Кеше 2026, 22:53 Фото: ҰОК

Үстел теннисі: Қазақстан құрамасы алғаш рет 1/8 финалға өтті

Енді ұлттық құрама ширек финалға шығу үшін Жапония мен Бельгия құрамалары арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.

Қазақстан ерлер құрамасы үстел теннисінен тарихи жетістікке қол жеткізді. Ұлттық команда Лондон қаласында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында алғаш рет 1/8 финалға жолдама алды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1/16 финалдық кездесуде қазақстандықтар Испания құрамасымен шеберлік байқасты. Алғашқы ойында Алан Құрманғалиев қарсыласы Альваро Роблесті 3:1 есебімен жеңіп, командасын алға шығарды.

Келесі матчта Кирилл Герасименко Хуан Пересті дәл осындай есеппен ұтып, Қазақстан құрамасының басымдығын еселей түсті.

Үшінші кездесуде испаниялық Даниэль Берзоса Айдос Кенжіғұловты 3:1 есебімен жеңіп, есеп айырмасын қысқартты.

Алайда шешуші ойында Кирилл Герасименко тағы да шеберлігін дәлелдеп, Альваро Роблесті 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Қорытынды есеп – 3:1. Осылайша Қазақстан құрамасы келесі кезеңге өтті.

Енді ұлттық құрама ширек финалға шығу үшін Жапония мен Бельгия құрамалары арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.

Айта кетейік, бұл – Қазақстан ерлер құрамасының үстел теннисінен әлем чемпионатындағы алғашқы осындай жоғары нәтижесі.

Ал әйелдер құрамасы жарысты ерте аяқтады. 1/16 финалда қазақстандық спортшылар Швеция құрамасына 1:3 есебімен жол берді.