Утильалым бағасы түскен соң импорт көлік бағалары қанша пайызға түсетіні айтылды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Астана моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев Алматыда өткен брифнгте утиль алымдарын төмендету көлік бағасына қалай әсер ететінін айтты.
Оның айтуынша, утильалымдардың төмендеуі сырттан импортталатын көліктердің бағасының азда болса түсуіне ықпал етеді. Ал өзімізде құрастырылатын көліктерге оның қатысы жоқ.
Егер утильалым төмендесе Лексус -3%, Тойота -3.94%, Субару көлігі -3.74%-ға төмендеу керек. Бұл утильалым 50 пайызға түскен күні іске асырылады. Алайда доллар курсын ескергеніміз жөн, теңгенің құлдырауы, логистика бәрі көлік бағасының өсуіне әкеледі. Яғни қазіргі көлік бағасы алдағы уақытта да сақталады деп айта алмаймыз,-деді ол.
Сонымен қатар ол Хундай көлігіне утилдік алым алынбайтынын жеткізді.
Бұған дейін Хундай өндірушілері РОП-тан субсидия алған деген жалған ақпарат тарап жатыр. Айта кетсек біздің Хундай Транс Қазақстан зауытына РОП бұған дейін біз төлеген 29,2 млрд теңгені қайтарып берді. Олар бұны не үшін субсидия деп айтқанын біз білмейміз. Өзіміз шығарып жатқан көліктің бағасы қымбаттамайды, ал импорт көліктердің бағасы доллар курсына байланысты өзгеріп отырады,-деді Несіпбаев.
Сонымен қатар ол көлік алыпсатарларымен күресу қажеттігін айтты.
Көптеген делдалдар салондағы көлікті сатып алып, тапшылық қана орнатып қоймай үстіне баға қосып сатып жатыр. Біз оларға сатпаймыз деп айта алмаймыз. Ол үшін заңды түзету керек. Қазір пәтер алған адам оны бір ай ішінде қайта сатса үстінен көрген табысына салық төлейді. Сол сияқты заңды көлікке де енгізу керек. Бұл делдалдармен күрестің тиімді жолы,-дейді ол.