Реформаларда ұстаздардың нақты қажеттіліктері есепке алынбай қалады – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік сарайында білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтіп жатыр. Конференцияның пленарлық отырысына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде білім сапасы мәселесін көтерді. 

«Бірінші мәселе, білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл алдымен мұғалімдердің біліктілігі мен оқулықтардың сапасы, заман табалына сай инфрақұрылым және материалдық қорға байланысты мәселелер. Аталған бағыттар бойынша тиімді жұмыс істеу қажет. Яғни, туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап,оларды шешудің оңтайлы  жолдарын ұсыну керек. Білім беру жүйесінің сапасына теріс ықпал ететін тағы бір кедергі – ұсынылатын реформаларда педагогтардың нақты қажеттіліктерінің есепке алынбайтыны. Бүгінде мұғалімдерді кәсіби тұрғыда дамыту Білім және ғылым министрлігінің салалық ғылымдары өткізетін курстармен шектеледі. Бұндай шаралардың қажет екені түсінікті. Дегенмен аталған курстарда да мұғалімдер қауымын толғандыратын өзекті мәселелер назарға алынбай қалады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін президент ұстаздардың жалақысын екі есе өсіруді және ауыл мектептеріне үздік менеджерлер мен ұстаздарды тартуды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Тоқаев үздік ұстаздарды марапаттаған еді.

Атап өтсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан дәстүрлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз қатысуда. Олардың қатарында мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар.

Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыға салынып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылуда. 

Еске салсақ, Тамыз конференциясы жыл сайын дәстүрлі түрде жаңа оқу жылының қарсаңында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы