Кеше 2026, 20:31 Фото: gov.kz

«Үстірт» шекара бекетіндегі сарбаз өлімі: Бөлімше бастығы екі жылға сотталды

Қайғылы оқиға 2025 жылдың қазан айында болған.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара бекетінде мерзімді әскери қызметтегі сарбаздың қаза табуына қатысты іс бойынша үкім шығарды. Шекара бөлімшесінің бастығы салғырттық танытқаны үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, командирге дизель агрегатынан май ағып тұрғаны және радиатордың бітеліп қалуы мүмкін екені туралы хабарланған. Соған қарамастан, кешкі уақыт болғанына қарамай, ол екі мерзімді әскери қызметшіге жабдықты тазалауды ауызша тапсырған.

Сарбаздардың бірі – қатардағы Еркебұлан Сағындық жанар-жағармай материалдары қоймасына канистрлермен барған. Ол цистернаның үстіне шығып, қақпағын ашып, 20 литрлік ыдысқа бензин құя бастаған. Жұмыс кезінде әскери қызметші жанармай буына уланып, есінен танып қалған.

Тергеу мәліметінше, ол шамамен 20 минут бойы ес-түссіз жатқан. Оны әріптестері байқап, алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, сарбазды аман алып қалу мүмкін болмаған. Ол есін жимастан мұнай өнімдерінің буынан уланып көз жұмған.

Тергеу шекара бекетінің бастығы жабдықтың ақауы барын және мұндай жұмысты қараңғы уақытта жарықсыз жүргізуге тыйым салынғанын білгенін анықтады. Бұдан бөлек, қоймада арнайы жанармай құю жабдығы болмаған, ал қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама жүргізілмеген.

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, болған жағдай үшін жауапкершілікті түсінетінін мәлімдеген.

Сот 26 жастағы шекара бөлімшесінің бастығын кінәлі деп танып, жазаны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеумен екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ сот оны қаза тапқан әскери қызметшінің анасына моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.