Үй-күйі жоқ, пәтер жалдап жүрген азаматтар мемлекеттің көмегінің ұшын да көрмейді - депутат
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров депутаттық сауалында халықтың әл-ауқаты төмендеп, төлем қабілеті азайып бара жатқандығына қарамастан, Үкімет коммуналдық сфераның тарифтерін өсіргенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Азаматтар төлем қабілетінің төмендігіне байланысты жыл сайын коммуналдық төлемдерге 15 млрд теңге қарыз болып қалады. Үкімет «Тарифке инвестиция айырбастау» принципін іске асырғанда, халықтың қалтасының жұтаңдығы ескерілуі тиіс. Тұрғын үй көмегі квартал сайын төленеді, әр кварталға орташа есеппен 20 мың теңгеден болады. Оның өзін нағыз мұқтаж адамдар ала алмайды. Өйткені бұл өтемді алу үшін өзіңнің меншік үйің немесе мемлекеттен жалға алынған үйің болуы тиіс. Ондаған құжат толтыру керек. Ең бастысы, үй-күйі жоқ, квартира жалдап жүрген, біреудің ауласын жағалап жүрген, ондаған мың нағыз мұқтаж азаматтар мемлекеттің көмегінің жұрнағын да көрмейді, - дейді депутат.
Сайыров олар мүлдем мемлекеттің есебінде жоқ екенін айтады.
Тарифтердің өсуінен қиналатын, өтемақыға ең зәру - осы кісілер. Клебанов тәрізділердің бизнесі жүрмей қалды деп, «сіңір кедейлерді» қанай беру күпіршілік болады. AMANAT фракциясы әлеуметтік әділеттілік принципі мемлекеттің басты миссиясы деп санайды, - деді депутат.
Ерлан Сайыров Үкімет «Тарифке инвестиция айырбастау» реформасы кезінде келесі мәселеге назар аударуы қажет деп санайды. Олар:
- Тарифтердің қымбаттауына байланысты төлемақының сомасын арттыру;
- Бұл төлемақыны нағыз мұқтаж, қалада өзінің баспанасы жоқ, квартира жалдап тұратын азаматтардың алуына нормативтік тетіктер жасау;
- Баспанасы жоқ, квартира жағалап жүрген азаматтарды статистика мәліметтеріне енгізіп, олардың әлеуметтік жағдайына мониторинг жасайтын әдістеме енгізу;
- Бүгінде квартира жалдап, саяжайларда тұрып жатқан азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік гарантия алуының жүйесін жасау;
Олар – біздің азаматтарымыз. Бұл азаматтар бүгін бірде-бір статистика мәліметтерінде тіркелмеген, яғни ол адамдар мемлекеттің есеп санатында мүлдемге жоқ;
- Аталған санат азаматтарға көңіл аудармау ертең терең әлеуметтік, саяси тәуекелге алып келуі ықтимал.