Ұстаз еңбегі оқушының білімімен өлшенеді - Айша Капсеметова

Алғашқы қазақ балет мектебі А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі әлемдік балет мектептерінің арасында жетекші орынға ие. Шығармашылығы күн сайын қазандай қайнап жататын училищенің атағы шартарапқа  жайыл­ған. Бүгінде талантты да талапты шәкірттерді даярлап келе жатқан ұстаз Айша Капсеметовамен Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі тілдескен еді.

- Орталық Азиядағы ең үздік классикалық би ұстаханасы болып саналатын Алматы хореографиялық училищесінде талантты ұстаздар мен шәкірттердің қатары күн санап артып келеді. Білім беру саласына қалай келдіңіз? Оның ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз.

- Бұл сала мені жас кезімнен қызықтыратын. Алматы хореография училищесінде оқыған кезде "Мұғалім деген қандай болу керек?" деген сұрақ туындайтын. Болашақта ұстаз болсам қандай болар едім,  балаларға қалай көңіл бөлер едім деген ой келетін. Осы сұрақтарға жауап іздей келе,  білім беру саласына қызығушылығым оянды. 

Оқу орнын бітіргеннен кейін 2017 жылы «Астана опера» театрына жұмысқа тұрдым. Сонымен қатар,  Қазақ ұлттық хореография академиясына құжаттарымды өткізіп,  оқуға түстім.  Сол кезде мен мұғалім болуды қалайтынымды,  бұл саланың қызық әрі қиындыққа толы екенін түсіндім.

- Еңбек жолыңызды қашан, қай жерде бастадыңыз?

- А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі құ­рылған күннен бастап ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, би май­талмандарының бірнеше буынын тәрбиелеп, республика­лық, халықаралық деңгейдегі балет шеберлерін даярлаумен айналысып келеді. Өнер мен білім саласына бет бұруым осы училищеден басталды. 

Мектеп бітіргеннен кейін 2009 жылы осы оқу ордасына оқуға түсіп, 2017 жылы бітірдім. Бағана айтқанымдай, балет әртісі болып 5 жыл жұмыс істедім. Ал 2023 жылдан бастап А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде классикалық би және халықтық тұрмыстық биден сабақ беремін.

- Шәкірттеріңіз жайлы айта кетсеңіз. Оларға қалай білім бересіз?

- Мен  әр шәкіртімді өте жақсы көремін және әрқайсысына уайымдап, қолдап отырмын. Олардың жарқын болашағы үшін қолымнан келгенше көмек көрсетемін. Өз тәжірибеммен бөлісіп, шәкірттерімнің өнер саласында немесе ұстаздық бағытта өз жолын тапқанын қалаймын. 

Негізі Алматы хореографиялық училищесіне оқуға түсетін жандар өте қиын әрі күрделі таңдаудан өтеді. Ең бастысы, баланың денсаулығы жақсы болуы керек. Себебі училищеде 8  жыл оқыған кезде физикалық күш көп болады. Сол себептен біздің шәкірттеріміз өз денсаулығына аса ынтамен қарап, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайды. 

Негізінде өнерге бала кезінен еңбек етіп, бет бұру өте қиын. Себебі басқа балалар секілді көп уақыты болмады, қыдырып, көңіл көтере алмайды. Училищеге таңғы 8-де келіп, кешкі 8-де қайтады. Осы уақытта оларда сабақ пен репитиция болады. Сондықтан менің оқушыларым өте көп, әрқайсысының орны мен үшін ерекше.

- Мамандығыңыздың қандай қиыншылығы бар? Ал қызық тұсы қандай?

- Әрбір мамандықтың өзіне тән қиын да қызықты тұстары көп. Мұғалім болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біз білім алып жатқан әрбір бала үшін жауаптымыз. Оларға психологиялық тұрғыдан көмек көрсетеміз. Өзімде осы білім ордасында білім алғандықтан, олардың жан дүниесін, қиналысын түсінемін. Қиын сәттерде қолдау білдіріп, жанынан табылуға тырысамын. 

Әрбір баланың қабілетін арттырып, жетілдіреміз. Оқушымыз қиындықтарды еңсеріп, жетістікке жеткен сәтте мұғалім шабыттанып, өз саласынан мотивация алады.  Балаларымыз түрлі жарыстарда топ жарып, өнерін өмірде де жоғалтпай алып жүргені ұстаз үшін үлкен жетістік. Ұстаз еңбегі оқушы білімімен өлшенеді деп айтар едім.

- Сіздің мамандығыңыздың қоғам үшін маңызы қандай?

- Менің ойымша, ұстаз мамандығы қоғам үшін өте маңызды. Тәрбие отбасыдан басталады дейміз. Ал қоғамдағы тәрбиені мектеп қабырғасы қалыптастырады. Сол себептен білім ордасында балаға білім беріп, болашағына жол сілтейтін мұғалім болмақ. Сондықтан әр мұғалім өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, ал әр адам ұстазды қадірлеп, қастерлесе деймін. 

Ұстазға да білім берген ұстаз болмаса, ешнәрсені білмеуші едік. Өз басым осы училищеде білім берген мұғалімдерімді құрметтеймін. Олардың маған үйреткенін болашақ ұрпаққа жеткізу керек деп санаймын.

- Бір жұмыс күніңіз қалай өтеді?

- Менің жұмыс күнім таңғы сағат 8:00 де басталып, кешкі сағат 20:00 аяқталады. Алдымен 1-курс студенттерімен, содан кейін 8-курспен классикалық би пәнін өткіземін. 

Түстен кейін халық-тұрмыстық атты пәнде оқушылармен XVIII-XIX ғасырлардағы тұрмыстық билерді өтеміз. Олардың тарихын, ерекшеліктерін айта кетіп, билерді жаттап, танысамыз. Кешкі сағат 17:00-lен 20:00 дейін репетициялар болады. Ол репетицияларда концерттерге, спектакльдерге дайындық жүреді.

-Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы