Утилизация алымы, көліктің арзандауы, шекті бағадан аспауы. Сарапшылар не дейді?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Утилизация алымын қайта қарауды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында тапсырған болатын. Осыған орай, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі білікті сарапшылардың пікірі тыңдалатын ашық алаңда бірқатар кездесу ұйымдастырды.
Утилизация алымы деген не?
2015 жылдан бастап Қазақстанда көлікті импорттау үшін утилизация алымы алынып келді. Ол АЕК-ке байланысты болғандықтан, жыл сайын өсімі жалғасып келеді. Қозғалтқыштың көлеміне және көлік түріне қарай утилизация көлемі өзгере береді.Бұл төлем түрін төлеуге автокөлік өндірушілер, ресми импорттаушылар және Қазақстанға көлік әкелгісі келетін жеке тұлғалар міндетті.
Бірақ утилизациялық алым пайда болғаннан бергі бес жылдың ішінде автокөлік бағасы екі есеге қымбаттады. Елдегі көліктер паркі ескіре бастады. Жаңа көлік те удай қымбат, ескі көліктің бағасы да аспандап кеткен.
Біз бұл мәселені (қайта өңдеу төлемі) бизнеспен және қоғаммен сындарлы талқылауымыз керек, - деп Мемлекет басшысы Мәжілісте қалдықтарды жинау мәселесін шешуге бизнесті тартуды тапсырған болатын.
Аграрлықтар көліктерге салынатын салықты ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасы мәселелерін де кеңінен талқылауды күтті. Алайда бүгінде мемлекеттік органдардың ресми алаңдарында бұл мәселені сындарлы талқылау жоқ.
Фермерлер кәдеге жарату алымы лоббистерінің – мемлекеттік қолдаудың ірі тұтынушыларының ықпалымен мемлекеттік органдар кәдеге жарату алымы мөлшерлемесін біршама төмендету туралы ғана шешім қабылдай алады деп алаңдайды, бұл салаға қандай да бір елеулі оң әсер етпейді. Ал ауыл шаруашылығы техникасының айтарлықтай қымбаттауы, азық-түлік бағасының өсуі, кәдеге жарату салдарынан ауыл халқының табысының төмендеуі мәселелері шешілмей қалады.
«220 млрд теңге»
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев утилизация алымын қайта қарау үшін оның экономикалық және экологиялық бағыттарын қарастыру керек.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2015 жылға, яғни утилизация алымы енгізілгенге дейін қазақстандық автопаркте тіркелген жеңіл көлік саны 4 млн дананы құрады. Парктің 70 пайызы 10 жылдан артық мінілген көліктер санаты құрады, - деді Брекешев.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен утилизация алымымен айналысқан «ӨКМ операторы» компаниясының қызметі мемлекетке тапсырылды.
Барлық есеп толық мемлекетке тапсырылғаны белгілі. Утилизациядан жинақталған сома да қомақты. Екінші деңгейлі банктердің өзінде 220 млрд теңге жатыр. Оның жартысы ұлттық валюта болса, жартысы шетелдік валютада сақталған. Тапсыру заңды түрде аяқталған соң біз аудит жүргіземіз. Әзірге оны кім жүргізіп, қашан басталатынын айта алмаймын. Бірақ «ӨКМ операторының» қызметі мен қаржылық шығыны бойынша тексеру жүргізіледі, - деді министр.
«Утилизация алымы 100 мың теңгеден аспауы керек»
Утилизация алымы мәселесін қоғамда кеңінен талқылап, пікірталас жүргізіп жүрген азаматтардың бірі – саясаттанушы әрі кәсіпкер Санжар Боқаев.
Халық үшін утилизация алымы мәселесі түсініксіз. Экологиялық кодекстің 386-бабында утилизация алымы не екені жазылған. Бұл алым транспортировка мен утилизация үшін алынады. Барлығына осы алымнан автоөндіріс саласын ілгерілендіру мәселесі түсініксіз. Еліміздегі автоөндіріс саласының жағайы қандай екенін барлығымыз білеміз. Жеңіл көліктің орташа жасы 19,5 жылды құрайды, - деді ол.
Боқаевтың айтуынша, бұл- экология мен халықтың денсаулығы.
Тетіктер мүлдем түсініксіз. Осы жылдары 600 млрд теңге жиналды. Ал тиімділік жоқтың қасы. Егер біз қазір жеңіл автокөлікке арналған утилизация алымын талқылап отырсақ, тетіктер бәрібір қисық болып қалады. Сондықтан алдымен тетіктерді түземей, қанша ақша жинасақ та нәтиже болмайды. Себебі утилизация алымын енгізерде қоғамдық талқылау болмады. Қазір біз Парламенттің қызметін атқарып отырмыз. Оларда бір тыңдалымнан кейін заң қабылданып кетті. Неге олай болғанын ешкім түсінбейді. Егер қазір сіздер асығып отырсаңыздар, біз «қисық» тетіктермен уақытша келісеміз. Алайда бір көлікке 100 мың теңгеге дейін деген ұстанымымда қаламын. Ірі көліктер утилизациялауға жатпайды. Оларға алым алынбауы керек, - деді ол.
«Салықтан шыққан салық»
«Утилизация алымына жол жоқ» қозғалысының қоғамдық белсендісі Нұраддин Садықов Санжар Боқаевтың ұсынысымен келісетінін айтты.
Бұл жерде екі мәселе айтуылуы керек. «ӨКМ операторы» басшылық қызметінде болған Айжан Башееваның «Жасыл дамуға» орынбасар болып баруы үлкен күмән тудырады. Бұл жемқорлықтың иісі шығатынын көрсетеді. «ӨКМ операторына» 49 млрд 100 млн теңге салық төленді. Бұл ЖШС не АҚ болсын жарғылық мақсаты пайда табу көзі болса, утилизация алымын салық ретінде қарастыратын болсақ, салықтың ішінен салық шығарып отырған боламыз, - деді Садықов.
Садықовтың айтуынша, барлық мәселені басынан шешіп алған дұрыс.
Біз бір тетікті дұрыс жасап алмай, кейін оның қатесін түзеуге күш жұмсаймыз. Осы мәселені басынан бастап дұрыс қарастыру керек, - деді ол.
«ӨКМ операторы»
Утилизация алымымен осы жылдары айналысып келген «ӨКМ операторы» төңірегінде түсініксіз жағдайлар басталды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевтың ұсталғанын растады.Олар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Екеуі де Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сондай-ақ «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның құқықтық мәселелер бойынша басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің өліміне қатысты тергеу басталды. Ол суицид жасаған.
Ер адамның мүрдесінің табылу фактісі бойынша «Есіл» аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеудің толықтығын және дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.