Үстел теннисінен ерлер командасы Азия чемпионатының ширек финалына шықты
Үстел теннисінен Қазақстанның ерлер командасы қатарынан үшінші рет Азия чемпионатының ширек финалына шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ үстел теннисі федерациясына сілтеме жасап.
Астанада үстел теннисінен Азия чемпионаты жалғасуда. Қазақстан ерлер командалық жарыстарында финалдың 1/4 кезеңіне жетті.
Топтың ішінде қазақстандық құрама екі жеңістен бастады. Алғашқы матчта Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев пеү Айдос Кенжіғұлов 3:2 есебімен КХДР командасынан артық түсті, айта кеткен жөн КХДР құрамында Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Ри Чон Сик ойнады.
Екінші ойында Ұлттық құрама жігітері Пәкістанды сенімді ұтты. Бұл кездесу 3:0 есебімен аяқталды.
Азияның ең мықты сегіз командасының қатарына кіру үшін Қазақстанның ерлер құрамасы Сауд Арабиясымен кездесті. Бұл ойынды біздің спортшылар 3:0 есебімен жеңіп алды.
Азия чемпионатының жартылай финалына шығу үшін алаң иелері Үндістанға қарсы ойнады. Кирилл Герасименко бірінші ойында 0-3 есебімен Манав Таккардан жеңілді.
Алан Құрманғалиев Хармит Десаймен кездесуде 3-0 есебімен жеңіске жетіп, есепті теңестірді. Алайда Айдос Кенжіғұлов Шарат Камалаға қарсы матчта 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Осыдан кейін Герасименко шиеленісті шайқаста Хармит Десайдан (2:3) жеңіліп, қарсыластарына Азия чемпионатының жартылай финалына өтуге мүмкіндік берді.
Айта кету керек, Қазақстан қатарынан үшінші рет Азия чемпионатының ширек финалдық кезеңіне жетті.