"Ұстап алып, бұрышқа қарай сүйреген": Шымкентте қыз балаға шабуыл жасаған жасөспірім ұсталды
Әлеуметтік желілерде көшеде кетіп бара жатқан кішкентай қызды жасөспірімнің кенет көтеріп алып, бұрышқа қарай алып кеткен сәті түсірілген видео тарады. Шымкент қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қарсы әрекет жасауға оқталу жайты бойынша полициямен қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады Шымкент қаласының ПД баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, оқиға 1 ақпанда болған.
1 ақпанда жасөспірімнің кәмелетке толмаған қызды ұстап алып, құқыққа қарсы әрекет жасамақ болғаны туралы арыз түсті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жасөспірімнің ата-анасы полицияға жеткізілді. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, - деп нақтылады ведомство өкілдері.
Кәмелетке толмаған қызбен психологтың қатысуымен әңгіме-сұхбат жүргізілген. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.