Үй дайын, кілт жоқ. Бір топ наразы тұрғын әкімдікке баса-көктеп кірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтерге қол жеткізген тұрғындар кілттерін ала алмай жүр. Осыған дейін де осы мәселе бойынша шарқ ұрған тұрғындар бүгін әкімдіктің алдында жиналды.

Нұр-Сұлтан қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Амангелді Саттаров 4 қараша тұрғындармен кездесуінде үйдің құжаттары екі апта ішінде дайын болады деп уәде еткен болатын.

Бұл уәде орындалмаған соң, наразы тұрғындар әкімдікке барды.

Айтып отырған тұрғын үй 2017 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша басталған. Үйдің жанына бағдарлама аясында тағы 4 үйдің құрылысы жүргізілген. Құрылыс жұмыстарына 6 мердігер компания тартылған. 143 пәтерлі үй жобада 4-лот деп аталады. Ол бойынша тұрғындардың кіретін пәтерлерінің саны мен шаршы метріне дейін белгілі, үй дайын, бірақ кілт жоқ. Тұрғындар қала әкімі Алтай Көлгіновке хат жолдағандарын да айтты.


 Әзірге оған жауап келмей отыр дейді. 


«Нұрлы жер» бағдарламасының қатысушысы Зүлфия Кеңесқызының айтуынша, жинақтың 50 пайызын жинап бергенін айтты.


Менің отбасым баспанаға алғашқы жарнаны үздіксіз 8 жыл уақыт бойы жинады. Пәтерлер дайын. Бірінші қабаттағы коммерциялық нысандар пайдалануға берілген. Онда әртүрлі секцияға қабылдау жүріп жатыр екен. Олай болса, жылу да берілді, су мен жарық бар деген сөз. 4 қарашада біз Амангелді Саттаровпен кездестік. Ол 2 апта ішінде 4-лот бойынша барлық құжат тұрғын үй қорына тапсырылатынын айтты. Одан кейін ол әділет пен ТҮҚЖБ-ға бағытталады. Бұл кем дегенде бір айдың жұмысы. Себебі желтоқсан айында демалыс күндері де өте көп, - деді ол.

Тұрғынның айтуынша, бағдарлама өте қолайлы, болашақ тұрғындардың 50 пайызы әлеуметтік аз қамтылған санатқа жатады.

Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі және көпбалалы отбасылар да бар. Мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған ата-аналар мен мемлекеттік қызметтегі адамдар да жетеді. Сондықтан біз жаңа жылға дейін баспанамызға кіріп, үйімізде жаңа жылды қарсы алғымыз келеді. Біз пәтерге жайғасқан соң да қалған жұмыстарды жалғастыра беруге болады деп ойлаймын, - деді ол.

Кеңесқызының айтуынша, қазір ол отбасымен бірге күйеуінің әке-шешесінің үйінде тұрып жатыр.

Ол қаладан 60 шақырым жерде орналасқан. Басқа тұрғындар пәтер жалдап тұрып жатыр. Біз пулға қатысуға құжатты қыркүйекте тапсырдық. Онда құрылыстың аяқталуы 30 маусым деп жазылған еді. Пәтерлерді бөлу пандемияға қатысты ұзартылды. Сондықтан ол қыркүйекке дейін созылды. Төлеу қабілеті туралы құжат расталған соң, пәтерлер тұрғындарға бөлінді. Одан кейін, міне, тағы 1,5 ай өтіп отыр, - деді ол.

Пәтерге ие болып, кілтке жете алмай жүрген тұрғындардың ішінде зейнеткерлер де бар.


Мен зейнетақы жинағымды аударып, 3 жыл бойы жинадым. Ал әкімдік кезегінде 6-7 жыл тұрдым. Өзім мұғалім болып істеймін. Тұрғындардың барлығы наразы. Жаңа жылға дейін пәтерімізге кіргіміз келеді. Әділ шешімді күтеміз. Барлық тұрғын төлей алатынын құжат бойынша дәлелдеп отыр, - деді Рыскен Әубәкірова.

Ал тағы бір наразы тұрғынның айтуынша, төлем қабілеті туралы құжатты олар тамыз айында растаған.


Құжат 6 айдан кейін өз күшін жоғалтады. Біз қаңтарға қалсақ, қайта төлеу қабілетін растау керек болады. Пандемия жағдайында ол да біз үшін үлкен проблема. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тағы да «бронь» жасауымыз керек. Ол кем дегенде екі апта уақытты қажет етеді. Біздің лотта 143 тұрғын бар. Ал бізден де басқа қанша бағдарлама мен тұрғын бар екенін білесіздер. Ол өте көп уақытты алады. Сонда біз келер жылдың жазына дейін үйден қағылып отырмыз. Пандемия әсерінен көп адам жалақысынан айырылып отыр. Бұл – үлкен проблема. Қазір біздің қалауымыз – желтоқсанда кілтімізді алу. Қалған барлық міндетті өз мойнымызға аламыз. Тек кілт беріңдер, - дейді Бақыт Әбілханова.

Осылайша, бір топ наразы тұрғын Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне баса-көктеп кірді.


Наразы тұрғынның нөпірінен әкімдікке құрылыс басқармасының орынбасары жетті. Ол жұма күні, яғни 27 қарашада құжат тұрғын үй басқармасына тапсырылатынын айтты.


Бүгінгі таңда Е-10, Е-250 нысаны бойынша құжаттарды заңдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін сол құжаттарды әділетке тіркеуге өткізуді жүзеге асырмақпыз. Мердігерлер құрылысты уақытылы аяқтаған жоқ. Соның есебінен үрдіс созылып кетті. Құжаттар дұрыс болмай, ол процесс ұзаққа созылды. Жұма күні құжатты тұрғын үй басқармасына тапсырамыз. Олар тұрғындарға қашан беретінін біз айта алмаймыз. Құрылыс аяқталса да, жоба бойынша сәйкес келмейтін деректер шықты. Қазір ол аяқталып, құжаттарды заңдастырамыз, - деді құрылыс басқармасының орынбасары Жаңғасқанов Арсен.

Бұл айтылған уәжге тұрғындардың көңілі көншімеді. Олар әкім не әкім орынбасарының шыққанын қалағандарын жеткізді.


Әкімдікте тұрғанымызға екі сағат өтті. Әкімдік қызметкерлері шықты. Біз әкім немесе әкімнің орынбасарымен кездесуді сұрадық. Құрылыс мәселесі бойынша түсіндіріп бергенін қалап едік. Бізге ешкім шықпады. Олар құрылыс басқармасының мамандарын шақырды. Олар осыған дейін айтылған уәделерін тағы қайталап отыр. 4 қарашада да осылай сөз берген еді. Жұма күні тұрғын үй басқармасына тапсыратынын айтты. Құжат қанша уақытта дайын болатыны әлі де белгісіз. Әкімдіктен шығып, нақты ешкім жауап берген жоқ, - деді олар.


Ал тұрғын үй басқармасының өкілі жұма күні құжат келіп түссе, оны заң бойынша тіркеуге 3 күн кетенін айтты.

Бізге жұма күні түске дейін құжат келсе, оны әділетке тіркеуге жібереміз. Заң бойынша тіркеуге 3 күн кетеді. Тұрғындармен келісімшартқа отырған соң, оны әділетке қайта беріп, тіркейміз. Қазір банк қандай іс-әрекет жасайтынын мен нақты айта алмаймын. Біз өз тарапымыздан тұрғындарды қабылдауды біз барынша жылдам жүзеге асыруға тырысамыз, - деді ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
78 жастағы ұры ұсталды
Өзгелердің жаңалығы