Ұсыныс пен пікір. Абай күнін дұрыс тойлап жүрміз бе?

Бүгін – Абай күні. 2020 жылы елімізде «Абай күні» бекітіліп, осы уақытқа дейін тойланып келеді. Жалпы, Абай күнін дұрыс тойлап жүрміз бе? Мерекені қалай атап өтуіміз керек? Ұлы ақын насихаттаған құндылықтарды жастардың бойына қалай сіңіреміз? BAQ.KZ тілшісі зерттеушілердің пікірін білді.

Әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек Абай күніне арналған ұсынысын айтты.

Елімізде жылда ұлы Хакім Абайдың туған күні тойланып келе жатыр. Ұлы ойшылдың еңбектерінің арқасында халқымыз рухани өсіп, ұлттық деңгейге дамыды. Сол себепті Абай күніне үлкен құрмет керек деп ойлаймын. Жылда болатын театр қойылымы, түрлі көріністер не болмаса кітап көрмелерін қайта-қайта қоя беруге болмайды. Иә, ол да дұрыс іс-шаралар, дегенмен Абай күнінде ұлттық санамызды сілкіндіретін, рухымызға қозғау беретін іс-шараларды ойластыру керек. Мәселен, жас өскелең ұрпаққа Абайдың өлеңдерін жатқа оқыту, әндер конкурсы және ақындардың арасындағы мүшәйра өткізу секілді форматтағы дүниелерді қолға алу керек, - деді Жәмбек.

Халқымыз өзі-өзіне рухани есеп беретін күн

Абайдың 15 қара сөзінде «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» дейді. Сондықтан бұл тек поэзия мейрайы емес, халқымыздың рухани есеп беретін күні болып саналады. Мысалы, Абай күні мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосады. Міне, бұған да өзекті іс-шараларды қарастыруға болады. Әр өзін қазақпын деп есептейтін ата-ана балаларына Абайдың қарапайым өлеңдерін жаттатып, ғылым мен білімге үгіттейтін өлеңдерін түсіндірсе болады. Бұл баланың қызғушылығын оятып, өмірге көзқарасын өзгеретпек . Ал, жасөспірімдер Абайдың философиясынан «өмірдің мәні мен сыры неде» деген сұраққа жауап іздей алады. Ұлы ақын өмір туралы өлеңдерінде терең жазады, - деді әдебиеттанушы.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай адамзаттың алыбы Абай күнін атап өту әрбір қазақстандық үшін маңызға ие болуы керек дейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, республикак өлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды 500-ден астам іс-шаралар ұйымдастырылады. Бірақ бұл іс-шаралардың барлығы есеп үшін не той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін екенін есте ұстауымыз керек. Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Жиырма бірінші ғасырда да Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту арқылы, біз қоғамдық ой-санада тың серпілістер туғызып, елді бір мақсат-бір мүддеге жұмылдырады. Дөңгелеген дүние дүбірі мен аласапыран ақпарат айдынан бір сәт үзіліс ала, Абай фәлсафасына жұрт назарын аударып, ұлы ойшылдың тұңғиық ойына сусындау арқылы санадағы сан сұрақтарға жауап болар деп ойлаймын. Ғұламаны жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар замана сұранысына орай жасалуы да – заңдылық. Атаулы күні жалпыхалықтық деңгейде үлкен іс шаралардыңболмауы бұл бағыттағы жұмыстың әлі де толыққанды емес екенін көрсетеді. Шыны керек, елімізде Абайды өскелең ұрпаққа танытып, бойына сіңіру жұмыстары жеткіліксіз деңгейде жүріп жатыр. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының бәрі демалыста, дегенмен Абай күнін әсіресе жасөспірімдер санасында қалатындай, ауқымды шаралар болуға тиіс. Мәселен, ағылшындар ұлы ақыны Уильям Шекспирді қалай дәріптейді, бізде дәл солай Абайды танытуымыз керек. Атаулы күнге арнап бүкілхалықтық фестивальдер ұйымдастырылып, нақты жобалар бекітілген жөн. Абайдың тілі қазақтың тілі. Біз ұлы ойшылымызды көтеру арқылы қазақ тілі мен еліміздің рухын арттыра түсеміз. Абай күнін Қазақстанның ішінде ғана атап өтіп қоймай, халықаралық деңгейде жүйелі насихаттау керек. Ол үшін әлі де бірқатар ауқымды заманауи технолргияларды пайдалана отырып, тың жобаларды  да қолға алған  жөн деп ойлаймын, - деді Сенат депутаты.

