Үкімет үй кезегінде тұрғандардың республикалық базасын іске қосады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел үкіметі 2019 жылдың соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрғандардың республикалық базасын іске қосады. Бұл туралы бүгін ҚР вице-премьері Жеңіс Қасымбек айтты.

«Қазіргі таңда баспана алу үшін әкімдіктерде 512 мыңға жуық адам кезекте тұр. Кезекті бірыңғай есепке алу тапсырмасы аясында жылдың соңына дейін кезекте тұрған адамдардың бірыңғай республикалық базасын қосамыз», - дейді Жеңіс Қасымбек.

Ол сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында тұрғын үй қандай тәртіппен берілетіндігін айтты. 

«Біріншіден көпбалалы отбасыларға ақысыз негізде жалдамалы тұрғын үй берілетін болады. Бұл үшін 2025 жылға дейін 350 млрд теңге бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үкімет үш жылдың ішінде 30 мың пәтер бөлу бойынша шаралар қабылдайтын болады. Екіншіден, жыл сайын 3 700 кезекте тұрған әлеуметтік жағынан осал азаматтарға сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге 32,8 млрд теңге бөлінеді. Үшіншіден, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларға, толық емес және мүгедек балалары бар отбасыларға несие беруге 3 жыл ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 50 млрд теңгеден бөлінетін болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үкімет жыл сайын 10 мың пәтер бөлу бойынша шаралар қабылдайтын болады», - дейді вице-премьер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы