28 Қазан 2026, 14:13 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

«Ұстаз сабақ бере ме, әлде ата-анадан сөз ести ме?»: Аймағамбетов мұғалімдердің жанайқайын жеткізді

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының мұғалімдерді қолдауға қатысты тапсырмасына пікір білдірді. Бұл туралы ол кулуарда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Мемлекет басшысы ұстаздардың құқығын қорғауға қатысты тапсырма берді. Мен Үкіметте жұмыс істеген кезде де Президенттің қабылдауына барғанда ең алдымен ұстаздарды қорғау және қолдауға қатысты сұрақ қоятын. 7 жылдың ішінде білім саласында ұстаздарға қатысты үлкен, оң өзгерістер қабылданды, - деді депутат.

Аймағамбетов Тоқаев бүгін Жолдауда да осы мәселені қайта көтергенін атап өтті.

Қазір қағазбастылық проблемасы көбейді. Бұрын біз тек қағазбастылық деп айтсақ, енді оған қосымша түрлі ақпараттық жүйелер енгізіліп жатыр.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін өзара интеграциялау арқылы деректерді жинаудың орнына, әлеуметтік педагогтерге, сынып жетекшілерге, мұғалімдерге тапсырма беріп, ата-аналарды шақыртып, жеке деректерін жинап жатыр. Ұстаздар сабақ бере ме, әлде ата-аналардан жеке деректерін аламын деп сөз ести ме? – деп айтты Асхат Аймағамбетов журналистерге берген сұқбатында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін халыққа Жолдауында осы мәселені көтерді. Аймағамбетов Құрылтай депутаттарының бастамасымен дайындалған заң жобасында осы сұрақтар қамтылатынын атап өтті.

Мұғалімдерге дөрекі сөйлеу, олардың қадір-қасиетіне қатысты мәселелер жайлы да Мемлекет басшысы пікірін айтты. Мұның барлығы – мұғалімге деген қамқорлық. Мұғалімге қамқорлық көрсету – тек ұстаздың өзін қолдау емес, балаларымыздың, болашағымыздың қамын ойлау. Сол себепті Президенттің берген тапсырмалары бойынша біз арнайы заң жобасын дайындап, қарастырамыз, - деді депутат.

Аймағамбетов «Reels проблемасын» да көтерді. Сонымен қатар қажет емес түнгі хабарламалар жайлы айтты.

Түнгі сағат екі шамасында «Неге менің балама баға қойған жоқсың, неге оның бағасы 3, неге 4?» деген сияқты қажет емес хабарламалар ата-аналар чатына жіберіледі. «WhatsApp чаттар», «Reels-терді кеше әлеуметтік желіге жариялау керек еді» деген де проблемалар бар. Осының барлығын шешу – өте маңызды бастама. Мұғалімдердің жұмысын жеңілдету, қолдау, қорғау маңызды деп ойлаймын, - деп жауап берді Құрылтай депутаты кулуарда.

Еске сала кетейік, Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, артық жүктемесін азайтуға бағытталуы керек екенін айтты. Сондай-ақ мектептерде ұстаздарға дөрекі сөйлеу және күш қолдану жағдайларына жол бермеу қажеттігін атап өткен болатын.