«Абай-Шәкәрім»»мемориалдық кешені қаңырап тұр

Өткен жылы Абай облысы, Абай ауданында болып қайттым. Онда «Абай-Шәкәрім»»мемориалдық кешеніне жолым түсті. Кешен үлкен, әдемі, танымдық тұрғыда салынған, алайда, тіпті жаз айларында онда  адам қарасы аз. Мұражайдан басқа, кітапхана мен конференция залында қарақұлып тұр. Асхана, дәретхана мәселесі де шешілмеген.  Мыңдаған шақырымнан жеткен біртоп ақтөбелік оқушыларды көріп қуандым. Алайда, оларға жарты сағаттық экскурсияны ғана көрсетіп қайтару аздық етер. Яғни қаншама қаражатқа салынған үлкен кешеннің өскелең ұрпақтың игілігіне толыққанды жұмыс істеуіне жан-жақты мүмкіндіктер қарастыруға болады. Шағын театр, кинозал жұмыс істеп, Абай туралы кино, деректі фильмдер көрсетілсе, жаз бойы киіз үй тігіліп, Абай тану балалар лагерьлері ұйымдастырылса, балалар арасында ұлттық ойындар жарысы жаз бойы сол жерде өткізіліп жатса, бие сауылып, жұрт саумал ішіп, ұлттық дәстүр жаңғыртылыпжатса, меніңше, бүкіл ел 10 тамызда «Абай-Шәкәрім»»мемориалдық кешеніне ағылатын еді. Қазақстандық жоғары оқу орындары шетелдік әріптестерімен ынтымақтастық орналып, қазір жоғары білім саласында халықаралық байланыс жақсы дамып жатыр. Бірақ сол әлемдік оқу орындарында қанша еңбек Абайды зерттеуге арналған? Міне, мұндай ақпараттарды көп естімейміз, бәлкім, олар жоқтың-қасы, - деді Бибігүл Жексенбай.

Абайды Шекспирді оқытқандай оқытуымыз керек

Мектепте бірінші сыныптан бастап, Ұлы ойшылдың сан-қырлы бағытын танытып, мектеп бағдарламасына енгізген жөн. «Абайтану» пәні  алғашқы сыныптан енгізілсе де артық болмайды. Мәселен, Шекспирдің фестивалінде спорттан бастап, тамақ әзірлеуге дейін өтетін іс-шараларды ағылшын ақынымен байланыстырып қойған. Дәл солай бізде Абайдың ілімін әр бағытқа бейімдеп, әр қырын ашу бағытында жұмыс істеуіміз керек. Астана өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде Рим Папасы Франциск Абайдың халықтың жан дүниесіндегі ең маңызды құндылықтарға мән бергенін айтты. Осы сөзден кейін мерейіміз бір көтеріліп, ұлы ойшылдың адамзат дамуына қосар үлесі әлі мол екеніне көз жеткізе аламыз. Абай Құнанбайұлының ойлары мен еңбектерін халықаралық дәрежеде дәріптеу біздің парызымыз деп ойлаймын. Сондықтан халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастыратын кез келді деп білемін, - дейді сенатор.

Ал, абайтанушы ғалым Асан Омаров ұл ағартушының күнін атап өтуде жасанды дүниеге көп жол берілетінін айтады. Омаровтың сөзінше, ұлы ойшылды дәріптеу қарапайым тәрбиеден басталуы керек.

Елімізде Абай күнін тойлау ресми датаға айналды. Бірақ атаулы күнде жасандылық пен саясат көп. Абай мұндай дүниелердің ешқайсысына көнбейді. Абай шыншыл тұлға. Ойшылдың қоғамда шындығы мойындалып, құрметтелмесе оны атап өту көзбояушылық болады, - деді абайтанушы.

Омаров Абай күнін атап өтудің жолы көп екенін атап өтті.

Көрме мен конференция өткізу кеңес кезінен қалған стандарт деп есептеймін. Абай күнін мазмұнды тойлау үшін сол күні ақынның еңбектерін жариялап, әр еңбегіне түсініктемелер берілуге тиіс. Жалпы, ұлы ақынымызды білемін деген азаматтар оның еңбегіне мұқтаж болуы керек. Тіпті терең зерттеген азаматтарымызды қызметте де көтерген жөн санаймын. Көп салаларды Абайдың еңбегімен байланыстырып, арнайы гранттар беру қажет. Неге десеңіз, Абайды білген адам - адал еңбектің адамы. Абайды таныған ардың не екенін жақсы біледі. Себебі, Абай мен Шәкәрімнің құндылығын бойына сіңірмеген талай азаматтарды көріп жүрміз. Мысалы Шетелде білім алып келеді бірақ қоғамға пайдасы тимейді. Қоғамда не орыс емес, не қазақ емес нешетүрі жүр, - деді ғалым.

Сонымен қатар Асан Омаров Абайдың халыққа нені жеткізгісі келгенін айтты.

Ең бірінші адам болу үшін "Алланы таны, кейін өзіңді таны" дейді ойшыл. Қарап отырсақ, бұл ұғым жасты да талғамайды. Мәселен, бес жасар балаға мейірімді болуды, ешкімге қиянат жасамауды бойына сіңіру қажет. Абайды түсіну осындай қарапайыс түсініктен басталады. Адамға адам болу үшін мейірім мен әділет керек. Шәкәрім Құдайбердіұлы жанның екі өмірдегі азығы ынсап, әділет, мейірім екенін айтқан. Сол себепті әділдік біржағынан Құдайдың да заңы. Кім әділетте өмір сүреді сол адамның өмірі дұрыс болады. Яғни ұлы ойшылымыздың философиясы Құдайды байланыстырып, балаға тәрбие беруден басталады, - деді абайтанушы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы