Утильалым есебінен қалдықтарды басқаруға 89,4 млрд теңге бөлінді
2025 жылы утильалым қаражаты есебінен қалдықтарды басқару саласындағы 63 жоба мақұлданды. Оларды қаржыландыруға 89,4 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жыл қорытындысына арналған баспасөз брифингі барысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам тұрмыстық қалдық түзіледі. 2024 жылы қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 25,8 пайызды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 28,6 пайызға дейін өскен.
Утильалым қаражаты есебінен жобаларды жеңілдетілген қаржыландыру тетігі аясында қалдықтарды басқару саласында 63 жоба мақұлданды. Оның 22-сі қазірдің өзінде 89,4 млрд теңгеге қаржыландырылды (жалпы қарастырылған сома – 185 млрд теңге). Бұл жобалар қоқыс таситын көліктерді сатып алуды, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеуді қамтиды, – деді министр брифинг барысында.
Оның сөзінше, жоспарланған жобаларды іске асыру 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар министр заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті. Ішкі істер министрлігімен бірлескен рейдтер барысында 3 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған.
Биыл ғарыштық мониторинг нәтижесінде 3 827 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 3 464-і немесе 91 пайызы жойылған. 2018 жылмен салыстырғанда заңсыз қоқыс орындарының саны 45 пайызға қысқарған.