Ұшуға санаулы минут қалғанда: Германияда ұшақтың тұмсығы жерге құлап түсті
Лос-Анджелеске ұшуы тиіс лайнердің шассиі кенеттен сынып кеткен. Оқиға салдарынан бірнеше адам жарақат алды.
Германияның Франкфурт әуежайында тұрақта тұрған Lufthansa әуе компаниясының жолаушылар ұшағында оқыс оқиға болып, бірнеше қызметкер жарақат алды. Бұл туралы DPA-International агенттігі хабарлады.
Әуе компаниясының мәліметінше, оқиға 5 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:45 шамасында болған. Ұшақ ұшуға дайындалып тұрған кезде оның алдыңғы шассиі күтпеген жерден жиналып кетіп, әуе кемесінің тұмсық бөлігі жерге құлаған.
Оқиғаға Лос-Анджелес бағытына ұшуы тиіс Boeing 787-9 Dreamliner ұшағы ұшыраған. Сол сәтте бортта экипаж мүшелері мен жерүсті қызметкерлері болғанымен, жолаушылар әлі отырғызылмаған.
Lufthansa бірнеше қызметкердің жарақат алып, медициналық көмекке жүгінгенін растады. Зардап шеккендердің нақты саны әзірге жарияланған жоқ.
Әуе тасымалдаушысы оқиғаның себептері әзірге белгісіз екенін мәлімдеді. Қазір мән-жайы тиісті органдармен бірлесіп тексеріліп жатыр.
Әлеуметтік желілер мен рейстерді бақылау қызметтері жариялаған видеоларда ұшақтың алдыңғы шассиі сынып, фюзеляждың жерге құлағаны көрінеді. Оқиға кезінде ұшақ маңында болған әуежай қызметкерлері қауіптен дер кезінде алыстап үлгерген.
Оқиғадан кейін ұшақ әуежайдағы отырғызу қақпасының жанында жерге тіреліп қалған күйде түсірілген. Тергеу нәтижелері кейінірек жарияланады.