біраз қаржы кетейін деп тұр. Бұл жұмыстар бітіп, тұрғындар жылуға қосылғанша балалардың жағдайы не болмақ? Қазірдің өзінде жаңбыр жауып, жел болса, үйіміз суып кетеді. Пеш қосайық десек, үйдің барлығын тоқпен жылыту мүмкін емес. Оның үстіне тоқ көп айналғандықтан, электр қуатына да біраз ақшамыз кетіп жатыр. Егер жылу биыл қосылмаса, тұрғындарға ала жаздай ескерту керек еді. Енді, міне, қылышын сүйреп қыс келе жатыр. Бұндай жағдайда қайтпек керек? – дейді көп қабатты үйдің тұрғыны Назипа Үсенбаева.
Аудан әкімдігі орталықтандырылған жылумен қамту мәселесін тек келесі жылы ғана қолға алмақ. Көп пәтерлі үйдің тұрғындарына қысты өз беттерімен еңсеруге тура келеді.